23 қаңтардан зейнетақы жинағындағы ақшаны алуға өтініш қабылданады

cover

Бұрынғы «Тұрғын-үй жинақ құрылыс банкі»,  қазіргі «Отбасы банкі» 23 қаңтардан бастап тұрғындардан зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға өтініш қабылдайды. Өтініш екі күн ішінде қаралуы тиіс.  Бұл туралы кеше орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз жиынында банк төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.

Сервис 23 қаңтар күні, яғни бүгін  Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңгі 9-дан бастап іске қосылды. Өтініштер  enpf-otbasy.kz  порталында қабылданады.

«Біз бағдарламаны асыға күткендердің барлығын сенбі күні таңғы 09:00-ден бастап күтеміз. Біз әдейі демалыс күнін таңдадық, себебі кез келген адам үйінде отырып өтініш бере алатындай болсын дедік», – деді Ләззат Ибрагимова брифингте.

Зейнетақы жинақтарын баспана мәселесін шешуге пайдалану 800 мыңнан астам қазақстандық үшін жаңа мүмкіндікке жол ашты.

Үкімет  зейнетақы жинағының бір бөлігіндегі ақшаны жер, үй алуға, үйін жөндеуге, ипотека төлеуге, емделуге алуға рұқсат берді.  Дегенмен  осы қаржыға сатып алған үйді бес жыл ішінде қайта сатуға болмайды.

Үкіметтің зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану туралы шешімі қоғамда қызу талқылануда. Зейнетақы жинағындағы қаржысы  «қажет шегінен» асқан адамдар  ғана ақшаларын ала алады. Осы  шегі жоқ «шек»  көп мәселе туғызып, халықтың басын қатырды.

Қойылған шектік талаптарға сәйкес,  20 жастағы адамның  есепшотында -  1 млн 710 мың теңге, 30 жастағы адамның -  2,5 млн, 50 жастағы адамның  - 4 млн 470 мың теңгесі болса ғана, онда да соның үстінде қалған ақшаны ала алады.

Бұған қоса зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын алатын ақшаңызға  10 пайыз табыс салығын салу бар, бұл да халықтың көкейіне қона қоймады. Сондықтан қоғамда зейнетақы қорындағы ақшаны азаматтардың қажеттілігіне жұмсау мәселеге айналды.

Көпшілік арасында бұл қарапайым адамның «жыртығын жамау» үшін емес, қалталы адамдардың ғана жағдайына қаратылып жасалған шара деген пікір өршіп тұр. Не де болса, енді бүгіннен бастап  істейтін сайттың жұмысына  да, шектен асқан «шектің» шешіміне де қоғам пікірін күтеміз.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар