Түркістан облысында әскери қызметкердің мүгедек жігітті өлтіруі: тың деректер

cover Коллаж: Orda.kz

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 19 жастағы 2-топтағы мүгедек жігітті 15 жерінен пышақтап өлтірді. Күдікті ретінде ауылдасы, әскери қызметкер қамауға алынды, деп хабарлайды Orda.kz.

Журналист Руслан Өтепбай арнайы Түркістан облысына барып, журналистік зерттеу жүргізіп қайтты. Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы қасақана адам өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті 2 айға қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Марқұмның ата-анасы қылмыскерлердің бәрі жазаланғанын қалайды. Олардың айтуынша, Мұрат есімді ұсталған жігіттің жанында тағы бір жігіт болған. 

МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСТАРЫ НЕ ДЕЙДІ? 

Марқұмның анасы Райхан Жамалованың айтуынша, ауыл жігіттері баласын көндіріп, атына несие рәсімдеген. Марқұм Жасұлан Әбдіманап 2-топтағы мүгедек. 2020 жылы Астанада миына ота жасатқан. Басында  ісік болған. Ол ақпан айының тоғызы күні 19 жасқа толған.

Марқұмның туған ағасы Еркебұлан Жамалов інісін ақтық сапарға өзі жуындырып шығарып салды. Оның айтуынша Жасұланның денесінде соққы белгілері бар. Маңдайынан қатты затпен ұрған. 

«Маңдайы ішіне қарай  кіріп кеткен. Желке тұсында, құлағында үлкен жарақат болды. Нақты айта алмаймын немен ұрғанын. Денесінің алдыңғы жағына пышақты қайта-қайта тыққан. Нақты санайтын болсақ, 14-15 шақты. Ол жігіттерді сырттай танимын. Осы ауылдың балалары», - дейді Еркебұлан. 

Марқұмның айдаладағы мәйітін алғаш қойшылар байқап, полицияға хабарласыпты. Кейін полиция Жасұланның нағашы ағасы Айдарбек Байжігітовке хабарласып, оқиға орнына келуін сұраған. 

«Мен білетінімді ешкімге айтпадым. Нақты көз жеткізіп алайын деп, жүгіріп келдім. Туыстары Қызылжарда іздеп жүрді. Мен келсем, адамдар топырлап тұр екен. Жүрегім сезді. Енді адам екі күннен бері жоқ болса сезеді екенсің. Мен жиенімді түрінен танымадым. Киімінен ғана танып білдім. Кейін үлкен ағама айттым. «Қайта беріңдер үйге» дедім», - дейді марқұмның нағашысы.

ОҚИҒА БАРЫСЫ

Жасұлан туған күнінен 11 күннен кейін, яғни 20 ақпан күні анасынан моншаға баруға ақша алып,  моншаға кетеді.

«Моншадан сағат 19:15-те шығып, үйге қарай емес, ауылдың төмен жағына қарай кетеді. Бейнекамерада бәрі көрініп тұр. Телефонмен сөйлесіп кетіп бара жатыр. Ұлымды өлтірген жігіттер тағы бір балаға несие алдырыпты. Кейін ол екеуіне «Самалға барып, несиелеріңді төлеп қайтамыз» деген. Бірақ Жанболат барудан бас тартады. Ал менің балам олармен кетеді», - дейді марқұмның анасы.

Ал көлікке мінбей, қалып кеткен Жанболат олармен баруға қорыққанын айтады. Күдікті жігіттер Жанболаттың атынан да өзінің рұқсатынсыз займ алған. Телефонын алдап алып қойып, несие рәсімдеген. Жанболат оны кешке бірақ біліпті. Күдікті Мұрат пен Диас Жанболатты да «Самалда ағаларымыз тұрады, солар займды жауып береді» деп алып кетпек болған. 

«Самал деген шет аймақ болғанға қорықтым. Бірақ олар бірнеше сағаттаң соң қайта келді. Мен Жасұлан қайда деп сұрадым. Олар «Ұрып тастадық» деді. Телефонын лақтырып кеткенін айтты. Көлікте тағы екі қыз болды», - дейді Жанболат. 

Анасы моншадан кешіккен баласын іздей бастаған. Жігіт телефонға жауап бермей, хабарсыз кетеді. Күйеуі оны жұбатып, балалармен жүрген болар дейді. Райхан Жамалова түнгі 3 шамасында оянып, ұлының үйге келмегенін көреді. Кейін таңды әрең атырып, отбасымен ұлын іздей бастайды. Сыныптасының біріне Жасұлан дыбыстық хабарлама жолдаған. Ол «Мұратпен займды төлеп қайтамыз. Сосын келемін» деген досына. Алайда Жасұлан сол күйі оралмады.

КҮДІКТІНІҢ ОТБАСЫ КІМДІ АЙЫПТАП ОТЫР?

Руслан Өтепбай Сарыағаш ауданы полиция басқармасының алдынан күдікке ілінген әскери қызметкердің әкесін көріп қалады. Күдіктінің ата-анасын тергеуші шақыртыпты. 23 жастағы жігіттің әкесі баласы кінәлі болса жазасын алсын деп отыр. Ол елдің бетіне қарай алмай қалғанын, ауылға аяқ басуға ұялып отырғанын жеткізді. 

«Бәрін біліп отырмын балам. Құдай маған өлім берсе, қазір өліп кетуге дайынмын. Бізде түс көргендей болып отырмыз. Не жетпегенін білмеймін. Маған айтпайды. Маған да шындық керек. Не білсем бәрін айтып беремін. Есігімді тақылдатып, бір адам келмеді. Балаң займ алдырыпты деп. Олай болса әңгіме басқа болар еді», - дейді күдікті Мұраттың әкесі. 

Алайда күдіктінің отбасы баласының өзі ғана күдікке ілінгеніне наразы. Олар қылмыс болған күні баласының жанында болған барлығы жазаланғанын қалайды. Әділдік орнағанын талап етіп отыр. Марқұмның отбасының діттегені де сол. Айтуларынша, қылмысқа қатысы бар Диас деген жігітті тергеп болғаннан кейін, үй қамаққа жіберген. Ал Жасұланның отбасы бұған наразылық танытты. Олар баласының өлімі үшін соңына дейін барамыз деп отыр. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар