Алматыда «Халық сенімі» азаматтық қозғалысы құрылды

cover

Бүгін, маусым айының 23-і күні Алматы қаласында құрамында бірқатар қоғам белсенділері бар «Халық сенімі» (Народное доверие) деп аталатын азаматтық қозғалыс құрылды. Арнайы баспасөз мәслихаты өтіп, азаматтық қозғалыстың бағдарламасы, мақсаты жөнінде айтылды. Тең төраға ретінде Қазбек Бейсебаев пен Ғабиден Жәкей таныстырылды.

Жаңадан құрылған азаматтық қозғалыстың мақсат-мүддесі туралы Оrda.kz сайтының журналисі біліп қайтты.


Айта кетейік, азаматтық қозғалысты ұйымдастыруға қатысқан белсенділер арасында қоғам белсендісі Ғабиден Жәкей, ұлт жанашыры Марат Уатхан, бұрынғы елші Қазбек Бейсебаев, жалпыұлттық-социал демократиялық партиясының мүшесі, әрі белгілі экономист Айдар Әлібаев, желтоқсаншы және қазақтың белгілі жазушысы Талғат Айтбайұлы, ауған соғысы ардагерлерінің басшысы Байдәулет Дәркембай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Болат Шарахымбай бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, азаматтық қозғалыстың құрылуы елдегі қалыптасқан басқару жүйесін заң аясында өзгерту және қоғамдағы әділетсіздікті жойып, халық сенімін ақтайтын нақты саяси жүйе құру.

Жаңа қозңалыстың бағдарламасы – лайықты азаматтарды және ең алдымен, талантты жастарды ел басқаруға тарту үшін жағдай жасау. Сондай-ақ, «Халық сенімі» қозғалысы қатаң түрде заң шеңберінде жұмыс істейтінін жеткізді.

Азаматтық қозғалыстың бағдарламасын оқыған Ғабиден Жәкей азаматтық қозғалысты ұйымдастыруға, ұйым құруға көптеген еңбек кеткенін атап өтті.

- «Халық сенімі» деген атты екі жылдай уақыт талқыладық. Халықсыз бұл ұйым болмас еді. Қазақстанның жерін сақтап қалуға атсалысатын кез келген азамат осы ұйымның мүшесі болады, біз ешкімді алаламаймыз. Біз ата заңымызға сүйене отырып жұмыс істейміз. Белімізді бекем буып, нартәуекел дедік. Бұл ұйымның мақсаты тек елді, жерді сақтап қалу ғана емес, әрі қарай саяси жұмыстарға араласу, - деді Ғабиден Жәкей.

Қазақстан заңына сәйкес, партия құру үшін алдымен мың адам қатысатын съезд өтуі тиіс. Ал партияны ресми түрде тіркеу үшін кемінде 20 мың мүшесі болуы шарт.

Экономист Айдар Әлібаевтың айтуынша, Қазақстанда халықтың 60 пайызында ғана су құбырлары бар. Халықтың тек 46 пайызы кәрізбен қамтылған, қалғандары қалай күн көреді дейді ол. Сондай-ақ, экономист нақты инфляция 20-30 пайызды құрайтынын айтты.

Тең төраға Қазбек Бейсебаев қоғамдық партияны құруға не себеп болғанын жеткізді.

- Халықтың саясатқа араласуына есіктер жабық. Тұңғыш Президентіміз айтқандай, бірінші орында экономика, ал саясат екінші орында болды. Қазір әлеуметтік-экономикалық ахуал қиын. Азаматтық қозғалыстың ең басты мақсаты – саяси жүйені өзгерту. Бізде әкімшілік билік президентте болу керек, экономика, қаражат – үкімет иелігінде, бақылау – парламент иелігінде болу керек. Бұл Қазақстан халқының жалпы мақсаты, - деді ол.

Егер партия болып құрылсаңыздар не өзгереді, қандай талап қоясыздар?

- Партия құру үшін қозғалыстан бастаймыз. Егер партия болып құрылсақ – сайлау заңы, конституциялық заңдарға өзгеріс енгіземіз, - деді Қазбек Бейсебаев.

Партия құруға көп қаражат керек. Басты мәселе – қаржыландыру. Азаматтық қозғалыс ұжымдық қаржыландыру әдісіне сүйенеді. Халық пен жекеленген бизнестің қолдауына сенетін қозғалыстың тең төрағасы Ғабиден Жәкей өз ойын айтты.

- Азаматтық қозғалысты «Халық сенімі» деп атағанымызда да мән бар. Кез келген қозғалыстың тірегі бизнес өкілдері. Әлеуметтік желі арқылы қаражат мәселесін шешуге әрекет жасап жатырмыз. Өзіміздің есепті әлеуметтік желілерде жариялайтын боламыз, - деді ол.

Азаматтық қозғалыс бағдарламасындағы басты міндеттердің бірі жастарды жұмыспен және баспанамен қамту. Сондай-ақ, ол ұйымдастыру комитетінің жақын күндері құрылатынын да атап өтті.

- Егер біз партия болып құрылатын болсақ, ауылдық аймақтардағы халықты жұмыспен қамтуға жағдай жасаймыз. Ең бірінші, жастар саясаты болу керек. Біздің арнайы бағдарламамыз бар. Жақын күндері ұйымдастыру комитеті құрылады. Сол жерде барлығы жеке-жеке айтылады. Жастарсыз біздің болашағымыз жоқ. Оларды жұмыспен, баспанамен қамтуды заңды түрде бекіту керек, - деді Ғабиден Жәкей.

Мәдениет Жандос

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар