Астана мен Алматы Халықаралық әйелдер күнін қалай қарсы алады

cover Фото: Orda.kz

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Астанада мен Алматыда мәдени, спорттық, әлеуметтік және қайырымдылық бағытындағы ондаған іс-шара өткізу жоспарланған, деп хабарлайды Orda.kz.      

Мерекелік бағдарламалар театрлар мен концерт залдарында, музейлер мен кітапханаларда, спорт кешендерінде, білім беру ұйымдарында және қаланың қоғамдық кеңістіктерінде өтеді.

Астана қаласы

5 наурыз күні Байқоңыр ауданында «Айнадағы ару» атты интерактивті инсталляциялық шара ұйымдастырылады. Ауданның адам көп жиналатын орындарына орнатылған безендірілген айналар арқылы әйелдердің сұлулығы мен мерекелік көңіл күй айшықталады.

Сол күні Қошқарбаев көшесі, 29/1 мекенжайында орналасқан Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Келін ененің топырағынан» атты байқау өтеді. Сонымен қатар №10 мектеп-гимназиясында Байқоңыр ауданының мемлекеттік мекемелерінде жұмыс істейтін әйелдер арасында волейболдан турнир ұйымдастырылады. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында ұлттық сән үлгілерінің дефилесі – «Moda FEST» өтеді.

6 наурыз күні елордада сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін түрлі концерттер, әдеби-мәдени кештер, шеберлік сабақтары, спорттық жарыстар және онлайн жобалар ұйымдастырылады.

Алматы ауданының мемлекеттік мекемелерінде жұмыс істейтін әйелдер арасында волейбол турнирі Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің спорт кешенінде өтеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Ана бейнесі» атты республикалық онлайн сурет байқауы (Балалар көркемсурет мектебі) ұйымдастырылады.

Мереке аясында Сарайшық ауданының зейнеткерлері арасында тоғызқұмалақтан турнир Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өтеді.

Байқоңыр ауданында аналарға арналған «Шынайы алғыс – жүректен шыққан сый» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Sintez ізденіс-эксперименталдық театрының сахнасында «Арулар асыл жандар» атты поэзиялық кеш өтеді.

Сағат 15:00-де Өнер музейінде «Анаға тағзым – аруға құрмет» концерті ұйымдастырылады. Сағат 19:00-де «Наз» мемлекеттік би театрының сахнасында «Аяулы ана» концерті өтеді. Сол уақытта Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында «О чем поют мужчины» атты концерт ұйымдастырылады. «Сағыныш қоңырауы» атты шара Мемлекеттік архив ғимаратында өтеді.

7 наурыз күні Астанада әйелдерге арналған бірқатар мерекелік іс-шара жоспарланған. Бұл күні қала аумағында елорда тұрғындарына гүл тарату акциясы өтеді. №108 орта мектепте (Е 117 көшесі, 40а) Есіл ауданының жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдері (әйелдер) арасында волейбол турнирі ұйымдастырылады.

Нұра ауданы мектептерінің мұғалімдері арасында ұлттық ойындардан (тоғызқұмалақ, бес асық, армрестлинг, ләңгі тебу) жарыстар өткізіледі. Сағат 19:00-де «Жастар» театрының сахнасында «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты театрландырылған концерттік бағдарлама ұсынылады. Сағат 18:00-де Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры сахнасында «Келіндер көтерілісі» спектаклі қойылады.

7 наурыз күні әлеуметтік желілерде «Жанымда жүр жақсы адам…» атты виртуалды көрме жарияланады. Сол күні әлеуметтік желілерде «От мужчин. С уважением» челленджіде басталады.

7-8 наурыз күндері Сарайшық ауданы аумағында тұрғындарға қызғалдақ тарату акциясы ұйымдастырылады.

8 наурыз күні Сарайшық ауданында аудан әкімінің қатысуымен Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара өтеді. Сондай-ақ бұл күні мектеп хор ұжымдарының «Анаға арнау» атты онлайн мерекелік челленджі ұйымдастырылады.

Ал 10 наурызда Сарыарқа ауданы тұрғындары арасында «Үміт» дағдарыс орталығында «Көңілді старттар» спорттық жарысы өткізіледі.
 

Алматы қаласы

Алматыда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қаланың барлық аудандарында мерекелік концерттер өтеді. Қала әкімдігі тегін іс-шараларға қай жерлерде қатысуға болатынын хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, Алматы аудандарында мерекелік концерттер, тақырыптық кездесулер және құттықтау шаралары ұйымдастырылады. Аудандар бойынша кесте төмендегідей:

Алмалы ауданы. 5 наурыз, 15:00 – «Көктем құшағында» концерті;
Мекенжайы: Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Гоголь көшесі, 114; Қонақтарды қарсы алу және фотозона – 14:30-дан бастап.

Әуезов ауданы. 5 наурыз, 15:00 – «Көктем шуағы» концерті; Нархоз университеті, Жандосов көшесі, 55.
6 наурыз, 14:00 – «Асыл әже» ретро-концерті (Ардагерлер кеңесі, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы);
«Сарыарқа» сквері, 4-шағынаудан, Ескерткіштер аллеясы.


Түрксіб ауданы. 5 наурыз, 11:00 – «Көктем құшағында» концерті; №6 Оқушылар үйі.

Медеу ауданы. 6 наурыз, 11:00 – «Әйелмен әлем әдемі» концерті және «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері көпбалалы аналарды марапаттау; Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы, Қалдаяқов көшесі, 35.

Бостандық ауданы. 5 наурыз, 11:00 – мерекелік бағдарлама; «Конкордия» театры.

Алатау ауданы. 5 наурыз, 15:00 – мерекелік іс-шара; Инновациялық шығармашылық орталығы, Нұркент шағынауданы, 14а.

Наурызбай ауданы. 5 наурыз, 11:30 – «Бәрінен де сен сұлу» концерті; Инновациялық технологиялар орталығы, Шұғыла шағынауданы.

Жетісу ауданы. 7 наурыз, 12:00 – «Арулар – асыл жандар» концерті; Мәдениет үйі.

Бұған дейін елорда әкімдігі Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу аясында 7–8 наурыз күндері қалада азық-түлік жәрмеңкесі өтетінін хабарлаған. Жәрмеңкеде Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген фермерлердің өнімдері ұсынылады.

Мереке құтты болсын, арулар!

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар