Алматы Сеулге айналды: Үнді фильмінің түсірілімі қаланың келбетін қалай өзгертті?
Коллаж: Orda.kz
Жаз басталғалы Алматы көшелерінде кәріс жазуы бар маңдайшалар мен жарнамалар пайда болды. Көк базар Сеулдегі сауда орнын еске салса, Жібек жолындағы мұнаралар Оңтүстік Корея полициясының кеңсесіндей әсер қалдырады. Мұның себебі — қалада үнді фильмінің түсірілімі өтіп жатыр.
Orda.kz тілшісі Алматыға нақты кімдердің келгенін және мұнда қандай фильм түсіріліп жатқанын білу үшін түсірілім алаңына барды.
Үнді фильмі, кәріс безендіруі
Түсірілім жұмыстары басталғанын қала тұрғындары бірден байқады. Көшелердегі өзгерістер әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, жұрт бұл жобаны кореялық туынды деп ойлады. Кейбірі оны «Кальмар ойынының» жалғасы деп болжады.
Алайда бұл — Үндістан, Корея және Қазақстан мамандары бірлесіп түсіріп жатқан үнді фильмі. Жобаның продюсерлері — Майра Қарсақбаева мен Сарфараз Алам Сафу. Бұл Майра ханымның Қазақстанда түсіріп отырған 11-ші үнді фильмі.
Продюсерлер Алматыны таңдау себептерінің қатарында сәулеттік әртүрлілік, логистикалық ыңғайлылық пен жергілікті халықтың ашықтығын атайды. Түсірілім тобы 350 адамнан құралған.
Көк базар мен Арбаттан бөлек, фильмге 15-тен астам локация таңдалған. Әрқайсысы Кореяның атмосферасын беру үшін арнайы безендірілген.
«Киноны түсінетін адам болсаңыз, аз ғана өзгеріспен көрерменді Сеулде жүргендей сендіруге болады», — дейді продюсер Сафу.
Кімдер қатысып жатыр?
Басты рөлде — үнді актері Варун Тэдж. Сонымен қатар Оңтүстік Кореядан Кан Инсон мен О Ёнсок сынды танымал актерлер тартылған. Қазақстаннан да актерлер ойнауда, олардың бірі — Қорей театрының әртісі Борис Югай.
«Маған екінші дәрежелі рөл берілді. Қазақ актерлері көбіне эпизодтық сахналарда ойнады. Бірақ бұл — тәжірибе мен ынтымақтастық үшін маңызды», — дейді Югай.


Сонымен қатар түсірілім тобында жарықшы, жүргізуші, ұйымдастырушы секілді түрлі рөл атқаратын көптеген жергілікті мамандар бар.
«350 адамның ішінде басым бөлігі — қазақстандықтар. Бұл — уақытша болса да, жұмыс орны», — дейді Майра Қарсақбаева.
Жобаның мәні неде?
Фильмнің мазмұны әзірге құпия сақталуда. Продюсерлер көрермен қызығушылығын сақтау үшін ақпаратты кезең-кезеңмен беріп отыр. Премьера 2026 жылдың басына жоспарланған, фильм халықаралық көрерменге арналған.
Қаланың кей көшелерінде туындаған уақытша қолайсыздықтарға тұрғындар түсіністікпен қараған. Кейбірі түсірілім тобына көмектесіп те үлгерген. Продюсерлер түсірілім кезінде болған қызықты сәтті бөлісті.
«Кореядан келген делегация базарға кіргенде, таңданысын жасыра алмады. Айналада кәріс жазулары болған соң, олар бір сәтке өз елінде жүргендей күй кешті. Кейін мұның Алматы екені айтылғанда, тіпті таңғалды», — дейді Сафу.
Қазақстан — киноиндустрияның болашақ хабы ма?
Продюсерлер Қазақстанда халықаралық деңгейдегі кино түсіруге әлеует бар екенін айтады. Алайда басты кедергі — мемлекет тарапынан ұсынылатын салықтық жеңілдіктер жүйесінің (ребейт) әлі іске қосылмауы.
«Көптеген елде кинокомиссия бар. Олар шетелдік жобаларға кеткен шығынның 30–40 пайызын қайтарып береді. Қазақстанда мұндай заң жобасы бар, бірақ іс жүзінде жұмыс істемейді», — дейді Сафу.


Егер бұл жүйе іске қосылса, Қазақстан Грузия, Әзербайжан сияқты елдермен тең дәрежеде бәсекелесе алады. Продюсердің айтуынша, Швейцария мен Испанияда болливудтық фильмдер түсірілгеннен кейін үнді туристерінің саны 22%-ға артқан.
«Тіпті көрермен фильмді Кореяда түсірілген деп ойласа да, кейін оның Алматыда түсірілгенін біліп, бұл қалаға қызығушылық танытуы мүмкін», — дейді ол.
Жаңалықтар
- Майдандағы жұмбақ риторика: АҚШ пен Иран текетіресі қай бағытқа кетіп барады?
- Мұнай дағдарысы: жаһан мұнай қыспағына ұшырамаудың жолын қарастырып жатыр
- Қызға аяқ көтерген актер Асқар Жұмабек 10 тәулікке қамалды
- Иран Ормуз бұғазы арқылы танкерлерді ақылы өткізе бастады
- Жетісу облысында қытайлықтардың иелігіндегі цемент зауытына 264 млн теңге айыппұл салынды
- Астана – Алматы күре жолында бір адам қаза тауып, үш адам ауруханаға түсті
- Тоқаев қасиетті Түркістан жеріне барған сапарында не айтты?
- Атыраудағы қайын жұртын қырып тастаған күдіктіге ұрлық пен алаяқтық айыптары қосылды
- Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады
- Қазақстандықтар жылқы етін тұтыну бойынша жаңа рекорд орнатты
- Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зиярат етті
- Астанада Наурыз мейрамы қалай тойланады?
- Алматыда жол-көлік оқиғасынан үш адам қаза тапты
- Иранға жасалған шабуыл кезінде жаңа туған нәресте мен алты бала қыршын кетті
- Қамшыбек Тәшиев қырғыз халқынан кешірім сұрады
- Мұнай бағасының өсуіне байланысты елімізде жалақы көтерілуі мүмкін
- Қош келдің, әз-Наурыз! Алматыдағы мерекелік шаралар
- Ораза айттың қазақ дәстүріндегі орны мен мәні
- Аңыз-актер Чак Норрис 86 жасында өмірден өтті
- «Жауыз емеспін». Актер Асқар Жұмабек даулы оқиға туралы өз нұсқасын айтты