«Түлектер кездесуінен кейінгі өлім»: Әйелін қызғанып атып өлтірген адамға үкім шықты

cover Фото: Азаттык үналгысы

Қырғызстанда Айзирек Ералиеваны жауыздықпен өлтірген күйеуі 18 жылға сотталды, деп хабарлайды Orda.kz. 

Мамыр айында Қырғызстанда қоғамды дүрліктерген қайғылы қаза болды. Қара-Құлжа ауданының 38 жастағы тұрғынын күйеуі ұрып-соғып, кейін атып өлтірді. Айзирек Ералиеваның артында 5 перзенті қалды.

Ер адамның сұмдық әрекетке баруына қызғаныш себеп болған. Әйел 26 мамыр күні сыныптастарымен түлектер кездесуіне барған. Ұрыс-жанжал ол үйіне оралғаннан кейін басталған. Бұған дейін желіде әйелге кінә артқандар да болды. Бірақ марқұмның сіңлісі жалған ақпараттарға сенбеуді сұрады.

«Күйеуі бірге барып, жанында тұрған. Интернетте тарап жатқан түрлі қауесеттер шындыққа сәйкес келмейді. Әпкем қызғаныш туғызатындай ешнәрсе істемеген. Ешкімнің қолынан ұстап, қолтықтасып жүрмеген, би де билемеген. Мектептегі рәсім аяқталған соң, олар бірден үйге қайтқан. 20 жылдықты атап өткен соң, сыныптастарымен ешқайда бармаған. Оқиға кешке, олар үйге оралғаннан кейін болған. Күйеуі мылтықпен екі рет атқан, оқ оң жақ кеуде тұсына тиген. Басы аман. Кейбіреулер айтып жүргендей, оны атпен сүйреген деген сөз – жалған», - дейді марқұмның сіңлісі.

Ош облысы Өзген аудандық соты марқұм Айзирек Ералиеваның күйеуін 18 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Соттың 31 шілдедегі үкімімен ер адам 122 2-бөлім ҚК ҚК 3-тармағы «дәрменсіз күйдегі адамды өлтіру», 267 ҚК 1-бөлімі «қару-жарақтың, оқ-дәрілердің заңсыз айналымы», 267 ҚК ҚК 2-бөлімі «атыс қаруын заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша айыпты деп танылды. 

Айта кетейік, 26 шілде күні өзбекстандық әншіні күйеуі тұншықтырып өлтірген еді. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар