Алматы облысында «дінге қайшы» молаларды қиратқан ер адам ұсталды

cover Фото: бейнеден кадр

Алматы облысы Көлсай көліне жақын орналасқан Саты ауылында зираттарды қиратқан адам ұсталды, деп хабарлайды Orda.kz.

Бұл туралы журналист Диас Нұрақын әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Жарияланған видеода қабірлердің жанында сынған құлпытастар шашылып жатқаны көрсетілген.

Диас Нұрақынның айтуынша, ер адам бір ауылдың берекесін қашырды.

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді. Мұның бәрі тик-ток имамдар мен уағызшылардың кесірі. Ауылдың бір жас тұрғыны зиратты қиратқанын мойындады. Оның айтуынша, бұл — біздің дінімізге қайшы. Құлпытастар қиратылып, жан-жаққа шашылған. Ауыл тұрғындары жақындарының қабірлерінің осылай қорланғанын көріп, ашуға булықты» деп жазды журналист.
[media=https://www.instagram.com/diasnurakyn/reel/DHqQvDPoLbg/]

Алматы облысының полиция департаменті вандализм фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті ұсталып, тергеу үшін аудандық полиция бөліміне жеткізілді.

«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізілуде. Әлеуметтік желілерде күдіктінің салафизм діни ағымына қатысы бар деген ақпарат алдын ала тексеру барысында расталмады. Тергеу аяқталғанға дейін расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырамыз»,  деп мәлімдеді полиция департаменті.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар