Қытайдан үш млн «екпе» келгені рас па?

cover kt.kz

Жақында желіде Қытайдан Қазақстанға үш млн екпе флакондары келді деген хабарлама тарады. Алайда, ол отандық QazCOVID-in вакцинасына арналған құмыралар. Бұл туралы 31 наурыздағы брифингте биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария мәлімдеді.

Бұл туралы Orda.kz Азаттыққа сілтеме жасап хабарлады.

— Иә, Қытайдан келген құмыралар біздің екпеге арналған. Біздің екпе флакондарға құйылады. Флакондарға Қытайдан тапсырыс бердік. Екпені құюға кез келген флакон жарай бермейді. Сертификатталған флакондар керек. Бос флакондар институтымызға жеткізілді. Алда соларға екпе құямыз. Үш миллион құмыра бар. Шанхайдағы компаниядан алдық, - деді ғылыми-зерттеу институтының бас директоры.

Еске салсақ, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Қазақстанға үш миллион «екпе флаконы» жеткізілгенін айтқан.

Күнсұлу Закарияның айтуынша, институтқа жеткізілген флакондар стерилизациядан өтіп жатыр.

Журналистерде «QazCOVID-in екпесінің екі млн дозасы ғана шығарылатын болса, неге үш млн құты келді» деген сауал туындады.  

— Шыны құмыралар әлсіз. Демек, шытынаған, сынған флакондар болуы мүмкін. Оларға екпе құюға болмайды. Бұл – тексеру үшін алынған алғашқы партия. Екпе құйғанда биохимиялық тексерістен өтеді. Сондықтан мұндай флакондар молырақ алынады, - деді институт директоры.

Жақында бұл флакондар Қытайдан нешеге алынғаны жарияланады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар