Әртіс Айнұр Ілиясованың мәлімдемесінен кейін Сызғанов орталығындағы дәрігер жұмыстан кетті

cover Фото: Instagram/ Ainur_ilyasova

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматыдағы Сызғанов орталығында дәрігер мен қазақстандық актриса, тележүргізуші Айнұр Ілиясова арасындағы жанжалға түсініктеме берді, деп хабарлайды Orda.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Айнұр Ілиясова Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының анестезиологы анасының отасынан кейін одан ақша талап еткенін айтты. Актрисаның айтуынша, орталыққа шұғыл байланыс үшін қалдырған телефон нөмірін дәрігер жеке қажеттілігіне пайдаланып, ақша аударуды сұрап хабарламалар жаза бастаған. Сонымен қатар, отадан шыққан анасына да қызы туралы шағым айтқан. 

Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы осы оқиғаға қатысты пікір білдірді. 

«Қазіргі уақытта көрсетілген шағым бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Нәтижелері заңда белгіленген мерзімде өтініш иесіне ұсынылады»,  деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметі. 

Ал министр Ақмарал Әлназарова ішкі қызметтік тергеу жүргізілгенін растады.

«Тергеу нәтижесінде комплаенс-офицер анестезиолог-дәрігердің әрекетінен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықты байқамады. Этикалық комиссия оның әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық белгілерінің барын анықтап, этикалық нормаларды сақтамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс деген қорытындыға келді», — деді министр.

Сонымен қатар, Әлназарова анестезиолог-дәрігер өзі жұмыстан шығу туралы өтініш бергенін және ол 2025 жылдың 22 тамызында жұмыстан кеткенін айтты.

Айта кетейік, кеше, 4 қыркүйекте Қазақстандық Qarakesek атты рэпер есірткіге мас күйі ұсталды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар