Алматыда жұмыртқаға шекті баға белгіленді

cover

Алматыда I санаттағы тауық жұмыртқасының шекті бөлшек сауда бағасы белгіленді. Қала әкімдігінің тиісті қаулысы бүгін, 1 сәуірде күшіне енді.

Шекті бағаны белгілеу нарықтағы өнімнің құнын тұрақтандыруға және сатушылардың бағаны негізсіз көтеруіне жол бермеуге бағытталған.

— Бұрын Алматыда осындай реттеу тетігін қолдану оң нәтиже берген болатын. Қарақұмық жармасы мен құмшекерге шекті бағаны белгілеу өткен жылдың соңында қалада бір килограмм өнімнің орташа құнын тиісінше 375 теңгеден 360 теңгеге дейін және 256 теңгеден 252 теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік берді, - деп атап өтті әкімдікте.

Бағалардың сақталуын Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мамандары аудандық әкімдіктермен бірлесіп бақылайтын болады. Белгіленген бағаны көтеруді қайта бұзған жағдайда 100-ден (291 700 теңге) 200 АЕК-ке (583 400 теңге) дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартады.

Қала әкімдігі бөлген «айналым» қарызы аясында «Магнум» сауда желісінің дүкендерінде бағаны ұстап тұру үшін жұмыртқа бағасы (I санат) 430 теңге деңгейінде тіркелді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін Алматыда 9 млрд теңгеге жуық қаржы тартылды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар