Ұлттық банк теңге бағамын құтқара ала ма?
Коллаж: Orda.kz
Қазақстанның ұлттық валютасы екінші апта қатарынан «қалтырап» тұр. Шілде айында теңге ресми есеп бойынша долларға қатысты 4 пайызға арзандады. Ұлттық банк «отқа су сепкендей» 125 миллион доллар көлемінде валюта интервенциясын жасады. Бірақ бұл науқасқа көмектесе ме? Orda.kz Ұлттық банк теңгені арашалап қала ала ма, соны анықтауға тырысты.
Бұл кімге тиімді?
Әр түрлі ведомстволар мен сарапшылар шілде айындағы теңгенің долларға шаққандағы күрт әлсіреуін түрлі факторлармен байланыстырып түсіндіріп үлгерді. Ұлттық банк бұл құлдырауға негіз болатындай фундаменталды факторлар жоқ деп мәлімдеді. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр да теңгенің «әлсіреуін» үкімет басшысы Олжас Бектеновтің келесі жылға арналған бюджетті 1 доллар = 540 теңге бағамымен жоспарлау туралы айтқан сөзімен байланыстыруды жоққа шығарып отыр.
Ал экономист Ернар Серік бұл жағдайдың басты себебін — бизнес тарапынан валютаға деген сұраныстың артуынан көреді, себебі олар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға кірісіп кеткен.
Алайда сұрақ туындайды: егер нақты себептер жоқ болса, онда валюта нарығындағы алыпсатарлық кімге тиімді? Ұлттық банк интервенцияға тым кеш кіріскені кездейсоқ па? Өйткені, егер доллар өссе — Ұлттық қордың мұнай кірістерінен түсетін теңгедегі түсім көбейеді. Әлде бұл үкімет үшін бюджетті жапқанға ыңғайлы ма…
Экономист Марат Әбдірахмановтың айтуынша, Ұлттық банк пен үкіметке теңгенің әлсіреуі белгілі бір дәрежеде тиімді болуы мүмкін. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан экономикасындағы ақша көлемі 18%-ға өскен. Ал тауар көлемі өзгеріссіз қалды. Экономистің пайымынша, несие бойынша шекті мөлшерлеменің төмендеуі ұлттық валютаға қысымды азайтып, девальвация қарқынын баяулатуға көмектесті.
«Өткен жылы бұдан да көп теңге эмиссияланды, сондықтан девальвация былтыр болады деп күткенбіз. Ол 13% көлемінде жүзеге асты. Биылғы жылы девальвация қазірдің өзінде 7%-ға жетті. Демек, кредит бойынша шекті мөлшерлемені төмендетудің әсерін көріп отырмыз — теңге девальвациясының қарқыны төмендеді. Бұл — мәселенің бір жағы. Екінші жағы — алтын-валюта резервтері мен мемлекеттік қарыз. Мемлекеттік қарыз базалық мөлшерлемеге байланысты өсуде. Ол әлі де бұрынғы деңгейде — демек, қарыз былтырғыдай қарқынмен өсіп жатыр. Ал оны өтеуге бюджеттен ақша қажет. Ал бюджетке түсетін түсім азайып жатыр», — дейді Марат Әбдірахманов.
Экономистің айтуынша, қазақстандықтардың қазіргі тұтынушылық несиелері 17 трлн теңгеге жеткен, ал бұл несиелердің көбісі күнделікті қажеттіліктерге алынған. Аталған несиелер өте жоғары пайызбен беріліп отыр, ал бұл өз кезегінде теңгеге қысымды күшейтіп, девальвацияны үдетіп жатыр. Бұған салықтардың көтерілуі де қосымша болып отыр.
«Өткен жылы елімізде тұтынылған тауар мен қызмет көлемі 68 трлн теңге болды. Биыл инфляцияны есепке алғанда бұл көрсеткіш 80 трлн болуы тиіс. Бұл — халықтың коммуналдық қызметтерге, азық-түлікке, жанармайға, медицинаға және т.б. төлейтін ақшасы. Ал мемлекет осы сомадан тағы 10 трлн теңге алатынын айтса — халық бұл ақшаны қайдан табады? Себебі бұл қаражат табиғатта жоқ. Ресми мәлімет бойынша, 4 миллион жалдамалы жұмысшының жалақысы — 5 трлн теңге. Ал 2,5 миллион өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам — 10 трлн теңге табады. Үкімет осы айырмашылықты іздеп отыр. Өткен жылғы ресми азық-түлік тұтынуы — 21 трлн теңге болса, нарықтағы нақты көрсеткіш — 34 трлн теңге. Халық амалдап өмір сүруде», — дейді Әбдірахманов.
Оның пікірінше, Ұлттық банк — Ұлттық қор активтерін басқаратын орган ретінде — теңгенің әлсіз болғанына шын мәнінде мүдделі. Алайда бұл пікірмен келіспейтін сарапшылар да бар. Қаржылық сарапшы Андрей Чеботарев Ұлттық банк теңгені әдейі «басуға» мүдделі емес екенін атап өтеді. Бұл пікірді ол — «астыртын теория» деп сипаттайды.
«Ұлттық банкке арзан доллар тиімді емес — ал үкіметке жалпы тиімді. Бірақ Ұлттық банк пен үкімет — бір ұйым емес. Үкімет мүмкін долларды түсіргісі келетін шығар, бірақ оның қолында бұл үшін ешқандай құрал жоқ. Тіпті Ұлттық банк те мұны өз қолымен істей алмайды», — дейді Чеботарев.
Ұлттық банктің басты мақсаты — бағаны бақылау және инфляцияны тежеу. Ал доллар бағамы жоғары болған сайын, баға да өсе береді. Сондықтан Ұлттық қордан доллар сату арқылы пайда көру мүмкіндігі болса да, ол зиян келтіретін болғандықтан, тиімсіз.
«Мен Ұлттық банк үкіметке әдейі көмектесіп жатыр деп ойламаймын. Бұл — біздің валютаның шын нарықтық жағдайы. Экономикамыз алты пайызға өсіп жатыр — бұл үлкен көрсеткіш. Экономика өскен сайын айналым капиталына деген сұраныс та артады. Айналым капиталы — жаңа құрал-жабдықтарға салынатын инвестиция және т.б. Ал мұның бәрі валютаға сатып алынады. Сондықтан өсіп жатқан экономика жағдайында валютаға сұраныс әрдайым артады. Біз әдейі әлсіреп отырмыз деу — қате. Бұл соншалықты оңай нәрсе емес», — дейді Чеботарев.
Доллар 270 теңге болуы мүмкін бе — аңыз ба әлде шындық па?
Экономист Марат Әбдірахмановтың пікірінше, теңге қатты төмен бағаланып отыр. Оның ойынша, қазір радикалды шаралардың уақыты келген: жай ғана долларды тежеу емес, теңгені нығайту, яғни ревальвация жасау керек. Бұл — нарықтық емес, Ұлттық банк тарапынан күшпен қабылданатын шешім.
«Экономикадағы барлық диспропорцияны жою үшін теңгені ревальвациялау керек. Яғни бағамды екі есе нығайту қажет. Сонда Ресей мен Қырғызстанмен жанар-жағармай бағасындағы айырмашылық жойылады, бизнесті субсидиялау қажеттілігі жойылады, әлеуметтік төлемдерді индекстеу қажеттілігі де болмайды. Мұны тек Ұлттық банк жасай алады. Бірақ ол керісінше, теңгені әлсіретіп жатыр. Себебі Ұлттық қор ақшасымен үкіметпен бірлесіп туындаған теңгерімсіздіктерді жауып отыр», — дейді Әбдірахманов.
Оның пікірінше, 50% ревальвация — бюджетті, трансферттік бағаларды және әлеуметтік саланы бірден ретке келтірер еді.
«Егер қазір ревальвация жасалса — бұл мінсіз шешім болар еді. Ұлттық банк келесі күнге теңге бағамын жариялайды. Егер қазір курс — 540 болса, ертеңгі курс — 270 теңге деп жариялайды. Сосын кім қымбатқа алғысы келсе — Ұлттық банктен алсын. Өйткені биржаға доллар шығаратын жалғыз — Ұлттық банк. Бұндай шешім бар, бірақ әзірге ешкім жария еткен жоқ», — дейді Әбдірахманов.
Алайда Ұлттық банк мұндай тәуекелге барады дегенге сенім аз. Нарықтық емес шараларды қолдану инфляция деңгейіне және елдің инвестициялық тартымдылығына бірден кері әсер етеді. Тіпті Ұлттық банк мұндай әрекетке қауқарлы ма деген күмән де бар — оның мүмкіндіктері асыра бағаланған.
Қаржыгер Андрей Чеботарев неге Ұлттық банк барынша тырысқан күннің өзінде теңге бағамын әп-сәтте өзгертіп, оны екі есе күшейтіп, бүкіл қазақстандықтарды бірден бақытты ете алмайтынын түсіндіреді. Себебі қарапайым: нарықтық экономика жағдайында мұндай радикалды шешімдер жұмыс істемейді.
«Иә, Ұлттық банк — валюта нарығындағы ең ірі ойыншы. Иә, ол сауда көлемінің 30–40 пайызын бақылайды. Бірақ бұл оған қалаған бағамды тікелей белгілеу құқығын бермейді. Біздің бағам онша «қолмен басқарылатын» емес», — дейді Андрей Чеботарев.
Сондықтан Ұлттық банк теңге бағамын толықтай құлата да алмайды, не сиқырлы жолмен құтқара да алмайды. Қолынан келетіні — анда-санда «сыр беріп» тұрған теңгеге «жан бітіретін» валюта интервенцияларын жасап тұру және уақыт өте келе оның қалпына келетініне үміт арту.
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов әлеуметтік желіде теңге бағамына қысым бар екенін айтты. Біздің тілшілеріміз еліміздегі банктердің бірін-бірі жұтып жатқаны және оның салдары туралы жазған болатын.
Жаңалықтар
- Қазақстан ICАО нұсқасы бойынша авиациялық қауіпсіздік көшбасшыларының қатарына енді
- 9 қарашадағы Қазақстанның айырбастау орындарындағы доллар, еуро және рубль бағамы
- Енді миллионерлер Нью-Йоркте емес, Дубайда тұрады
- АҚШ-та жалақы алмаған ұшқыштар жұмысқа шықпай, ұшақтар тоқтап қалды
- Астанада 80 жастағы әйелді зорлап, өлтірген ер адам 9 жылдан кейін ұсталды
- Жолаушының қылжағына бола әуежайдың жұмысы тоқтап, бүкіл Атырау әуре-сарсаңға түсті
- Астанада қасбет құлап, жарақат алған екі адам жансақтау бөлімінде жатыр, бір фельдшердің жағдайы ауыр
- Назарбаевтан «мұраға» қалып, қоқысқа айналған шахталар мен ядролық нысандарды сату қиынға соқты
- Атырау облысында «Блогерлік тексеру» деп қорқытып, қомақты қаражат сұраған белсенді ұсталды
- Пауло Рикардо Кака футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкерлігінен кетті
- Ауыл бағдарламасы: малшылар ерте зейнетке шығып, балалары тегін оқып, әскери қызметтен босатылады
- Елена Рыбакина теннисті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін орденмен марапатталады
- Рыбакина тарихта тұңғыш рет Қазақстанды WTA финалына шығарды
- Көше тазаламаған Талғар әкіміне 39 мың теңге айыппұл салынды
- Жамбыл облысындағы фосфор зауытында жарылыс болды, зардап шеккендер жоқ
- Еуропа қақпасы жабылып, ресейліктер шенгеннен шеттетілді
- Қазақстан мен Қытай арасындағы автотасымалдауға шектеусіз рұқсат беріледі
- Трамп: Маған дейінгі президенттер Орталық Азия елдеріне лайықты көңіл бөлмеді
- Мәжілісте тендерге қатысқан депутаттарды түрмеге отырғызу ұсынылды
- Павлодарда құтқарушылар үйінді астынан ер адамның мәйітін тапты