Жаңа жылға дейін салымшылар зейнетақы төлемдерін алуы қажет

cover

«БЖЗҚ» АҚ зейнеткер жасына (ерлер – 63 жас және одан жоғары, әйелдер – 2020 жылы 59,5 жас және одан жоғары) жеткен, Қорда зейнетақы жинақтары бар адамдарды зейнетақы төлемдерін алуға өтініш білдірмесе де, қордан зейнетақы төлемдерін алуға құқылы екенін хабарлады. 

Әсіресе 59,5 жасқа былтыр толған әйелдердің назарын ерекше аударғымыз келеді. Олар төлем тағайындауды жыл соңына дейін талап етпесе, тек келесі жылы 60 жасқа толғаннан кейін ғана арыздана алады. Себебі ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес әйелдердің зейнетке шығу жасы жыл сайын жарты жылға ұлғайып, 2027 жылы ерлермен теңесетіні белгілі.

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері өтініш берген күннен бастап белгіленеді де, қордағы  зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады. Зейнеткерлік жасқа толуына байланысты бірыңғай өтініш беру үшін Мемлекеттік корпорацияның жұмыс кестесіне сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа өзіңізге ыңғайлы уақытта жүгіну қажет. Сондай-ақ, зейнетақы төлемін тағайындау туралы өтінішті зейнеткерлік жасқа толғанға дейінгі 10 күн ішінде бере аласыз.

Бірыңғай өтініш берген адамға Мемлекеттік кепілдік (инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы мен зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма) төлеу бойынша қызмет көрсетіледі.

БЖЗҚ алушылардың Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелеріне сәйкес есептелген зейнетақы төлемдерінің сомаларын Мемлекеттік корпорацияға аударады.

Ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 02.10.2013 жылғы № 1042 қаулысымен бекітілген Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес есептелген зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде айқындалады.

Егер кезекті ай сайынғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының ЖЗШ-ындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан кем соманы құраса, бұл қалдық кезекті төлемнің сомасымен бірге төленеді.

Мемлекеттік корпорация БЖЗҚ-дан бюджет қаражаты және зейнетақы жинақтары есебінен төлемдерді алушының өтініште көрсетілген банк шоттарының біріне бір күн ішінде аударады.

Зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібі туралы толық ақпарат, оларды БЖЗҚ-ға ұсыну тәсіліне (өзі келген жағдайда/пошта байланысы құралдары/үшінші тұлға арқылы) байланысты қажетті құжаттар тізбесі, оларды ресімдеуге қойылатын талаптар, сондай-ақ, өтініштердің бланкілері мен оларды толтыру үлгілері, сенімхаттардың үлгілері, уәкілетті мемлекеттік органдардың түсіндірмелері БЖЗҚ-ның www.enpf.kz веб-сайтында орналастырылған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар