Виктор Храпунов: «Қазақстан қалаларындағы жылу желілері біртіндеп істен шығады»

cover Коллаж: Orda.kz

Қыс енді ғана басталды, бірақ қатты аяз елімізге, тіпті оңтүстікке де келіп жетті. Бірден бірнеше қалада жылу электр станциялары мен жылу магистральдары сыр беріп, апат көбейді. Өкінішке қарай, бұл жыл сайынғы дәстүрге айналып бара жатыр.

Жалпы қазақстандық энергетика, оның ішінде жылу энергетикасы неліктен нашар екені туралы Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкенова Алматы мен Шығыс Қазақстан облысының әкімі ғана емес, сонымен бірге Энергетика министрлігін басқарған және Алматы жылу электр орталығында жұмыс істеген Виктор Храпуновпен осы тақырыпта сұхбаттасты.

Біз әңгіменің ең қызықты жерлерін ұсынамыз. Сұхбаттың толық нұсқасын Orda News YouTube арнасынан көруге болады.

Назарбаевтың қателіктері туралы

Әсіресе, Қазақстандағы энергетика мен жылу энергиясына деген көзқарас немқұрайлы болды. Ал ол бірінші басшы – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көзқарасына байланысты еді.

Ол энергетикалық жүйені қалпында ұстай алмады. Үш ведомствоны – энергетика, мұнай-газ, геологияны біріктіріп, Энергетика министрлігінің түбіне жетті.

Қазақ КСР-де Энергетика министрлігі мен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігі болды. Қаланы электр және жылумен қамтамасыз ету Энергетика министрлігіне жүктелді. Ал, қалаларға жылу бөлуді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігі атқарды. Олардың арасында қарама-қайшылықтар болды - бұл тепе-теңдікті сақтау үшін қажет болды.

2021 жылдан бері Қазақстанда бес жаңа энергетика министрі тағайындалды. Мұндай министр, әсіресе,  инженер-энергетик білімі болмаса, не істей алады? Энергетиканың иісі мұрнына бармайтындар саланы басқарды.

Бүгінгі күні де үкіметте бірде-бір энергетик жоқ.

Электр станцияларының қалай сатылғаны туралы

1996 жылы біз энергетиканы дамыту бағдарламасын бекіттік. Бірақ Назарбаев өз түзетулерін жасады. Ол өзінің жақын адамдарына электр станцияларын тарата бастады, бұған негізі мүлдем тыйым салынған.

Қарағандыдағы ​​ГРЭС-2 мемлекеттікі болуы керек еді, бірақ Назарбаев оны Владимир Кимге берді. Мен сол кезде таң қалдым. Бұған жыным келді, бірақ ешкіммен ақылдаспай, Мемлекеттік мүлік комитеті мен жекеменшік мемлекеттік комитеті тендер өткізіп, Кимнің уысына бере салды. Қуаттылығы төрт миллион киловатт Екібастұз ГРЭС-1 тозуды есепке алғанның өзінде екі миллиард долларға жуық бағалануы керек еді. Ол алды да американдық AES компаниясына бес миллион долларға бере салды. Содан кейін  «сорымыз қайнап» оны шамамен 1,5 миллиард долларға қайта сатып алдық және сол үшін АҚШ басшылығына жасырын пара берілді.

Риддер станциясы ешқандай жағдайда да  AES-ке берілмеуі керек еді. Олар бұл станцияны қалай басқаруды білмеді. Сондықтан барлық генераторларды бөлшектеп тастады - бұл шын мәнінде қылмыс. Келесі иесі американдықтар азды-көпті сауаттырақ болып, бір турбинаны орнатып, кетіп қалды. Ал артынша келген жігіттер оның быт-шытын шығарды. Ал «қожайындардың» мойнына алған барлық міндеттемелердің орындалуын қадағалап отыруы тиіс Мемлекеттік мүлік комитеті мен жеке меншік істер жөніндегі мемлекеттік комитет қайда қарады?

Екібастұз және Степногорск қалаларындағы апаттар туралы

Бүгінде «2022 жылдың 27 қарашасында Екібастұзда болған оқиғаға Клебанов емес, мемлекет кінәлі» деген айқай-шу естіледі. Бірақ бұған мемлекет емес, оның басшысы, экс-президент Назарбаев кінәлі.

Клебанов Екібастұздағы электр стансасына келген соң оның барлық қыр-сырына үңілуге міндетті болды. Өйткені әрбір қазандықтың, әрбір турбинаның қызмет ету мерзімі бар. Және ол қадағалап отыруға тиіс: биыл бесінші қазандықты, келесі жылы оныншыны ауыстыру керек деген мәселе бар еді. Бұл қомақты қаражатты қажет етеді. Оны не үшін әкелді? Осы станцияны дамытуға қаржы ресурстарын тарту үшін. Бірақ ол мұны істемеді.

 Екібастұзда «Екібастұзжылуэнерго» мекемесінің директоры, Екібастұз жылу электр орталығының директоры және жылу желілерінің директоры сотталып жатыр. Басқа ешкімді соттап жатқан жоқ. Бірақ мен маман ретінде сұрақ қоямын: апаттың себептерін ерлікпен жойған бұл адамдардың өтемі қандай? Олар өз міндеттеріне адалдық танытпады деп айыпталуда. Ал ақша жоқ – Клебанов ақша бермеді, Кан ақша бермеді. Олар не істей алды? Сонымен не болды: бөлінген қаржы талан-таражға салынды, станция қаңырап қалды.

Екібастұз оқиғасында станция қожайындары Клебанов пен Кан да айыптылар қатарында отыруы керек еді. Олар қазір сотталып жатқандарға бұйрық беріп, жұмысты жолға қоюы керек еді.

Неліктен Еуропадағы энергетиктер ұзақ қысқа қуанса, Қазақстан энергетиктері ұзақ қысқа шағымданып жатыр? Еуропадағы энергетикалық компаниялар ұзақ қыстың арқасында қосымша пайда табады. Қазақстанда бәрі керісінше. Жоғарыдағылардың  кесірінен Қазақстанның энергетика саласы екібастұздағыдай күйзелістерге, қирауларға ұшырап, салдарынан сот процестері жүреді.

Скляр Екібастұз ЖЭО-ның құруына жол бермейміз: «Біз оған қаржы құямыз» деді. Иә, Екібастұз жылу электр орталығына құярсың. Бірақ бүкіл Қазақстанды қалай құтқармақсың?

Биыл Екібастұз жылу электр орталығында болған апат кезінде облыс әкімі: «Қалаға берілген температура 63 градустан төмен түскен жоқ» деді. Бірақ ауа температурасы 63 градус болса, бұл олар қаланы сол кезде мүлдем жылумен қамтамасыз етпеді деген сөз. Өйткені Екібастұз үшін төменгі температура 70 градус болса, жоғарғы шегі 90. Нағыз энергетиктер үшін 63 градус төтенше жағдай.

Степногорскіде не болды? Өз ойымды айтайын: сыртқы ауа температурасы нөлден жоғары болды, бірақ ол төмендей бастады, -33-ке жетті. Энергетиктер ыстық судың температурасын көтере бастады, желілерді термиялық кеңейту басталды. Ол арнайы құрылғылар арқылы жүргізілуі керек. Бұл жылу желілерінің бір жерде кептеліп қалғанын білдіреді. Бұл энергия тасымалдаушысының температурасы 150 градусқа дейін көтеріліп, жылу желілеріне не болатынын бақылайтын кезде жоғары температура сынақтары жүргізілмегенін білдіреді. Бірақ олай боллмайды, өйткені импульст пайда болады және оларды жою керек. Логикалары мынау: сынақ жүргізбей-ақ қояйық, есесіне жұмыс азаяды, мүмкін білінбей өтіп кетер деген есек дәме. Дегенмен Степногорскіде «білініп қалды» білінбек түгілі бүлініп тынды.

Энергетикалық жаңғырту туралы

Жер асты жылу магистралінің қызмет ету мерзімі 25 жыл. 1980 жылы жаңа жылу магистралі тартылды делік. 25 жылдан кейін ол толығымен ауыстырылуы керек еді. Бірақ 1990 жылдан бері жылу-энергетика саласына инвестиция құйылған жоқ. Біз жарамсыз болған апатты аймақтарды ауыстырдық. Қалғандарына қаржы болмады. Мемлекет бұл процестерді қамтамасыз етуі керек еді, бірақ олай болған жоқ.

Енді әртүрлі қалаларда желілер жиі істен шығатын уақыт келді. Өйткені олардың жағдайын қанағаттанарлық деп айту қиын.

Қазір энергетиканы дамыту тұжырымдамасы бар. Оған сәйкес, 2035 жылға қарай Қазақстанда қуаттылығы 17,1 гигаватт болатын электр станциялары салынуы керек. Қазір Қазақстан Республикасындағы барлық электр станциялары 22 гигаватт қуат өндіруге қауқарлы. Олар осы уақыт ішінде жылына 326 миллион долларға 5,6 миллиард доллар жұмсау керек дейді. Бірақ бұл күлкілі! Бір киловатт қуат 1000-нан 1600 долларға дейін тұрады. Егер сіз 17,1 миллион ваттты 1600-ге көбейтсеңіз, сізге қанша ақша салу керек? Біреуі екіншісіне сәйкес келмейді. Ал қолданыстағы 22 гигаватт жаңғыртуды қажет етеді. Бірақ қандай бағамен? Мемлекет қаржыландыру көздерін табуы керек.

Менің есептеуім бойынша, Қазақстанның бүгінгі жағдайын ескере отырып, біз алдағы бес-алты жылда энергетикалық инфрақұрылымға жыл сайын бес-алты миллиард доллар инвестициялауымыз керек. Бұл ең консервативті бағалау бойынша ғана.

Менің ойымша, мүдделі мемлекеттік орган болуы керек:

1. Барлық тұтынушыларды сенімді және үздіксіз жылумен қамтамасыз ету.

2. Қажетті бәсекелестік орта құру.

3. Монополист құрал-жабдықтарды ауыстыруға қаражат салсын.

4. Энергия өндірушілерге жылу мен электр энергиясын өндіруге кеткен барлық шығындар өтелсін.

5. Тұтынушы Қазақстандағы ең арзан электр энергиясын алсын.

 

Электровозды қалай жүргізетінін, станцияның қалай жұмыс істейтінін, жанар-жағармай беретінін білетін соңғы маман қайтыс болғанға дейін, біз әлі де саланы жаңғыртуға қол жеткізе аламыз. Бірақ оның айналасына энергетика саласында жұмыс істеуге ынталы мамандар тобын жинау керек.

Мұнай-газдан бөлек Энергетика министрлігін құру қажет, өйткені мұнайшылар үшін энергия екінші орында. Қазақстандағы барлық жылу желілері коммуналдық меншікке өтуі керек. Бірде-бір жылу желісінің басшысы аймақтың қаржысынсыз төтеп бере алмайды. Ал үкімет инфрақұрылымды дамытуға бағытталған өңірлердің қаржысын тартып алмауы керек.

Ядролық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Рожков 2023 жылы энергетикаға 160 млрд теңге жұмсалғанын айтты. Артынша департаменттің өзі түзетіп қойды – 160 емес, 146 деп. Ал өткен жылы ол шамамен 60 миллиард болды, сондықтан олар қанша инвестициялады. Бірақ мен оны салыстырдым: Қазақстан Республикасы 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізуге 543 миллиард теңге жұмсады! Осындай түкке тұрғысыз Назарбаевтың шаралары болмағанда қаншама жылу жүйелерін жөндеуге болар еді.

Назарбаевқа Алматыдағы жылу желілерін өз қаражатына толығымен ауыстыруды міндеттеу керек. Құлыбаев басқа қалада өз қаражатына жасасын. Барлық қалаларды отбасы мүшелеріне бөліп беру қажет. Бұл Назарбаевтар кланының үлесі болады.

Жаңа станциялар туралы

Ресейдің қатысуымен салынған ЖЭС салуда көп саясат жоқ. Олар оны салады, жабдық келесі 25-30 жылда жұмыс істейді, бұл қазірдің өзінде жақсы. Бірақ бұл станциялар арқылы ресейлік саясаткерлер Қазақстанға да, Семейге де, Өскеменге де, Көкшетауға да әсер ете алмайды. Менің ойымша, бұл Тоқаев пен Путиннің қарым-қатынасын тегістеуге көмектесетін қандай да бір жемісті іс.

Қазақстанға атом электр станциясы қажет. Және оны дәл Үлкенде салу қажет.

Тарифтер мен жалақы туралы

Тарифтерді көтеру саяси тұрғыдан мүмкін емес еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың қателігі оның таза экономикалық мәселелерді саяси мәселелерге көшіруінде болды.

Біз энергетиканы қайта құру бағдарламасын әзірлеген кезде мемлекет белгілеген тарифтер одан әрі дамуға және бәсекеге қабілеттілікке ынталандырмайтынын түсіндік.

 Өскеменге энергетика саласына барғанымда ол жаққа баруға асық болдым, өйткені ондағы жалақы металлургиядан 20-25 пайызға жоғары болатын. Бүгінде Ақмола немесе Қарағанды ​​облыстарының әкімі атап өткендей, энергетика саласындағы жалақы жалпы облыстағыдан төмен. Енді бұл салада кім жұмыс істейді?


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар