«Жазушылармен кездесу»: Жиындарда шекарашы сарбаздарға қандай әңгіме айтылды?
Фото: Orda.kz / Дидар Қайрат
18 желтоқсан күні Алакөл ауданы бойынша ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекара басқармасына Қазақстанның көрнекті жазушылары келді.
Orda.kz тілшісі шекара басқармасына кіріп, қандай жиын өткенін көріп қайтты.

Ардагерлер мен әскери қызметкерлердің қатысуымен өткен кездесу Тәуелсіздік пен тіл, ел тарихы мен патриоттық рух тақырыптарына арналды.
Қазақстанның құрметті жазушысы, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма мүшесі, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты, ақын Жұмаш Кенебай-Көкбөрі өз ойын жүрекжарды сөзбен жеткізді.

Ол сөзінде тәуелсіз еліміздің тарихы мен ұлттық рухани мұрасының маңыздылығына кеңінен тоқталып, жас буынға елінің шекарасы ғана емес, сөз бен идея арқылы да қорғалатынын атап өтті.
«Тәуелсіз Қазақстанның жауынгерлері, біздің еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл 34 жыл толады. Өзіміздің жеке дара мемлекет болғанымызға, өзіміздің рәміздеріміз, өзіміздің әскеріміз қалыптасқан әлем мойындаған елдердің біріміз. Осындай ұлан-ғайыр жерімізде әрқашан бейбітшілік орнасын. Өздерің секілді қорғайтын ұландар тұрғанда Қазақстан халқы алаңсыз өмір сүреді деп ойлаймын. Өзім кеңес кезінде Тайга секілді жерлерде әскерде қызметте болдым. Әскери құпиясы да бар, тәртібі де қатал жерде қызмет еттім. Әскери өмірді бір кісідей білемін. Қазақ халқының басынан өткен қасіреттерді өз ғұмырымда бірге кештім. Желтоқсан оқиғасы кезінде «Жалын» баспасында істейтін жастар едік. Сол кезде алаңға шыққандардың қатарында болғанмын. Қандай жағдай болса да амандық болсын дегім келеді», — деді Жұмаш Кенебай.
Жазушыға сарбаздар өз сұрақтарын қойды. Ол әскери қызметкерлерге рухани азық ретінде «Аягөз» атты кітабын тарту етті.

Отставкадағы полковник, белгілі журналист Жүніс Омар тәуелсіздіктің маңызы жайлы сөз сөйледі. Сарбаздардың сұрақтарына жауап беріп, күй тартқан сарбазға риза болып, артынша домбыраны қолға алып бір ән салып берді. Ол «Қазақстан сарбазы» газетінің бұрынғы баспасөз хатшысы болғанын, қызметтің қандай жауапкершілікті мойнына артқанын баяндады.
«Қарулы күштерге келіп, Отан алдындағы борыштарыңды өтеуге келген соң мұндағы тәртіп үйдегі тәртіптен бөлек болады. Сол үйдегі әке-шешені қалай жақсы көрсеңдер Отанды да солай қастерлейсіңдер деп ойлаймын. Мен 50 жыл бұрын шетелде әскерде болдым. Мурманск жаққа сонда қарап отырып, жүрегім шайлығатын. Қалай барамыз деп... Сендер өз жерлеріңде қызмет атқарып жүрсіңдер. Сондықтан бұл да бір бақыт. Аман болыңдар. Қазір өзім Қазақ әдебиеті газетінде қызмет етіп жүрмін. Отанды, елді сүюдің қандай мәртебе екенін жеткізу біздің мақсатымыз деп білемін», — деді Жүніс Омар.
Жазушы-драматург, Жақсылық Нұрболатұлы Мұратбек де өз ойымен бөлісіп, сөз өнерінің елдің жүрегіне жол табатын құдіреті бар екенін көрсетті.

Кездесу барысында шекара қызметкерлері де сұрақтар қойып, өз өмірлері мен қызмет тәжірибелеріне тоқталды. Олар Тәуелсіз Қазақстанның шекарасын күзету — жауынгер ғана емес, ел өмірінің барлық саласы үшін маңызды міндет екенін айтты. Ол өз сөзінде Бауыржан Момышұлы жайлы айтып, оның адамдығы мен батырлығының сарбаздарға үлгі екенін айтты.
«Бауыржан ағамыздың «Бақаның бағынан сұңқардың соры артық» деген сөзі бар. Бақаның бағын күйіттеп жүрген азаматтар бізде аз емес. «Сұңқардың соры» болса да, соны бақ тұтып, өз арманына құлаш сермей алған азаматтар бізде аз емес, көп. Соның бірегейі — Бауыржан Момышұлы. Екінші дүниежүзілік соғыста жүрсе де, сол қазақтың мен деген азаматтарының атақ-абыройын көтеріп, елдің намысы үшін елдің еңсесін тіктеген азаматтардың бірі», — деді Жақсылық Нұрболатұлы.
Бұл патриоттық тәрбиені күшейтуге ықпал ететін жиыннан соң, қонақтар шекарадағы кітапханаға, мұражайға барып, ондағы тарихи жағдайлар жайлы білді.

Шекара басқармасының орынбасары Берік Қалиахметұлы «Жалаңаш көл» оқиғасынан бастап, шекараға адал қызмет атқарған азаматтар жайлы тарихты баяндады.
Биыл Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасына 60 жыл толды. Аумалы-төкпелі заманда түрлі арам пиғылды қылмыскерлер немесе саясаткерлердің жоспарымен шекараға кез келген сәтте қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан Қазақстанның шекарасында ештеңені қалт жіберместен күзетіп тұрған сарбаздардың қызметін үлкен жауапкершілік деп қана емес, басын бәйгеге тігу деп айтсақ артық етпейді.
Бұған дейін тілшіміз Қазақстан мен Қытай шекарасында қызметін абыроймен атқарған, зейнеттегі ақсақал, генерал-майор Хұсайын Берқалиев Иманғалиұлынан сұхбат алған еді.
Жаңалықтар
- Айзат Жұманованың ісі: Ер адам ұрып-соққан әйелін ауруханаға өзі мас күйі алып барған
- Астанада бір күнде екі адам терезеден секіріп кетті
- Батыс Қазақстан облысында бүтін бір отбасы белгісіз заттан уланып қалды
- «Жазушылармен кездесу»: Жиындарда шекарашы сарбаздарға қандай әңгіме айтылды?
- Допинг жайлы даудан кейін Жәнібек Әлімханұлын рейтингтен алып тастады
- Сенат ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
- Шымкентте 3 жастағы бала 16 магнит жұтып қойған
- Түркістан облысында Келес өзені арқылы өтетін көпір опырылып түсті
- «Бұл – азаптау»: депутат түрмедегі өлімнің көбейгенін, адам құқықтарының тапталғанын айтып дабыл қақты
- Мәсімовтің белдігі мен олигархтардың сағаттарын кім сатып алады?
- Тоқаев Жапонияға іссапармен барды
- Композитор Еркеш Шәкеев «Замандас» пен «Курсивті» сотқа берді
- Мектептегі қантөгіс: 10 жастағы баланы пышақтап, қасында селфи жасаған оқушы
- «Руың кім?» фильмі рулық араздық тудырды ма?
- 10 жастағы баланың өліміне қатысты Тәжікстан Ресей елшілігіне наразылық нотасын жіберді
- «Air Astana» ұшағында төрт шетелдік араққа сылқия тойып алып төбелесті
- Атырауда ер адамды пәтерде жабылып ұрып кетті
- Қазақстан мен Франция заңсыз мигранттарды кері қайтару жөнінде келісімге келді
- Айдос Сарым Украинаның дрон шабуылын құптағандарды «террорист» ретінде жауапқа тартуды ұсынды
- Депутат рушылдыққа шектеу қоюды ұсынды