«Алматылықтар қорғанның бар екенін де білмейді»: Сақ қорғандарына экскурсия

cover Коллаж Orda.kz

24 тамызда түркологтар Ерлан Еспенбетов пен Ғалымжан Әлиасқаров бастаған туристер тобы еліміздегі маңызды тарихи орындардың бірі – Боралдай сақ қорғанына тарихи экскурсияға барып қайтты. Алматы қаласы Іле ауданындағы Боралдай сақ қорғандары қақпасының алдына жиналғандар арасында Германиядан, Белгиядан келген қонақтар болды. Онда ашық аспан астында лекция өтті.

Orda.kz тілшісі осы экскурсияға қатысып қайтты. 

Orda.kz

«Алматылықтар дәл қасында қорған бар екенін білмейді»

Экскурсия кезінде қорғандардың төбесі ойылып, шөккенін байқадық. Түркологтар бұл қорғандардың ғасырлар бойы тоналғанын айтты. Еске сала кетсек, Есіктен табылған Алтын адам да тоналған болатын. Ал алтыннан киім киген бабалардың қорғандарынан ұрылар қанша қазынаны алып кеткенін ойлай беріңіз.

Orda.kz

Экскурсия барысында ботаника саласының маманы Руслан Нұрхан осындай тарихи нысандарды қалпына келтіру мен қорғауға қаржы аз бөлінетініне тоқтала кетті. Ол инфрақұрылымның нашар күйі мен мәдени нысандарға жеткілікті көңіл бөлінбеуі тек Боралдай қорғандарында ғана емес, көптеген басқа тарихи орындарда да байқалатынын айтты.

«Бір өкініштісі, инфраструктура жағы ақсап тұр. Осындай тарихи орындарды қалпына келтіріп, экскурсияға қолайлы жағдай жасауға дұрыс қаржы бөлінбей жатыр. Көріп отырғаныңыздай, жолдарды жөндеу керек, қоқыстан тазарту керек. Қаржыландырудың жетіспеуі тек мұнда ғана емес, көптеген, тіпті барлық мәдени нысандарда байқалады. Менің пікірімше, инфрақұрылымды құрылысқа да, сол объектілердің  насихатталуына да жеткілікті назар аударылмайды. Алматылықтар тіпті өздерінің өмір сүріп жатқан қаласында қорған бар екенін  білмейді де», – деді Руслан Нұрхан.

Қираған тас бітіктер мен балбалдар

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Алан Бондарев бабалардың мәдениеті мен наным сенімдері жайлы ақпарат берді. Оның айтуынша, сол кезеңнің жерлеу мәдениетінде адаммен бірге оның дүние-мүлкін қоса жерлеген. Егер бір адам бір затты қасынан тастамай жүрсе, ол оның бір бөлшегі секілді болып кетеді деген наным болған. 

Міне, сол үшін қорғандарда адаммен бірге оның ұстаған заттарын, қаруын т.б. жерлеген. Оған бар сайманымен, әшекейлерімен, дүние-мүлкімен жерленген Есік қорғанынан табылған Алтын адам дәлел бола алады.

Алан Бондарев Orda.kz

Сондай-ақ, ол тас бітіктер мен бәдіз және балбал тастардың араб шапқыншылығынан кейін қалай қирағанын баяндады. 

Фото: wikipedia
«Жамбыл облысында Мерке деген жерде 12 жылдай жәдігерлерді зерттеп жүрдік. Кейіннен қаланың қасына Шу маңындағы Жайсаң деген өңірге көштік. Анам Айман Досымбаева тарих ғылымдарының докторы болған. Әкем Бондарев Михаил реставрациямен айналысты. Әкем осындай жәдігерлерді қалпына келтіру үшін жұмыс істейтін. Олардың қирауының әртүрлі себебі бар. Бірі – мал өтеді, уақыт өте келе тастар содан құлап, бүлініп жатады. Енді бірі – араб шапқыншылығы әсер етті. Мысалы, адам бейнесі бар тастарды сындырды. Балбал тасты сындыра алмағандар тасты ортасынан бөліп отырған», – деді Алан Бондарев. 
Сақ тұрғын үйі. Реконструкция б.з.д. V-IV ғасыр Фото: Orda.kz

Сондай-ақ, осы қорған маңында  «Көшпенділер» фильмі де түсіріліпті. Осы маңдағы Өжет ауылының бар тұрғынының жылқылары фильмге түсіпті.

Orda.kz

Тоналған қорғандар

Экскурсия жүргізушілер қауымдастығының директоры Ислам Сейітқазин археологиялық ескерткіштердің қалай тоналатынын баяндады. Ол көптеген қорғандардың құрылысына қарап, ұрылар үйінді басып қалмауы үшін үстінен бастап қазатынын айтты.

«Тонағанда ұрылар дәл үстінен төмен қарай қазады. Өйткені бүйірінен қазса, топырақ және құм, тас, жалпы үйінді басып қалады. Сондықтан бұл қорғандардың төбесі шөгіп, ойылып қалған», – деп жауап берді Ислам Сейітқазин.
Ислам Сейітқазин Фото: Orda.kz

Біз экскурсия барысында қорғанның дәл үстіндегі қоқыстарды байқадық. Ислам Сейітқазин осы энтузиастармен бірлесіп, алдағы демалыста қоқыс жинауға келетіндерін айтты.

Фото: Orda.kz

Калька аударма және Тяньшань атауын өзгерту жайлы

География ғылымдарының кандидаты, геоморфология сандай-ақ топонимаканы мен түркологияны қоса алып жүрген маман Ғалымжан Әлиасқаров Алматы іргесіндегі Іле Алатау тау жотасы атауын өзгертуге құжаттар дайындап жатқанын айтты. Ол «Іле Алатауы» атауының орыс тілінен аударылған калька екенін және оның тарихи атауы «Үйсін тағ Алатау». Бұл атау осы Жетісу аймағының өркениеті, мәдениеті мен тарихын нақты көрсететінін айтты.

Ғалымжан Әлиасқаров Фото: Orda.kz
«Алматы қаласы Іле Алатауы тау жотасының етегінде, баурайында орналасқан деп атап жүрміз. Алайда осы жотаның көне атауы Үйсін тағ Алатауы екенін біреуі білсе, көбі білмейді. Іле Алатауы деп жүргеніміз бұл орыс тілінен алынған калька аударма ғана. Өйткені, П.П.Семёнов-Тян-Шанский осында келгенде тау жоталары Іле өзенінен кейін орналасқан соң солай аталып кеткен. Алайда Жетісудағы бұл тау жотаның өзінің жергілікті тарихи атауы бар. «Біз Іле Алатауы деп қазақша атап жүрміз» деп ойлаймыз. Бірақ, бұл атау «Заилийский Алатаудың» калька аудармасы ғана. Орталық Азия, оның ішінде Жетісу таулары мұздықтарын зерттеген ғалым географ-гляциолог А.П.Горбунов көп саяхатшы географ ғалымдардың еңбегін зерттеген. Оның ішінде Шоқан Уәлиханов, А.И. Левшиндердің еңбектерінде «Заилийский Алатау» Үйсін-тағ деп аталғаның көрсеткен. Сондықтан, егер тарихи атауын қайтарамыз десек, А.П.Горбуновтың ойынша, бүгінде Алматы қаласы іргесіндегі бұл тау жотасын Үйсін-тағ Алатау деп атағанымыз жөн. Бұл осы жердің көнелігін, ежелгі қоныс және Ұлы Жібек жолындағы сауда-статтық маңызды өңір екнін сипаттайды. Осы атауды өзгертуді ұсыну үшін, қазір біз заң жүзінде құжаттарын дайындап жатырмыз», – деді Ғалымжан Әлиасқаров.

Сондай-ақ, аумағы төрт мемлекетке қарайтын Тянь-шань атын өзгертуді жоспарлап отырғандарын айтты.

«Тау атауын өзгерте салу оңай емес. Бір айта кететін жайт, Үйсін тағ Қазақстан аумағында болса, Тян-шань, яғни Тәңір тағ төрт мемлекеттің аумағында көсіліп жатыр. Іле Алатауының атын өзгерту аса қиын емес. Ал мына төрт мемлекетке қарайтын Тянь-шаньді өзгерту қиындау. Бәзбіреулер ол халықаралық атау, стандартқа сай деп қарсы шығуы мүмкін. Оларға айтарымыз, Солтүстік Америкада Кордильер таулары бар. Сол таудың ең биік нүктесі Альяска штатында орналасқан. Маккинли оның ең биік нүктесі. Биіктігі 6961 метр. Барак Обаманың тұсында осы биік нүктеге жергілікті үнді тайпалары қойған атауы қайтарылды. Қазір Денали деп аталады. Неге біз Тянь-шаньді түркілердің атауымен, Тәңір тағ деп атай алмаймыз?», – деді Ғалымжан Әлиасқаров.

«Аң стилі бабалардың шексіз қиялын көрсетеді»

Экскурсия барысында дизайнер Кәмила Әбілқаламовадан аң стилі және жалпы ежелгі мәдени жәдігерлердің шеберлігі жайлы сұрадық. Ол тарихи жәдігерлер дизайн үшін таптырмас шығармашылық көзі екенін айтты. Ол дала мәдениетін зерттегеннен шабыт алатынын баяндады.

«Аң стилі — сол заманның адамдарын, ата-бабаларымыздың шеберлігін, стильдеу деңгейін көрсетеді. Сонысымен таңқалдырады. Әрбір ою-өрнек, әрбір ұсақ деталь тек әдемілікке емес, сонымен бірге мағынаға ие. Мысалы, белбеу өрнектері маған шабыт береді. Түркі өркениеті басқа өркениеттермен салыстырғанда еш кем емес. Қазір бұл мәдениеттің танымалдылығы күн сайын өсіп келеді. Оны қазіргі зергерлік бұйымдарда, күнделікті киімде де байқап жүрміз. Орнаменттер, руна элементтері, тіпті киімдерде ол элементтер барған сайын көбейіп келеді. Менің ойымша сан жүзінде емес, сапалы дүниелер артты», – деді Кәмила Әбілқаламова.
Аң стиліндегі бұғы бейнесі Фото: iratta.com

«Әлемге көрсетпес бұрын өзіміз жете түсінуіміз керек»

Сондай-ақ, экскурсияға қатысқан суретші Мәдина Хамитова қазақ халқы кеңес кезінде тамырынан ажырап қалғанын айтты.

«Кеңес Одағының кезінде біздің мәдениетіміз тұсауда болды. Біз көп дәстүрімізден айрылдық. Көшпелі тамырымыздан ажырап, қалаларға көштік. Қазіргі кезде біз тек қалалық мәдениетімізді көрсетеміз де, дала мәдениетін көрсетпейміз. Адамдар енді-енді өз мәдениетін, ата-бабаларын, табиғатпен қалай тығыз байланысып өмір сүргенін зерттеуге қызығушылық танытып жатыр. Бұл сұраныс қоғамда пайда бола бастады. Кеңес Одағының 70 жыл отарында болғанымыз, олардың идеологиясы ұлт санасына қатты әсер етті. Бұл мәдениетімізді әлемге паш ету үшін алдымен өзіміз жете түсініп алуымыз керек», – деді Мәдина Хамитова.
Суретте Мәдина Хамитова мен Василь Киоти

Экскурсияға келген шетелдіктер

Экскурсия барысында Германиядан келген түркі мәдениетіне қызығатын әрі тәңір дінін ұстанатын Юрий Нассибулин деген азаматпен таныстық. Белгиядан келген қонақтар ерте қайтып кеткен соң, жауап алып үлгермедік.

Ол Германияда тұрғанына көп жылдар болғанын айтты. Өзі осы Алматы облысындағы Есікте дүниеге келгенін айтты. Отанын сағынып осылай келіп тұратынын айтты.

Юрий Нассибулин Фото: Orda.kz
«Меніңше, түркілер өте жауынгер халық болған. Түркі қағанаты мен Азар қағанаты — әскери жағынан мықты елдер. Археологиялық қазбалардан табылған күміс, алтын, құмыралар түркілердің технологиясының жоғары болғанын көрсетеді. Олардың білімі мен батырлығы қазіргі заманнан әлдеқайда жоғары болған деп ойлаймын», – деді Юрий Нассибулин. 

Ресейден келген Василь Киоти есімді психолог Қазақстанның мәдениеті ерекше екенін, басқа жерден мұндай тарихи орындарды таба алмайтынын айтты.

«Маған бұл жердің кейбір адамдары ол мәдениет жайлы біле бермегенімен, жүректерінде оған деген ықылас сезім бар сияқты көрінеді. Мысалы, демалыс сайын тауға, көк майсаға шығып тұруға тырысатындарын байқадым. Адамдардың ішінде бәрібір сол рухани дүние бар екені анық сезіледі. Мұндай адамдардың қасында жүру – зор қуаныш. Бұл мәдениеті мен тарихы ерекше жер. Мұндай жерді еш жерден таппайсың. Сондықтан маңызы бар», – деді Василь Киоти.

Шөп дәрілер жайлы халық ілімі

Экскурсия барысында ботаника саласының маманы Руслан Нұрхан қорған маңындағы шөптерді көрсетіп, қызыл кітаптағы өсімдіктердің де бар екенін айтты.  

«Біз өміріміздің ыңғайлылығына және жылдамдығына ұмтылысымыздың көбінесе мәдени білімдерді қарапайымдатып, жоғалтуға әкелетін дәуірде өмір сүріп отырмыз. Шөптерді пайдалану олардың нақты қасиеттерін және денеге әсерін ескере отырып, саналы түрде жүзеге асырылуы тиіс», — дейді Руслан Нұрхан. 
Руслан Нұрхан Фото: Orda.kz

Оның пікірінше елдің дәстүрлі халық емдерін қолданбай кетуіне себеп ол жайлы білетін адамдар саны да азайғаны болып отыр. 

«Шөптің құрамында бірнеше молекула бар. Шөп жинап, оны қалай пайдалану жайлы сұрап жүргенше, көбі таблетканы ішкенді дұрыс әрі  оңай санайды. Медицина дамып, өркениет дамыған сайын, емнің де оңай жолын іздейміз. Бірақ дәрілердің де зияны болады. Ал шөп дәріні ішу үшін сол жайлы білім керек. Олардың мөлшері бар және бір шөпті басқа бір шөппен араластырып қабылдауға болмайды. Біздің бабалардың дүниетанымындағы өсімдіктердің қасиетін білгенін мойындау керек. Мысалы, ермен – қасиетті өсімдік, паразиттер мен бактерияларды жояды. Жәндіктерді жолатпай, үйді таза ұстауға сеп болады. Оны бабалар біліп қолданды», – деді Руслан Нұрхан.
Seriphidium тобына жататын ерменнің бір түрі Фото: Orda.kz

Неге тарихымызды қазақ хандығынан бастаймыз?

Экскурсияны бастап келген Ерлан Еспенбетов осы қорғандар жайлы айта келіп, өз тарихымызды көрсеткенде қазақ хандығынан емес арғы өркениеттен бастау жайлы сөз қозғады. Оның ойынша осындай тарихи орындарға баса назар аудару керек.

Фото: Orda.kz
«Біз әлемге өзімізді қалай таныта аламыз? Қазіргі уақытта тарихи фильмдерімізде көбіне қазақ хандығын түсіреді. Әсіресе, 15-16 ғасырлар. Бірақ бұл кезеңде басқа елдер дамып, өркениеті гүлденіп тұрған кез еді. Ал Алтын орда дәуіріндегі қалалардың қуаты азая бастады. Ұлы Жібек жолының маңызы азайып, бірқатар үлкен керуендер тоқтап қалды. Сондықтан Сайрам, Тараз, Мерке қалалары да құлады. Бізде қазір тарихымыз арқылы сол түркілердің кезеңіндегідей бедел мен рухты қайтаруға мүмкіндік бар. Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен бері бір талай жетістікке жеттік. Сондықтан қазақ хандығына баса назар аудара бермей, арғы қазақ тарихына көңіл бөлу керек», – деді Ерлан Еспенбетов. 
Фото: Orda.kz

Сондай-ақ, Ерлан Еспенбетов Ұлы Түрік қағанатының орнына құрылған Моңғол империясы жайлы сөз қозғады. Оның айтуынша Шыңғыс хан сол қағанатты қалпына келтірмек болды. Түрколог бәріміз «яса» деп жүрген Шығыс ханның заңдары негізі «үйсін» деп аталғанын айтты. Оның сөзінше, орыс ғалымдары тілі келмегеннен соң «яса» деп атап кетіпті.

«Шыңғыс хан біздің бабамыз. Оның негізгі билік жүргізген жері осы Қазақстан аумағы. Оның заңдары «үйсін» және «төре» деп аталды. Төре - заң, ал үйсін- бірлік. Шыңғыс хан империясын «Моңғол» деп атады. Оның мағынасы – мәңгі ел. Бұлай атауы ежелгі түркілік көсемдерінен тарағанын көрсетеді», – деді Ерлан Еспенбетов. 
Қорғаннан қайтар жалғыз аяқ жол

Боралдай қорғандарына экскурсия қатысушыларға тарихи сақ қорғандарын өз көзімен көріп қана қоймай, Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау жайлы өзекті тақырыптарды қозғады. Тарихи орындарды қаржыландырудың аздығы, тиімді инфрақұрылымның жоқтығы — бұның барлығы қоғам мен мемлекет назар аударатын мәселе. Бұл іс-шара тарихи ескерткіштерді қорғау және насихаттаудың қажеттілігін тағы бір еске салды. Біздің халқымыз үшін арғы қазақ тарихын қастерлеп, бағалау өте маңызды. 

Расымен, Ніл өзені, Тигр және Евфрат өзені бойында өркениеттер дамып, елдік құрылып, кейіннен Жер Орта теңізі жағалауындағы әртүрлі халықтар даңқты мемлекет құрғанда мына біздің аяғымыздың астындағы дала тым-тырыс жатты ма? Бұған кешегі кеңес одағындағы «жабайы» халық деген түсініктің ірге тасын шайқалтып жіберген Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» еңбегі алғашқы жауап болды.

Ал қазіргі археологиялық зерттеулер көптеген таптаурын ойлар мен даудың нүктесін қойды. Қорғаннан табылған алтын адам және әшекейлер ұсталық пен өзіндік дизайнды ғана емес, сол кезеңнің адамдарының жүйрік қиялы мен мәдениетін паш етті.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар