Аңызға айналған «Қызыл-Таң» сүріле ме? Алматы тұрғындары тарихи ғимараттың тағдырына алаңдап отыр

cover Фото: 2gis.kz

Әлеуметтік желілерде алматылықтар 110 жылдан астам тарихы бар аңызға айналған «Қызыл-Таң» сауда үйі бұзылуы мүмкін деген хабарды естіп алаңдап отыр. Біреулер үшін бұл – көңіл құлазытар жаңалық. Себебі кәсіпкерлер мен сатып алушылар үйреншікті орнынан айырылып, қала тағы бір тарихи келбетін жоғалтады. Ал енді біреулер үшін бұл – көптен күткен өзгеріс. Билік өкілдері мұраны жаңғыртып, оны мәдени кеңістікке айналдырамыз деп сендіріп отыр.

Orda.kz тілшісі істің мән-жайын анықтады.

Қазір «Қызыл-Таң» – мата мен тігінге қажетті заттар сатылатын сауда үйі. Ол Көк базардың маңында орналасқан, аумағы – 1450 шаршы метр.

Алғаш дабыл қаққандар – жалға алушылар. Мата бутиктерінің бірі Instagram парақшасында былай деп жазды:

«2025 жылдың 23 қыркүйегінен бастап «Қызыл-Таң» сауда үйі толықтай және, мүмкін, мәңгілікке мата үйі ретінде жұмысын тоқтатады. Соған сәйкес, біздің сауда нүктеміз де жабылады». 
«Қызыл-Таң» сауда үйінің іші мен сырты. @tkanilux.kz

Дегенмен дүкендер желісі өзге филиалдарының жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Осыдан кейін қала тұрғындары: «Ескі ғимаратты сүрмек пе?» деген сауалды жиі қоя бастады.

«Алматыда бүгін «Қызыл-Таң» сауда үйі жабылды. Интернетте оның тағдыры туралы нақты ақпарат жоқ. Бұған дейін ғимаратты сүретіні жөнінде әңгімелер тараған. Ол өте әдемі әрі тарихқа тұнған ғимарат қой. Оған не болатынын қалай білуге болады?» – деп редакциямызға бір тұрғын жазды. 

Бұл ақпарат желілерде таралып кетті. Жазбаның авторы пікірде адамдарға жауап бергенде ғимарттың нақты сүрілетінін айтты. 

Скриншот: Threads.com

Әлеуметтік желілерде тараған жазбалардың бірінде автор ғимаратты бұзу жөнінде шешім қабылданғанын айтқан. 

Бұған жауап ретінде қынжылысын білдірген қала тұрғындарының пікірі көбейді:

«Бұл ғимаратта менің балалық шағым өтті. Әр бұрышын жақсы білемін. «Қызыл-Таң» – жай ғана қабырға емес. Ол бірде-бір шегесіз тұрғызылған, күшті жер сілкінісін еңсерген. Бұл – нағыз тарихи-мәдени ескерткіш. Өкінішке қарай, үкімет үшін мұның бәрі құндылық емес сияқты. Еске сақтайтын дүниені жойып жіберу олар үшін оңайырақ. Осындай ғажайып архитектура мен мұраны қалайша сақтамаймыз?» – деп жазды алматылық әйел. 

Осы сұрақтарға «Almaty Creative» креативті индустрияларды дамыту орталығы жауап берді. Олар ғимараттың бұзылмайтынын мәлімдеді:

«Бұл ғимарат көптен бері әкімдікке тиесілі. Жалға алушы ешқандай төлем жасамай, керісінше, саудагерлерден жалға алу ақысын жинап келген. Шығарылу туралы ескерту әлдеқашан жіберілген. Сүрілу болмайды! Ғимарат қайта жөнделіп, мәдени әрі шығармашылық орталыққа айналады». 
Фото: 2gis.kz

Orda.kz редакциясы мән-жайды сұрап білді. «Almaty Creative» өкілдерінің айтуынша, дау бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Бұған дейін «Қызыл-Таң» жеке компанияның сенімгерлік басқаруында болған. Билік олардың негізгі жөндеу жұмыстарын да, инвестициялық міндеттемелерін де орындамағанын айтады. Керісінше, ғимаратты қосымша жалға беріп, тек коммерциялық мақсатта пайдаланған.

2019 жылы Әділет департаменті шартты бұзу туралы сотқа жүгінген. Сот дауы 2023 жылы аяқталып, ғимарат қайтадан қала қарамағына өтті. Алайда одан кейін де жалға алушы нысанды босатпай келген. Тек 2025 жылдың көктемінде сот шешімімен кәсіпкерге ғимараттан шығу міндеттелді.

«2025 жылдың 23 қыркүйегінде сот орындаушыларының атқару парағына сәйкес, келісімшарт талаптарын бұзған кәсіпкерлер нысаннан мәжбүрлі түрде шығарылды. Жеті қосалқы жалға алушы 3 қазанға дейін жалдап отырған орындарын босату туралы міндеттемеге қол қойды», – деп түсіндірді «Almaty Creative». 

Бүгінде «Қызыл-Таң» ғимараты Almaty Creative креативті индустрияларды дамыту орталығының қарамағына берілді. Мұндағылар нысан сүрілмейтінін айтты және қазірдің өзінде ғылыми-реставрациялық құжаттама әзірленіп жатыр. Жұмыстар Мәдениет министрлігімен келісіп шешілген. Олардың сөзінше, бұл жоба ғимараттың тарихи келбетін сақтауды көздейді.

Реставрациядан кейін бұл сәулет ескерткішін мәдени кластерге айналдыру жоспарланған. Мұнда қазақстандық дизайнерлер, отандық брендтер мен сәндік коллаборациялар дамуға мүмкіндік алады.

«Қызыл-Таң» деген қандай ғимарат?

«Қызыл-Таң» сауда үйі – Алматыдағы ең көне ескерткіштердің бірі. Деректер әр жерде әр түрлі жазылған. Бірінде ғимарат 1896 жылы сәулетші Павел Гурдэнің жобасымен, енді бірінде 1912 жылы Андрей Зенковтың жобасымен салынған. Бастапқыда мұнда көпес Ысқақ Ғабдулуәлиевтің дүкені орналасқан.

1982 жылдан бері нысан республика деңгейіндегі тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында тұр.

Өз тарихында «Қызыл-Таң» талай сыннан өтті. 2009 жылғы үлкен өрттен аман қалды, 2021 жылы ішінара бұзу жұмыстары жүрді, сонымен қатар жалға беру төңірегінде жылдар бойы дау-дамай туындады. Бұл туралы Kazakhstan Today жазған болатын.

2009 жылғы өрт. Фото: Ds02006 / Wikimedia Commons, public domain

Ал қазір «Қызыл-Таңның» алдында жаңа кезең тұр. Бұл ғимарат мәдени орталық ретінде қайта түлеуі мүмкін. Orda.kz осы жағдайды бақылап, ақпарат таратуды жалғастырады.

Автор: Алиша Пак

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар