Алты араб монархиясы Иранға ұжымдық қауіпсіздік аясында жауап беретінін мәлімдеді

cover Фото: Иран БАҚ-тары

Парсы шығанағындағы алты араб монархиясы Иранға ұжымдық қауіпсіздік аясында жауап беретінін мәлімдеді. Ал Германия, Франция және Ұлыбритания Тегеран соққыларын тоқтатпаса, әскери шаралар қабылдауы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Orda.kz.

Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесі (GCC) құрамына кіретін алты мемлекет — Сауд Арабиясы, Кувейт, Бахрейн, Катар, Оман және Біріккен Араб Әмірліктері — сыртқы істер министрлері деңгейінде шұғыл онлайн-отырыс өткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша жарияланған мәлімдемеде аймақ елдері Иран шабуылдарына жауап ретінде барлық қажетті шараларды қабылдауға дайын екендерін білдірді.

«Парсы шығанағы елдері өз егемендігін, қауіпсіздігін және тұрақтылығын сақтау үшін Иранның шабуылдарына жауап ретінде барлық қажетті шараларды қабылдауға дайын», деп жазылған құжатта.

Сонымен қатар, Германия, Франция және Ұлыбритания басшылары Иран Таяу Шығыстағы олардың одақтастарына соққы жасауды жалғастырса, әскери шаралар қолдануы мүмкін екенін мәлімдеді.

Бірлескен мәлімдемеге Франция президенті Эмманюэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц және Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер қол қойған. Құжатта Иранның «талғамсыз және шамадан тыс зымыран шабуылдарына» алаңдаушылық білдірілген. Атап айтқанда, соққылар АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясына қатыспаған елдерге де жасалғаны айтылған.

«Біз Иранды бұл жауапсыз шабуылдарды дереу тоқтатуға шақырамыз. Біз аймақтағы өз мүдделерімізді және одақтастарымыздың мүдделерін қорғау үшін қажетті қадамдарды жасаймыз. Қажет болған жағдайда, Иранның зымырандар мен ұшқышсыз аппараттарды ұшыру мүмкіндігін жою үшін тиісті әрі шамалас қорғаныс шараларын жүзеге асырамыз» деп жазылған мәлімдемеде.

Сонымен қатар Еуропа елдері бұл мәселе бойынша АҚШ және Таяу Шығыстағы серіктестерімен келісімге келгенін хабарлады.

Еске сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операция шамамен төрт аптаға жоспарланғанын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар