19 жастағы жігіттің өлімі: Жастардың атына несие алатын «ауыл мафиясына» тоқтау бар ма?

cover Фото: Orda.kz

Астанадағы әскери сотта Сарыағаш тұрғыны Жасұлан Әбдіманапты өлтіру ісі қаралып жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушылардың бірі — әскери қызметкер, ефрейтор Мурод Абдижамилов ауылдасын микронесиелер алуға мәжбүрлеген, кейін қарызды қайтармау үшін жігітті пышақтап өлтірген, деп хабарлайды Orda.kz.

«Ауыл мафиясы»

2025 жылдың ақпанында 19 жастағы Жасұлан Әбдіманап Сарыағаш ауданында ауылдағы үйінен шығып кеткеннен кейін қайта оралмады. Арада екі күн өткен соң жігіттің мәйіті табылды. Денесінде 14 пышақ жарақаты болды.

Содан бері бес ай өтті. Ал Жасұланның анасы Райхан Жамалова соттан әділдік талап етіп келеді. Ол ұлын ауылдағы бір топ жігіт өлтірді деп есептейді. Олар Жасұланды несие мен микронесие алуға мәжбүрлеп, ақшасын тартып алып отырған екен. Қазір бұл қылмысқа күдікті ретінде үш жергілікті тұрғын қамауға алынып, сот алдында жауап беріп жатыр. 

Айыпталушылардың бірі — істегі басты күдікті 1216-әскери бөлімшенің ефрейторы Мурод Абдижамилов. Оған қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша «адам өлтіру» және 190-бабы 2-бөлімі 4-тармағы бойынша «алаяқтық» айып тағылды.

Екінші айыпталушы — басты күдіктінің досы Диас Ибрагимов. Оған ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін 434-бабы бойынша айып тағылып отыр.

Сотталушылар қатарында Мурод Абдижамиловтың сүйіктісі  — Адина Мамаева да бары анықталды. Оған да 434-бап бойынша айып тағылды. Адина Мамаева бұған дейін азаматтық күйеуін пышақтағаны үшін шартты жаза алыпты. Осы дерекке байланысты мемлекеттік айыптаушы тараптар жарыссөзге шығуы тиіс күні жаңартылған айыптау актісін жария етті.

Жаңа айыптау актісінде тек бір өзгеріс бар. Адина Мамаеваның қылмысты қайталап жасағаны (рецидив) ретінде көрсетілді.

Сотта Ибрагимов пен Мамаева 434-бап бойынша кінәларын толық мойындады. Ал басты айыпталушы Мурод Абдижамилов өзіне тағылған айыптарды мойындамай, қылмыс жасағанын жоққа шығарды.

«Мен кісі өлтіру бойынша тағылған айыпты толық мойындамаймын. Бұл қылмысты жасаған жоқпын. 190-бап бойынша да кінәмді толық мойындамаймын. Айыптауда аталған ақшаны мен ешқашан қолыма ұстамадым», — деді Мурод Абдижамилов.

Айыпталушының қорғаушысы Гүлжан Абдықаликованың айтуынша, бұған дейін Абдижамилов кінәсін мойындаған, себебі Диас Ибрагимов одан бар жауапкершілікті өз мойнына алса, 10 миллион теңге беремін деп уәде еткен.

Қылмыстық істің бұлыңғыр тұстарын жәбірленуші тараптың өкілі, заңгер Әділетхан Молдахан сәл де болса ашып көрсетті. Оның айтуынша, Сарыағашта көз жұмған Жасұлан Әбдіманап микронесие алуға мәжбүрленген жалғыз адам ғана емес. Одан басқа да жастар ақша бопсалаудың құрбаны болуы әбден мүмкін.
«Ауылда бәрі бір-бірін жақсы таниды, туыстай араласады. Иерархия бар — кіші жігіттер үлкендерге құрметпен қарайды, ақша сұрағанда бас тарта алмайды. Сол үшін несие пен микронесие алады. Мұндай құбылыс жиі болады», — деді жәбірленуші тараптың өкілі.

Сондай-ақ, ол бұл «ауыл мафиясының» басқа да құрбандары бар деге ойын нақтырақ түсіндірді.

«Қылмыстың мотиві — қарыздарды қайтармау. Ол әртүрлі адамдардан алған несиелерді қайтармау үшін өлтірген. Біздің жәбірленуші — жалғыз емес. Сол күні ғана оның қарызын өтеу үшін екі-үш адам келмек болған. Бірақ олардың ағалары мен ата-аналары жібермей қойған. Олар, шын мәнінде, аман қалды. Ал ол адамдарды несие алуға мәжбүрлеп, ақшаларын алып отырған. Сосын «адам жоқ — проблема жоқ» деген ұстаныммен өлтірсе, қарызды қайтармаймын деп ойлайды».

Заңгердің айтуынша, істегі айғақтар жеткілікті. Өзеннен Жасұлан Әбдіманапты өлтіру үшін қолданылған пышақ табылған. Ол пышақта Мурод Абдижамиловтың саусақ іздері мен марқұмның қаны бар. Сондай-ақ, өзен жағасынан, су жиегінен айыпталушының ұялы телефоны да табылыпты.

Әділетхан Молдақановтың айтуынша, қылмыстан кейін Абдижамилов қорқып, айғақтарды лақтырып жіберген, бірақ телефоны судың ішіне емес, құрғақ жерге түскенін байқамаған екен. Ұялы телефонда Жасұлан мен басқа да ауыл жастары Абдижамилов үшін несие алғанын дәлелдейтін деректер табылды.

Айыптаушы тараптың сөзі

Күннің екінші жартысында сотта тараптардың жарыссөзі басталды. Алғашқы болып мемлекеттік айыптаушы — прокурор Қазбек Нүсіпбек сөз алды. Ол айыпталушылардың кінәсі іс материалдары мен куәгерлердің көрсетпелері арқылы дәлелденгенін атап өтті.

«Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі және 190-бабының 2-бөлімі 4-тармағы бойынша Мурод Абдижамиловты кінәлі деп тануды сұраймын. 58-бабқа сәйкес, бірнеше қылмысты біріктіре отырып, 15 жылға бас бостандығынан айыру және 3 жыл мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салу жазасын тағайындауды сұраймын», — деді прокурор.

Диас Ибрагимов үшін айыптаушы тарап 2 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, ал Адина Мамаева үшін — 4 жылға бас бостандығынан айыруды талап етті.

Бұдан бөлек, мемлекеттік айыптаушы жәбірленуші тарап талап еткен материалдық шығынды өтеуді міндеттеуді сұрады. Мурод Абдижамиловтан — 30 миллион теңге, Диас Ибрагимов пен Адина Мамаевадан әрқайсысынан 10 миллион теңгеден өндіріп алуды ұсынды.

Алдағы күндері сотта тараптардың жарыссөзі аяқталады. Одан кейін сот кеңесу бөлмесіне шығып, үкім шығарады.

Orda.kz оқиға барысын бақылап, алдағы уақытта ақпарат таратады.

Еске сала кетсек, Orda.kz 20 ақпанда Сарыағаштағы үйінен шыққан 19 жастағы Жасұлан Әбдіманап атты жігіт сол күйі үйіне оралмағанын жазды.

Автор: Анастасия Прилепская

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар