Жаңа оқу жылында мектеп формасы міндетті бола ма?

cover

Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылындағы мектеп формасының міндеттілігі туралы сұраққа жауап берді.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

COVID-19 пандемиясынан туындаған карантинге дейін мектеп оқушылары білім беру ұйымдарына мектеп формасымен келуі керек еді. Өткен жылы Білім министрлігі мектепке еркін формада, ешқандай классикалық стильді ұстанбай келуге рұқсат берді. 2021 жылы қандай ережелер күшіне енеді?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшілігінің және білім бөлімі басшыларының пікірін ескеріп, көпшілігі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келді.

– Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық, - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Министр мектеп формасын өндірушілердің бұл мәселеде әр түрлі пікірде екенін атап өтті және министрлік бұл шешімді қабылдауда нені басшылыққа алғанын түсіндірді.

- Біріншіден, эпидемиологиялық жағдайды ескердік. Қазір еліміздің көптеген аймақтарында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, Covid-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз.

Екіншіден, кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін. Сондықтан, егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады.

Қорытындылай келе, мектеп формасына қатысты қандай шешім қабылданса да, осы мәселе төңірегінде пікірлер әр түрлі болатынын түсінемін. Мектеп формасын жақтаушылар да, қарсы болғандар да өз пікірлерін айтатыны белгілі, - деді министр.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар