Украина қазақстандық КТК-ға тағы да шабуыл жасады

cover Фото: Envanto

19 наурызға қараған түні Краснодар өлкесіндегі «Кавказская» мұнай айдау станциясына ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасады, деп хабарлайды Orda.kz.

Шабуыл салдарынан дрон сынықтары резервуарлар арасындағы мұнай құбырына құлап, өрт шықты. Таңертеңге қарай өрттің аумағы 1700 шаршы метрге жетті.

Жарақат алғандар туралы ақпарат жоқ.

«Кавказская» станциясы – Ресейдің мұнай экспортындағы маңызды нысандардың бірі. Ол теміржол мұнай терминалын және «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына дейінгі құбыр желісін қамтиды. Бұл нысандар Каспий құбыр консорциумы (КТК) жүйесіне кіреді.

Айта кетсек, «Кропоткинская» станциясы да ақпан айының ортасында ұшқышсыз ұшу аппаратының шабуылына ұшыраған болатын. Мамандар КТК жүйесінің негізінен қазақстандық мұнайды тасымалдайтынын атап өтті. Осы себепті, бұл шабуыл Ресей бюджетіне елеулі залал келтірмейді.

Сарапшылардың пікірінше, КТК нысандарына шабуыл жасаудың әскери тұрғыдан еш мәні жоқ.

Жақында Батыс Қазақстан облысында ресейлік дрон құлаған болатын.

 
 
 
 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар