Трамп Иран басшылығын толық ауыстыруды қолдайтынын айтты

cover Фото: Ақ үй

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен қандай да бір келісім тек оның «сөзсіз тізе бүгуі» жағдайында ғана мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.      

Бұл туралы америкалық көшбасшы 6 наурызда өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

«Иранмен ешқандай келісім болмайды, тек сөзсіз тізе бүккен жағдайда ғана! Осыдан кейін және ұлы әрі баршаға қолайлы көшбасшы таңдалған соң біз көптеген тамаша әрі өте батыл одақтастарымызбен және серіктестерімізбен бірге Иранды күйреу шегінен қайтару үшін аянбай жұмыс істейміз. Нәтижесінде оның экономикасы бұрынғыдан да үлкен, жақсы әрі қуатты болады» деп жазды ол.

Оның пікірінше, бұл елдің «жарқын болашағы» бар.

«Иранды қайтадан ұлы етейік — MIGA! (Make Iran Great Again — «Иранды қайтадан ұлы етейік» деген ұран)» деп қосты АҚШ президенті. 

Келесі жазбасында Ақ үй басшысы Таяу Шығыста адамдардың ауқымды түрде көшіріліп жатқанын хабарлады.

«Біз Таяу Шығыстың түрлі елдерінен мыңдаған адамды көшірудеміз. Бұл тыныш әрі еш кедергісіз жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік департамент, оның басшысы  Марко Рибуоның жетекшілігімен өте жақсы жұмыс атқарылып жатыр», — деп түсіндірді Трамп. 

Бұған дейін Трамп NBC News телеарнасына берген сұхбатында Иран басшылығын толық ауыстыруды қолдайтынын және Вашингтонда «жақсы көшбасшы» рөліне лайық бірнеше ықтимал кандидат бар екенін айтқан. Алайда ол нақты есімдерді атаудан бас тартты.

Сондай-ақ АҚШ президенті бұған дейін Иранның келесі көшбасшысын таңдауға өзі де жеке қатысуы тиіс екенін мәлімдеген. Ол қаза тапқан Иранның жоғарғы жетекшісі Әли Хаменейдің ұлы Моджтаба Хаменеи ең ықтимал мұрагерлердің бірі екенін мойындағанымен, мұндай нұсқаны қолайсыз деп санайтынын ашық жеткізді.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар