«Ақша үшін»: Белгісіз адамдар жеті отбасын айуандықпен өлтіріп кетті

cover Фото: freepik.com

Тәжікстанның солтүстігіндегі Канибадам қаласында бір жыл ішінде жеті отбасын айуандықпен өлтіріп кетті, деп хабарлайды Orda.kz Азаттыққа сілтеме жасап.

9 ай ішінде қылмысқа қатысы бар 4 күдікті анықталды. Олардың бәрі жергілікті тұрғындар екен. Олар 23 адамды өлтірген, оның сегізі – бала.

21 желтоқсан күні Тәжікстанның бас прокуратурасы Канибадамның шет жағында болған жантүршігерлік қылмыстың ашылғаны туралы мәлімдеді. Бас прокуратура күдіктілердің аты-жөнін, туған жылы мен күнін, тұрғылықты жерін де жариялады.

«Біз қатты қорқамыз. Түнде бүкіл есікті тарс бекітіп, жарықты жағып жататын болдық. Үйіміз орталыққа жақын маңда, әр үйде адам тұрады. Ал қайғылы оқиға негізінен қаланың шеткері аудандарында, екі-үш отбасы ғана тұрып жатқан жерде болды. Басқа тұрғындар Ресейге жұмыс іздеп кеткен, үйлері бекітулі», – деді тұрғын. 

Канибадамдағы қанқұйлы қылмыстың алғашқысы наурыздың 29-ы күні болған. Қала маңындағы Комил Ёрматов ауылында бір үйдің 5 адамын өлтіріп кеткен. Үйден ақша, алтын жоғалған. 

Екінші қылмыс 17 сәуірге қараған түні Комил Ёрматов ауылынан 8 шақырым жерде орналасқан Сайхун ауылында болды. Жетпіс жастағы Мұзаффар Урмонов пен зайыбы Иноятты өлтіріп кетті. Үш аптадан кейін билік орындары осы қылмысты жасаған марқұмның бауыры екенін анықтады. Айыпталушы 20 жылға бостандығынан айырылды.

Алайда Канибадамдағы құпия өлім жалғаса берді. 29 мамырға қараған түні Джахонзеб ауылында үшінші қылмыс болды. Белгісіз біреулер үш адамнан тұратын отбасын өлтіріп кетті. Дәл сол түні көршілес Санджидзор ауылында төртінші қылмыс жасалды.

Билік осы екі қылмысты жасады деген айыппен Санджидзор ауылындағы орта мектептің 42 жастағы күзетшісін ұстап, қараша айының аяғында ол өмір бойына түрме жазасына кесілді.

Сот жүріп жатқанымен, қылмыс тоқтаған жоқ. 9 желтоқсанға қараған түні Шуркургон ауылында бесінші қылмыс тіркелді. Бір үйден алты адамды өлтіріп кетті. 15 желтоқсанда түнде алтыншы және жетінші қылмыс Хисорак ауылында болды.

«Канибадамда бәрін қосқанда жеті отбасын өлтіріп кетті. Егер бұл сериялы адам өлтіру болса, наурыз айынан мамыр айына дейін болған үш қылмыстың екеуін жасады деп сотталған екі адам қандай дәлелге сүйеніп сотталды деген сұрақ туады. Сотталушының екінші қылмыс оқиғасына қатысы жоғына дәлелі болғанына қарамастан, оған құлақ аспай, өмір бойына бас еркіндігінен айыру жазасына кескен Жоғарғы соттың судьясы қандай жауапкершілікке тартылады?», – дейді заңгер.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар