Венгрияда 16 жылдық билік құлады: Орбан неге жеңілді?
Сурет ЖИ көмегімен жасалған
Бұл елде отбасыларға үй немесе көлік алуға субсидия беріледі, жалақы жоғары, 25 жасқа дейінгілер салықтан босатылған, ал бюджет саласы қызметкерлеріне қосымша төлемдер енгізілген. Алайда Венгрияда билік ауысты. Orda.kz тілшісі бұл елде билік ауысуына не себеп болғанын түсіндіреді.
12 сәуірде елде парламенттік сайлау өтті. 16 жыл бойы елді басқарып келген Виктор Орбан жеңіліске ұшырады. Сайлауға халықтың қатысу деңгейі 79,5 пайыз. Қорытынды нәтиже 18 сәуірге дейін шығады, алайда Орбан бірден қарсыласын жеңісімен құттықтады.
2010 жылдан бері Орбан жеңіске жетіп, елдің саяси бағытын өзгерткен. Бастапқыда либерал әрі Батысқа жақын болса, кейін бұл бағыт ұлттық, консерватив күшке айналды.
Тарихи реніш: Венгрия неге өткенін ұмытпайды?
Виктор Орбан өзін «венгр ұлтының қорғаушысы» ретінде көрсетіп келді, ал «қауіп» үнемі өзгеріп отырды: бұрын либерал элиталар болса, қазір ЕО мен Украина аталды. Бұл ұғымға көрші елдердегі этникалық венгрлер де кіреді — билік Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тарихи ренішін, яғни ел территориясының үштен екісі жоғалғанын белсенді пайдаланып келді.
Бұл реніштің түбі — Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі шешімдерде. 1920 жылы Венгрияға өте ауыр шарттар қойылып, ел территориясының шамамен үштен екісі басқа мемлекеттерге берілді. Салдарынан миллиондаған этникалық венгр өз елінен тыс қалып қойды — Румынияда, Словакияда, Сербияда, Украинада. Яғни халық бір күнде «шекара сыртында» қалып қойғандай сезінді. Бұл ұлттық деңгейде әділетсіздік ретінде қабылданып, ұрпақтан ұрпаққа өткен тарихи ренішке айналды.
Сол себепті бұл тақырып саясатта жиі қолданылады. Логикасы қарапайым: «бізді бір кезде сыртқы күштер бөлшектеді, енді біз өз бірлігімізді қорғауымыз керек» дейді. Осы арқылы билік ұлттық бірегейлікті күшейтеді, сырттағы венгрлерді «өз халқымыз» деп көрсетеді және қазіргі саяси қысымдарды да сол тарихи әділетсіздікпен байланыстырып түсіндіреді.
Солайша мемлекет «дәстүрлі құндылықтарды» күшейтіп, білім беру мен медиада насихаттады: атап айтсақ, мектеп бағдарламасы өзгеріп, тарих пен христиандық тамырларға басымдық берілді. Әлеуметтік саясатта да нақты қадамдар болды — отбасыларға үй не көлік алуға субсидия берілді, жалақы өсті, 25 жасқа дейінгілер салықтан босатылды, ал бюджет саласының қызметкерлеріне қосымша төлемдер енгізілді.
Бірақ бұл саясат бәріне ұнай бермейді. Әсіресе жастар мен ірі қала тұрғындары Орбан тұсында ел демократиядан алыстады деп санайды. Экономикада да мәселелер бар: өсім баяу, бюджет тапшылығы 5%-дан асуы мүмкін, мемлекеттік қарыз жоғары. Әлеуметтік тұрғыда кедейлік азайғанымен, халықтың бір бөлігі мемлекет көмегіне тәуелді болып қалған.
Сайлау жүйесі қалай өзгертілді?
Оның үстіне, Орбан билігі жүйені өзіне тиімді етіп өзгерте бастаған. Сайлау ережелері қайта жазылып, кейінгі сайлауларда партия аз дауыс алса да, парламентте көп орын алатын жағдай жасалды. Соның арқасында 2014, 2018 және 2022 жылдары «Фидес» үнемі көпшілік орынды сақтап қалды.
Партия тек жүйені өзгертіп қана қоймай, өз сайлаушыларын да көбейтті. Негізгі тірегі — ауыл мен шағын қалалардағы халық. Сонымен қатар шетелде тұратын венгрлерге азаматтық беріп, оларды сайлауға қатыстырды. Бұл да нәтиже берді: сырттағы сайлаушылардың басым бөлігі «Фидесті» қолдады. Тіпті кейін «сайлау туризмі» деген тәсіл пайда болды.
Ақша мен медиа: биліктің негізгі құралдары
Осының бәріне қосымша тағы екі маңызды құрал болды: ақша және ақпарат. Кей жерлерде сайлаушыларға азық-түлік, ақша тарату сияқты жағдайлар кездескен. Ал медиаға келсек, билік елдегі ақпарат құралдарының шамамен 80 пайызын бақылауға алды. Нәтижесінде тәуелсіз журналистика әлсіреп, халық көбіне билікке тиімді ақпаратты ғана көретін жағдай қалыптасты.
Қоғамдағы ең үлкен наразылық — жемқорлық пен «тамыр-таныстық» болды: билікке жақын адамдар байып кеткен. Мысалы, Орбанның досы Лёринц Месарош қарапайым жұмысшыдан елдегі ең бай адамға айналды, ал күйеу баласы Иштван Тиборч мемлекеттік тапсырыстар арқылы жүздеген миллион еуро табысқа шыққан.
Алайда саясат сахнасына бұрын Орбанның өз командасында болған Петер Мадияр шықты. Ол жүйені ішінен білетін адам ретінде тез танылып, бұрынғы әріптестеріне қарсы шықты. Мадиярдың танымалдығы оның нақты әрекеттерінен кейін күрт өсті. Ол «Тиса» партиясына қосылып, небәрі бірнеше айда оны елдегі ең ықпалды күштердің біріне айналдырды. Ол халықпен тікелей жұмыс істеп, жемқорлыққа қарсы күрес, демократияны күшейту, ЕО-мен қатынасты жақсарту сияқты түсінікті ұрандар ұсынды. Сонымен қатар кей мәселелерде Орбанға ұқсас позиция ұстанып, оның электоратын да тарта алды. Нәтижесінде «Тиса» «Фидестен» озып кетті.
Қорқыныш саясаты: Украина тақырыбы қалай қолданылды?
Орбанның жеңілісі кездейсоқ жағдай емес. Кейінгі айларда оның билігіне қарсы үлкен ақпараттық қысым болды: Батыс медиасы Венгрияның Ресеймен тығыз байланысын ашық көрсетті. Тіпті сыртқы істер министрлерінің құпия әңгімелері жарияланып, Орбанның Кремльмен жақындығы тағы да күмән тудырды. Осы фон аясында Петер Мадияр өз позициясын күшейтіп, билікті ашық сынады. Ал Орбан әдеттегі тәсілге сүйенді: «мен кетсем — елді соғыс пен хаос күтіп тұр» деген риториканы қолданды, Украина мен Владимир Зеленский тақырыбын қорқыныш құралына айналдырды.
Соған қарамастан, сайлау нәтижесі биліктің әлсірегенін көрсетті. Бірақ басты мәселе — енді не болады? Орбан жеңілгенімен, жүйе сол күйі қалды: сот, прокуратура, медиа — бәрі бұрынғы билік ықпалында. Оның үстіне экономикада қиындық көп, ал ЕО қаржысын алу үшін жаңа үкіметке күрделі реформалар жасау керек. Бірақ бұл реформаларды ескі жүйе тежей алады. Сондықтан бұл сайлау өзгерістің басталуы ғана — Венгрияда негізгі күрес енді басталады.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Астанада өрттен үш бала опат болды: Құтқарушылардың жолын жапқан көлік жүргізушісі жазаланды
- ҰҚШҰ бас хатшысы Тоқаевқа алдағы жоспарын таныстырды
- Қазақстанның Корея мен Мьянмадағы елшілері тағайындалды
- Иранда өлім жазасына кесілгендер саны күрт артты
- Коронавирустың балаларға тез жұғатын жаңа штаммы пайда болды
- Венгрияда 16 жылдық билік құлады: Орбан неге жеңілді?
- Тоқаев Низар Амидиді Ирак Республикасының президенті болып сайлануымен құттықтады
- Бішкекте ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Даниэль Рысалиев ұсталды
- Бектенов көлік-транзиттік әлеуетті дамыту жөнінде жиын өткізді: Көлік министрлігі сынның астында қалды
- Шымкентте өткен автофестивальда әзілкешті көлік қағып кетті
- Қалжалау дәстүрі: Қырық күн күтімнің жаңа форматы қандай?
- Яна Легкодимованы өлтіргендер әлі ұстау изоляторында: Этаптау үшін ұлттық ұланның арнайы қарауылы сұралған
- Қостанайда қайғылы жол апатынан 4 адам ажал құшты
- Астанада жыл басынан бері жол ережесін 61 рет бұзған BMW жүргізушісі ұсталды
- ҚМА: 78 жәбірленуші қаржы пирамидасына 110 млн теңге салған
- Державалардың таласы басталып кетті. Айға ұшудың мәні неде?
- Қаражат жинауға, мейрамханаға баруға тыйым салынады: Оқу-ағарту министрлігінің бітіру кешіне қатысты мәлімдемесі
- Шымкентте шетелдіктердің елге заңсыз кіруіне жағдай жасағандар ұсталды
- Орбан парламенттік сайлауда жеңілгенін ашық мойындады
- Димаш Құдайберген Қытайда продюсер ретінде алғашқы марапатын алды