Алматыда жантүршігерлік жол апатынан кейін бақылау күшейтілді

cover Фото: Elements.envato.com

Алматыда ауыр жол апатынан кейін полиция түнгі жарыстар мен қауіпті көлік жүргізуге қарсы шараларды күшейтті. Соңғы үш күнде қалада 5 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген, деп хабарлайды Orda.kz.

Соңғы күндері Алматыда көбейіп кеткен жол апаттарына байланысты полиция тексерісті күшейтіп, рейдтік шараларды белсенді түрде жүргізіп жатыр.

Ресми ақпаратқа сәйкес, соңғы үш күнде қалада 5 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Мас кезінде немесе есірткі әсерімен көлік тізгіндеген 43 жүргізуші ұсталып, басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар, 369 адам көлікті қажетті құжаттарсыз жүргізген. 94 автокөлік айыптұраққа қойылды.

Жолдағы тәртіпті қалыпқа келтіру мақсатында полиция нүктелік рейдтер ұйымдастыруда. Нәтижесінде қауіпті жүргізу, түнгі жарыс және жылдамдықты шамадан тыс арттыру фактілері тіркелген. Атап айтқанда, 2 мыңнан астам жылдамдық асыру дерегі анықталған.

Бұдан бөлек, кейбір жүргізушілер өз құқықбұзушылықтарын видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялап жүр. Полиция мұндай әрекеттердің барлығы бақылауда екенін хабарлады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда үш адамның өмірін қиған ауыр жол апаты болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, апат алдында көліктер арасында жарыс болған. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар