«Жат елден бұйырған топырақ»: Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиевтің ғұмыры
Фото: profil.at
Биыл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең атышулы саяси тұлғалардың бірі – Рахат Әлиевтің қайтыс болғанына 10 жыл болды. Бір қарасақ, оның өмірі триллерге ұқсайды. Ат төбеліндей ғана билік басында отырғандардың бірі болды, артынша аяқ асты елден қашып кетті, түрлі айыптар тағылды, үлкен дау туды, Венада ұсталып, қамалды. Ақыры сол жерде абақтыда көз жұмды.
Orda.kz сайтының Венадағы тілшісі Рахат Әлиевтің өмірі мен жүріп өткен жолын саралап көрді.
Венaдағы Қазақстан елшілігі
2000-жылдары Рахат Әлиев дәулетіне сәулеті сай, төрт құбыласы түгел, дүниені шайқап жүрген азамат еді. Сол кезде ол тұңғыш президенттің қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі, генерал, ҰҚК төрағасының орынбасары, дипломат сынды түрлі қызметтерде болған еді. Қолы ұзын болғаны сонша билік басындағы «ығай» мен «сығайдың» арасында таныстары және қолында мол қаржысы болды. Не болса да оның мұртын балта шаппайтындай көрінді. Оның лауазымдары мен ықпалы, дүркіреген беделі таңғаларлық еді. Алайда дәл осы бағындырған шыңдары ақыры оны шыңыраудан бір-ақ құлатты.
2002 жылдың көктемінде Назарбаевтың күйеу баласы Австрияға Қазақстанның елшісі ретінде жіберілді. Бұған дейін де Рахат Әлиевке рейдерлік жолмен біреудің кәсібін тартып алды деген айыптар тағылған еді. Сол себепті оның сол кезде елші қызметіне тағайындалуының саяси астары бардай көрінді.

Ол 2005 жылы елге оралды. Бірақ арада екі жыл өткен соң қайтадан Венаға аттанды. Тағы да сол жақта елші қызметінде жүрді. Ал Қазақстанда бұл кезде үлкен дау тұтанып жатқан еді. Кейін бұл жанжал бұқаралық ақпарат құралдарында «Рахатгейт» деген атауға ие болды.
Әуелі оған банкирлер Айбар Хасенов пен Жолдас Темірәлиевті ұрлады деген айып тағылды. Кейін қылмыстық топ құрды деп, артынша — мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет етті деген айыптармен қудаланды. Әрине, шетелде жүрген Назарбаевтың күйеу баласы дипломатиялық қызметінен босатылып, сырттай сотталды. Барлық айыптардың жиынтық жазасы 40 жылдан асты. Осы кезде Дариға Назарбаевамен некесі ресми түрде бұзылды.
Венаның кофеханалары мен көшелері
Сол кездері Вена көшелеріндегі кофеханалардың бірінде Назарбаевқа қарсы саяси манифест жазылуы бек мүмкін. Мүмкін дәл осы жерлерде, жап-жасыл саябақтар мен тарихи ғимараттар ішінде Рахат Әлиев «Өкіл қайын ата» атты кітабын жазды. Кітабында ол Назарбаевты саяси көзқарасына болп кісі өлтірді және жемқор деп айыптап, 2012 жылғы президенттік сайлауға кандидат болу ниеті үшін саяси қысым көргенін ашық жазды.

Рахат Әлиев атышулы осы кітабын жариялаған соң, туған еліне оралатын жолы түбегейлі жабылды.

Австрияның Жоғарғы соты және экстрадициядан бас тарту
2007 жылдан бастап Қазақстан Рахат Әлиевті экстрадициялауды талап етті. Бірақ Австрияның Жоғарғы соты екі рет Рахат Әлиевті Қазақстан билігіне беруден бас тартты.
Австрия билігі Қазақстанда әділ сот болмайды деп есептеді. Әрине, бұл көзқарас «қашқын күйеу баланы» елге қайтаруға кедергі болды.
Рахат Әлиев саяси баспана алып, «қайтатын жері жоқ адам» мәртебесіне ие болды. Осылайша Венa оның үйіне әр түрмесіне айналды.
Венадағы қылмыстық іс және өтпеген сот
2011 жылы Рахат Әлиевке қатысты енді Австриядағы прокуратура өз тергеуін бастады. Үш жылдан кейін Әлиев австриялық заң бойынша ұсталды. Оған темір контейнерде үстіне әк құйылған мәйіттерге қатысты іс қозғалды. Бұл мәйіттер сол банкирлерге тиесілі еді.
Қылмыстық соттың ғимаратына тілшіміз барып қайтты. Дәл осы жерде сот отырысы өтуі тиіс еді. Бірақ сот отырысы басталмай жатып, Әлиев қайтыс болды.

Қазіргі таңда ғимарат 2023 жылдың күзінен бастап 2032 жылға дейін болатын күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Австриялық БАҚ-тың хабарлауынша, жоба сегіз кезеңнен және 110-нан асатын іс-шаралардан тұрады. Мысалы, сот залдары, кеңселер, санитарлық бөлмелер жаңартылып, бұрынғы асхана қызмет көрсету орталығына айналады. Сонымен қатар ғимарат жылыту жүйесіне бейімделеді, фасадтары жылытылып, терезе мен шатыр ауыстырылады, күн панельдері орнатылады. Бұл тарихи ғимаратты қазіргі заманғы тұрақты сот жүйесінің талабына сәйкестендіру мақсатында жөндеу жұмыстары жатыр.
Йозефштадт түрмесі – әлі де жауабын таппаған саяси аяқталу
2015 жылдың 23 ақпанында Рахат Әлиев жеке камерада қайтыс болды. Ресми дерекке қарасақ, өз-өзіне қол салған. Ресми емес ақпараттарда бұл әлі анықталмаған ақпарат екені айтылып жүр.
Profil басылымы оқиғаны жан-жақты жариялады:
«Ол адвокаттармен кездескенде үш сағат отырды. Отбасы мүшелерімен кездеспек болды. Шаштаразға жазылып, жаңа көзілдірікке тапсырыс берді. Мүлде өлуге дайындалған адамға ұқсамады».
Түрме қызметкерлері шамамен түнде 22:00-де оның тірі екенін көрген. Таңғы 4-ке қарай қайтыс болыпты.
«Ол өзінің жеке заттарымен бірге сақтаған таңғыштарына асылып тұрған күйі табылды».
Камерада бейнебақылау жоқ. Бірақ дәлізде бар. Құлыптың бұзылғаны, әлдекімнің кірген іздері табылмаған. Ресми деректерге қарасақ, ішке ешкім кірмеген. Зорлық жасағанын көрсететін белгілер жоқ.
Алайда кейін марқұмның қанынан есірткі табылды. Адвокаттары басында өзін-өзі өлтірді деген болжамды мойындамады. Кейін мойындады. Шын мәнінде қандай жағдай болғаны әлі күнге дейін жұмбақ болып келеді.

Түрме ғимараты мен жөндеу жобасы
Йозефштадт түрмесі бағанағы сот ғимаратына қосылған. Түрмеде де құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Үлкен камералар шағын камераға бөлініп, ішіне жуынатын бөлме салынады. Арнайы аурухана жаңартылады, жаңа қауіпсіздік орталығы салынады. Бұл шаралар түрме жүйесін гуманистік ұстанымға және заманға сай етуге бағытталған.
Жөндеу жұмыстары жасалмай тұрған кездің өзінде-ақ Қазақстан түрмелеріне қарағанда бұл түрмелер әлдеқайда заманауи, әрі гуманистік ұстанымға сай орын болған еді. Түрме тарихи ғимараттың және терезелерінде гүл толып тұрғын үйлердің қасында орналасқан.
Гүлдердің көрінісімен тіпті әдемі көрінеді. Дегенмен бұл орынның абақты екенін еске салатын қара сызық тіпті ең бір беделді, шайқап жүрген «дөкейлердің» де қамайтын орын екенін меңзеп тұрғандай көрінеді.

Қашқынның ақырғы «мекені»: Венадағы орталық зират
Рахат Әлиев жерленген орынның өзі бір талай нәрсені көрсетеді. Себебі Венаның орталық зираты жай қорым емес, ашық аспан астындағы музей десе артық айтқандық емес.
Әлиевтің қабірі арнайы аркамен қоршалған кешенде орналасқан. Сөзсіз қыруар қаржы төленгені анық. tor2 деген есігінен кіргенде әдемі аркалар сізді қарсы алады. Бұл қабірлердің ішінде, өнерінің құдіретімен дүниені асты-үстіне келтірген Бетховен, Моцарт пен Штраус сияқты ұлылардың қабірлері жатыр. Әрине, олардың жатқан жерін табу үшін біраз жүру керек. Тілшіміз Рахат Әлиевтің жатқан жеріне бет алды.

Рахат Әлиевтің қабірінің маңында гүлзар бар. Оған арнайы күтім жасалатыны бірден байқалды. Мұндай зиратқа күтім жасап тұратын адамға төленетін ақы арзанға түспейтіні анық. Демек, оны ұмытпаған жандар әлі де бар. Оған әлі күнге қарайласып, қабіріне күтім жасау үшін әлдекімден ақы төлейді деген сөз.
Мазардың сыртқы көрінісі де көз тартады. Ол еуропаның классикасына жататын мемориалдық сәулет үлгісінде безендірілген. Ақ мәрмәр саркофаг, бедерлі арка, періште мүсіндері мен латынша жазулар...
Композицияның жоғарғы бөлігінде – сәбиін бауырына басқан әйелдің дөңгелек бедерлі бейнесі тұр. Бұл Еуропа мәдениетіне тән, «Сәбиі бар Мадонна» ретінде танымал иконографиялық көрініс. Латын тіліндегі жазу — Aeterno amore. Requiescat in pace. Оны қазақ тіліне аударсақ: «Мәңгілік махаббатпен. Жаны жай тапсын» деген мағынадағы сөз шығады.
Дәл біздің елдің экс-шенеунігінің Қазақстандағы жерлеу рәсіміне мүлде ұқсамайтын, осындай безендірілген, сәулетті зиратта жатуы оғаш көрінуі мүмкін. Дегенмен мұның өзі метафора секілді. Себебі ол өмірінің соңғы жылдары тұрағы жоқ, қуғында болған әрі шетелде «қайтатын жері жоқ» деп танылып, отанынан «айырылған» азамат еді.
Уақыт зымырап өтіп барады. Тіпті Рахат Әлиевтің есімін мүлде естімеген, ол жайлы білмейтін жаңа ұрпақ та өсіп келеді. Дегенмен Рахат Әлиевтің дүркіреп басталған ғұмыры Венаның темір торлы терезесі бар абақтысында сөнгені әлі күнге көпке қызық, әрі жұмбақ ақпарат болып қалды.
Оның жарқ еткен ғұмыры дүниені ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған «серкелердің» өзі де өзге елден топырақ бұйырып, мәңгілік сапарға аттанатынын көрсетті.
Автор: Жадра Жулмухаметова
Еске сала кетсек, 2025 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы президенттердің және олардың отбасыларының денсаулығы мен жеке өміріне қатысты ақпаратты мемлекеттік құпияға жатқызатын заңға өзгерістер енгізді. Бұл жаңалық аясында ақпарат таратуға тыйым салынды. Бұл заң жайлы материалымыздан толығырақ оқыңыз.
Саяси тұлғалардан Рахат Әлиевтің қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаев та біраз кітап жазды. Алайда оның «Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа» деген автобиографиялық кітабы тым ерекше еді.
Ондағы ерекшелік — экс-президенттің 1999 жылғы «Мисс Қазақстан» байқауының жеңімпазы Әсел Исабаевадан ресми некесіз екі ұлының бар екенін неге мойындауы болды.
Тауман мен Байкен қазір 19 және 16 жаста. Олар жайлы көп мәлімет жоқ, бірақ олар Қазақстанда тұрмайды.
Нұрсұлтан Назарбаев өз ұлдарын ресми түрде таныстырып, оларды өзінің отбасы мүшелері ретінде жариялады. Осы сәттен бастап олар толыққанды отбасына және экс-президенттің мұрагерлеріне айналды. Бір жылдан кейін, Қазақстанда жаңа заңға өзгерістер енгізілді. Жоғарыда айтқан заңның осы отбасы мүшелерін қорғау үшін қабылдануы әбден мүмкін.
Жаңалықтар
- Қазақстанда 622 стоматологиялық ұйым тексеріліп жатыр
- «Қайрат» жастары «Олимпиакосты» 2:0 есебімен жеңді
- «Бір бала көз жұмды»: Астанада жасөспірім балалар арбасын өртеп жіберді
- Егіс алқабы бекітілген кестеден 1 гектар артық егілсе, енді оған су берілмейді
- Назарбаевтың бұрынғы көмекшісі 1,6 млрд үшін британ лордымен соттасып жатыр
- Дәурен Айдаркұлов екі әйелі бар екенін айтып, сынға қалды
- 2027 жылы елімізде жүргізушісіз жүк көліктері мен таксилер пайда болады
- Қостанайдағы айықтыру орталығында науқасты тепкен санитар 4 жылға сотталды
- «Ер адамның жыныс мүшесін ұстау сауап»: Азаматша медреседегі ұстаз жайлы сұмдық оқиғаны айтты
- «Пара алған»: Қытайда бұрынғы мемлекеттік компания басшысы өлім жазасына кесілді
- Түркістанда қомақты қаражат жымқырған бұрынғы бас дәрігер қолға түсті
- Алматы облысында жол апатынан төрт адам қаза тапты
- «Астанаға жаяу барамын»: Қаңтар құрбанының жесірін біреулер кері қайтарды
- Сот «Орда» редакциясының бас редакторын үйқамақтан шығарудан бас тартты
- Димаш Құдайберген БҰҰ-ның ізгілік елшісі болып тағайындалды
- Бомба жайлы хабардан соң, Алматыдағы MEGA-дан халық үдере сыртқа шықты
- «Whatsapp-тағы сөз енді заңды құжат»: депутат Мұрат Әбенов жаңа өзгерістер жайлы айтты
- Тоқаев келесі үш жылға арналған бюджет туралы заңды бекітті
- Түркістан облысында экс-келінін ұрған ер адам сотталды
- «Тура биде туған жоқ» немесе «көбелек эффекті»: журналистерді қамау қоғамды қалай құлдыратады?