«Төбелес қана»: Неге қазақ жастарынан спорттың элиталық түрінен чемпиондар шықпайды?

cover Фото: Жасанды интеллект

Қазақстандық спортшылар халықаралық спорт аренасында әртүрлі спорт түрлерінен бақ сынап келеді. Еліміздің қоржынына түскен Олимпиадалық медальдардың көбін — спортшыларымыз бокс пен күрестен алған. Ал элиталық спорт түрлерінен чемпиондардың аз екені байқалады. Orda.kz тілшісі бұл мәселенің себебін анықтауға тырысты. 

Қазақстанда бокстан медаль алғандар жетерлік. Боксты спорт түрі ретінде 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада бағдарламасынан алып тастамақ болды. Ал егер ол бағдарламаға енбей қалған жағдайда қазақ спорты едәуір дағдарысқа ұшырайтыны айдан анық нәрсе. Сондықтан білектің күшін қажет ететін спорт түрлерінен бөлек ескек есу, жүзу, гимнастика, спорттық ату, семсерлесу, мәнерлеп сырғанау сынды спорт түрлерін барынша дамытуды қолға алу керек.

«Қазақтар кез-келген спорт түрінен чемпион бола алады»

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Олимпиада чемпионы, Геннадий Головкиннің алғашқы жаттықтырушысы — Ермахан Ыбрайымов элиталық спорт түрлері енді-енді жанданып келе жатқанын айтты. 

Жуырда мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров әлемдік Гран-придің финалына шыққан алғашқы қазақстандық спортшы атанды. Кезінде бұл спорт түрінен Денис Тен де жұлдыздай жарқырап еді. Неге біз осындай спорт түрлерінен тегі қазақ, есімі қазақ спортшыларды сирек кездестіреміз? 

«Сирек кездесетіні рас. Бірақ жуырда ғана қыздар арасынан қазақтың қызы Элизабет Тұрсынбаева жұлдыздай жарқ етіп шықты. Ұлдар арасында да жаттығу жасап жүргендер бар. Қазақтар кез-келген спорт түрінен чемпион бола алатынына мен кәміл сенемін. Бұл спорт түрлерінен де Серік, Берік, Бақыт сияқты қазақ есімдері шығады деген үміттемін. Өз уақыты келеді»,деп жауап берді Ермахан Ыбрайымов. 

Қазақи ортада тәрбиеленген спортшыларымыздың көбі күш пен білек сайыстыратын додаларда топ жарады. Бұның белгілі бір себебі бар ма? 

«Бұның себебі бар. Ата-бабамыз дүниежүзінде жер көлемінен 9-орын алатын мемлекетіміздің иесі. Ол ненің белгісі? Ол білектің күші, найзаның ұшы, қазақтың батырлығының белгісі. Сол үшін қара күш жұмсалатын спорт түрлеріне жақындық біздің қанымызда бар. Бокс, күрес, ауыр атлетика сияқты. Сондықтан қара күшті қажет ететін спорт түрлерінен қазақ жастары өте мықты», — деп жауап берді Ермахан Ыбрайымов. 

Париж Олимпиадасының жүлдегері Нұрбек Оралбайдың жеке бапкері, бокстан Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Асқар Еркебаев Ыбрайымовтың пікірімен толықтай келіседі.

«Ата-бабамыздың соғыстағы жауынгерлік, қаһармандық рухы ұрпағына беріліп келе жатыр. Спортшыларға сол батырлық мінез-құлқы жеткен. Сондықтан көшпенді қазақтың ұрпақтары жекпе-жек спорт түріне көбірек бейім деп айта аламын», — деді Асқар Еркебаев.  

Ермахан Ыбрайымов бокс бүкіл спорт түрлерінің арасында ең ауыры екенін атап өтті. Яғни элиталық спорт түрі болсын, күш жұмсайтын спорт түрі болсын ауыр, жеңіл болып бөлінбейтінін, бәрі қажырлы еңбек және дайындықты қажет ететінін айтты. Ермахан Ыбрайымовтың сөзінше, қазақ жастары арасында ең әуелі есімдер есте қалады екен. Олар чемпион болған адамға еліктейді.  Спортшыларды қолдау жағынан қазақ жанкүйерлерінің осындай ерекшеліктері бар.

«Қолдау жағынан айырмашылықтар бар. Өйткені Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Дәулет Тұрлыханов сияқты спортшылар кезінде жарқ етіп шыға келді. Осы ағаларымызға ұқсасақ деген арман біздің көкірегімізде лаулап жанды. Ал бізден кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақ Серік Сәпиевке, Бахтияр Артаевқа ұқсап чемпион боламын деп осы спорт түрін таңдайды. Сол үшін де бокстың беделі жоғары», — дейді ол. 

 Ал чемпион шығарған бапкер Асқар Еркебаев қандай спорт түрі болмасын бәрі жаттықтырушыға байланысты екенін айтты. Бапкердің қандай білім беріп жатқаны, қандай сапамен жұмыс істеп жатқаны маңызды екенін атап өтті. 

«Білім іздеу керек. Спортшы да, бапкер де заман ағысымен бірге жүруі керек. Әлемдегі жаңалықтардан қалмай іздену керек. Қай спорт түрі болмасын нақты бір формула бар. Еңбектенген адам ғана жеңіске жетеді», — деді ол. 

«Дайындыққа келетіндердің 90 %-ы қазақтар» 

Алайда «қазақ — қара күш иесі» деп білекке сеніп, элиталық спорт түрлерін кенже қалдыруға болмайды. Элиталық спорт түрлері де жанданып, жастар өз нәтижесін көрсететін уақыт келді. Жоғарыда Ыбырайымов атап өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның қазір мәнерлеп сырғанау академиясында жұмыс істеп жүр. Академия басшысы, Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі Байтақ Тұрсынбаевтың айтуынша, академияға келетін жастардың дені қазақтар екен.

«Қазақтар мәнерлеп сырғанауға қызықпайды деп айта алмаймын. Академия Алматы және Астанада ашылған. Дайындыққа келетіндердің 90 %-ы қазақтар. Сонымен қатар спорт тобында талапты қазақ жастары дайындық жүргізіп жатыр. Темірлан Жақиев, Қызылордадан Артур Смағұлов деген спортшыларымыз бар. Артур қазір Америкада танымал Рафаэль Арутюнян деген бапкерден сабақ алып жүр. Болашақта бұл жігіттерге артылар үміт жоғары», — дейді Байтақ Тұрсынбаев.  

«Мемлекет тарапынан көмек керек»

Элизабет Тұрсынбаеваның өзі әр жылдары Ирина Страхова, Александр Шубин, Наталья Дубинская, Светлана Соколовская, Елена Буянова, Брайан Орсер және Сергей Дудаков сынды майталман мамандардың қол астында жаттыққан. Ресейде Этери Тутберидзеден тәлім алған. Ол Тутберидзенің тобында дайындалатын жалғыз шетелдік спортшы болған. Демек елімізде қазақ жастарын Олимпиадаға дайындайтын тәжірибелі бапкерлердің де сапасы сын көтермей тұрған секілді. Себебі Элизабет Тұрсынбаеваның мәнерлеп сырғанау академиясында да кейбір бапкерлерді Ресейден алдыртады екен. 

Байтақ Тұрсынбаев осындай спорт түрлерінен чемпиондардың аз шығуы әуелі бапкерге байланысты болса, екіншіден мемлекет тарапынан қолдаудың жоқтығы екенін айтты. 
«Элиталық спорт түрлерінен чемпион шығару үшін дайындық тәсілін өзгерту керек. Мәнерлеп сырғанауға арналған әр қалада спорт мектептері мен спорт клубтары бар. Осыларға жағдай жасалуы керек. Академия ашқан себебіміз шетелде бұл спорт түрін қалай дамытып жатса, біздің елде де солай дамытқымыз келеді. Бұл қымбат спорт түрі. Ата-аналар да баласын сабаққа қатыстыру үшін көп қаражат жұмсайды. Мемлекет тарапынан көмек керек», — деді академия басшысы.  
Спорт саласы тұрақты дамуы үшін спортшыларға жағдай жасалуы керек. Мә­дениет және спорт министрлігінің 2021 жылғы дерегіне сенсек, тәуелсіздік жыл­дарында елімізде 77 стадион, 38 спорт сарайы, 7,8 мыңнан астам спорт алаңы мен 2 мыңнан астам спорт зал салынған екен. 

Асқар Еркебаевтің айтуынша, мемлекет спорттың бәріне теңдей көңіл бөліп келе жатыр. Тіпті бокстан өзге спорт түрлеріне арнап түрлі ареналар мен сарайлар салынған. 

«Мен өзім Астана қаласында тұрамын. «Барыс» арена, «Астана» футбол аренасы, «Алау» мұз айдыны, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы бар. Бірақ ешқандай бокс арена мен бокс сарайы жоқ. Осыдан-ақ өзге спорт түрлеріне қолдаудың бар екенін байқауға болады. Егемендік алғалы бері 14 Олимпиада алтынының жетеуін боксшылар алып келген. Ал әлем чемпиондарын мен нақты айта да алмаймын. Халық бокс, күрес, дзюдоға көбірек жанкүйер болады. Өйткені сол спорт түрлерін өздері қызығып қарайды, өздері түсінеді. Халыққа жақын спорт түрлері болғандықтан қолдау да жоғары болады», — деді аға жаттықтырушы.  

Біздің мақсат — спортымыздағы олқы тұстарды көрсету ғана емес. Мемлекеттен болсын, жанкүйерлерден болсын қолдау қажет екенін ашық айту. Елдің назарын аудару арқылы тамшыдай болсын үлесімізді қосу. Бұған дейін Orda.kz тілшіcі Олимпиада чемпиондары — Демеу Жадыраев, Айбек Оралбай, Нұрбек Оралбай, Махмұт Сабырханмен жолыққан  болатын.
Олар Жетісу облысынының тау баурайындағы Лепсі ауылына барып, сол жердегі спорт мектебіндегі балалармен жүздесіп қайтты. Балалардың оларға деген ықыласы ерекше болды. Солардың жолын қуып, чемпион болғысы келетіндерін айтты. Тіпті споршылардың қолын алған балалар «қолымды бір ай жумаймын» деп жұртты күлдірді. Біз жанкүйер ретінде де элиталық спорт түрлері болсын, бокс болсын ерекше ықыласпен қолдау көрсетуіміз керек. Себебі қандай спорт болса да, олар еліміздің көк туын желбіретіп, намысын қорғаймыз деп аттанды.

Спорттағы ең биік меженің бірі — Олимпиада ойындары екені дау­сыз. Дүбірлі дода төрт жылда бір өтеді. Әлемнің әр түкпірінен кел­ген мыңдаған спортшы осы биікті бағындыру үшін барын салады. Олим­пиада ойындарына тәуелсіз ел спортшылары 8 рет қатыс­ты. Қазақстандық спортшылар өз күш-жігерінің арқасында жақсы жетістіктерге жетіп келеді. 2024 жылғы Олимпиада ойындарында 32 cпорт түрі болды. Ал Қазақстан 7 спорт түрінен медаль еншіледі. Ендеше қазақ спортшыларының спорт түрінің бәрінен медаль алуына, әнұранымызды әлем төрінде әуелетуіне тілектеспіз! 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар