Алматы әуежайының қызметкері құны жеті миллион теңгенің жүгін ұрлады

cover Фото: elements.evento

Алматыда сот халықаралық әуежайда жүк тасымалдаушы болып жұмыс істеп, жүйелі түрде багаждан бағалы заттарды ұрлап кеткен 29 жастағы ер адамға қатысты үкім шығарды.

Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ер адам Алматы әуежайындағы уақытша сақтау қоймасына жүк тиеуші болып жұмысқа орналасқан. 2024 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында ол бірнеше рет багаждан бағалы заттарды ұрлаған.

Ұры жүк тасымалдаушы халықаралық рейстерге «маманданған» — оның мақсаты Алматыға Дубайдан, Прагадан және Гонконгтан келген жолаушылардың жүгі болған. Ер адамды ең алдымен қымбат смартфондар қызықтырған.

Қылмыскерді желілік полиция бөлімі мен авиациялық көлік прокуратурасының қызметкерлері әшкереледі. Жүк тиеуші ұсталған кезде 7 миллион 645,3 мың теңгенің мүлкін ұрлап үлгерген.

Алматының Түрксіб аудандық соты ер адамды үш жарым жылға бас бостандығынан айырды. Полицейлер рейстегі жолаушыларға қырағы болып, жеке заттарының сақталуын мұқият қадағалауды қатаң түрде ұсынды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар