Тоқаев бұрынғы қорғаныс министрін сынға алды
Қазақстан Республикасының президенті – Қарулы Күштердің жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мұрат Бектановты Қорғаныс министрі лауазымынан босатып, бұл қызметке Руслан Жақсылықовты тағайындау туралы Жарлықтарға қол қойғанын хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа министрдің кадрлық әскери қызметкер екенін, арнайы білімді Алматы Жоғары жалпыәскери командалық училищесінде оқығанын, кейін М.В. Фрунзе атындағы академияда және Ресей Федерациясы Қарулы Күштері бас штабының әскери академиясында білімін жалғастырғанын атап өтті.
– Оның тәжірибесі мол. Ішкі әскерде 30 жылдан астам қызмет етті. Ол қатардағы жауынгерден бастап, әртүрлі басшылық қызметтерді атқарды. Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысына дейінгі әскери жолдан өтті, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштерге деген талаптың күшейе түскеніне тоқталды.
– Армия Тәуелсіздігіміздің тірегі болып, мемлекет мүдделерін қорғауы тиіс. Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы Күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық, – деді жоғарғы бас қолбасшы.
Сонымен қатар президент Қазақстандағы бітімгерлік миссиясын аяқтаған ҰҚШҰ контингентінің жұмысына оң баға берді.
– ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштері Қазақстанға қысқа мерзімге ғана келіп, қорғау қызметін атқарды. Ұжымдық контингент өздерінің тиімділігін және әлеуетін көрсетті, – деді мемлекет басшысы.
Президент геосаяси жағдайды және аймақтық деңгейдегі өзекті сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери дайындығын түбегейлі арттыруды талап етті. Ол үшін бірқатар міндетті орындау қажет.
Жоғарғы бас қолбасшының пікірінше, ең алдымен, ел басшылығын сыртқы және ішкі қауіп-қатерлер туралы уақтылы әрі нақты ақпараттармен қамтамасыз етуге тиісті әскери барлау қызметін күшейту керек.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес құрылатын арнаулы операциялар жөніндегі күштердің Басшылығына маңызды миссия жүктеледі. Сондай-ақ оларға қысқа мерзім ішінде басқа күштік құрылымдармен бірлесіп, барлық ұйымдастыру шараларын қабылдап, арнаулы операцияларды орындауға дайындалу міндеті жүктеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев қару-жарақ сақтайтын нысандарда төтенше жағдайлардың қайталануына жол бермеу қажеттігін еске салды. Осыған байланысты Президент қару-жарақтардың сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, пайдалануға жарамсыз және әрі қарай сақтауға қауіпті қару-жарақтарды жою шараларын жүзеге асыруды жалғастыру керек екенін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан армиясының техникалық және жауынгерлік жабдықтарын жаңарту міндетін жүктеді.
– Әскердегі қару-жарақтың дені – 30-50 жыл болған кеңес дәуіріндегі техника. Ескірген техникалардың мерзімінің өткеніне байланысты қару-жарақ паркін жаңарту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қарулы Күштер заманауи әрі жоғары технологиялық қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталуы тиіс. Қабылданатын шаралар жүйелі болуы керек. Қару-жарақ пен әскери техниканы жөндейтін, оларға қызмет көрсететін отандық өндірісті дамыту қажет, – деді жоғарғы бас қолбасшы.
Мемлекет басшысы әскердің шұғыл әрекет ету қабілетін артырып, әскери-транспорттық авиацияның әлеуетін күшейту қажет екеніне тоқталды. Оның айтуынша, әскери борышты өтеу міндетінің беделін көтеріп, абыройын арттыру қажет.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасының сабақтарын ескере отырып, Қару-жарақ және әскери техника сатып алу жөніндегі 2022 жылға арналған жоспарды қайта қарауды және Қарулы Күштердегі кадрлық әлеуетті арттыру шараларын қабылдауды тапсырды.
Бұдан кейін Руслан Жақсылықов Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі ретінде ант қабылдады. Жиын соңында президент жаңа министрге және қорғаныс министрлігінің ұжымына сәттілік тіледі.
Жаңалықтар
- БҚО-да түлектердің ақшасына жасалған ұстазға арналған ескерткіш бұзылды
- Антикор Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі пара алу ісі бойынша тергеуді аяқтады
- Алматыда жаңа саябақ пайда болады
- Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні
- Ұлттық экономика вице-министрі қызметінен кетті
- Ералы Тоғжанов премьер-министрдің кеңесшісі болып тағайындалды
- Алматы мен Алматы облысында өзен тасуы мүмкін
- Семейде бір ай бұрын жоғалып кеткен қыздың денесі табылды
- TikTok жұлдызы Мұрат Әбділданың мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қаралды
- Мемлекет басшысы биліктегі біршама тұлғаларды орнынан босатып, біразын тағайындады
- Үйі жоқ халықты коммуналдық төлемдерден босату қаншалық орынды?
- Футбол добының орнына кірпі: Ақтөбеде жігіттерге қатысты қылмыстық іс қозғалды
- «Самұрық-Қазына» өзінің еншілес ұйымына екі ірі су электр стансасын берді
- Мемлекет басшысы Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагиммен кездесті
- Дұғалар, прокуратура, облыс әкімі және Атыраудан жүк көлігі: Құлсарыдағы митинг жалғасып жатыр
- Оралдағы су басқан саяжай тұрғындары тағы да әкімдікке жиналды
- Енді үйдегі интернетті телефон арқылы қосуға болады
- Тоқаевтың Жарлығымен Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі лауазымынан босатылды
- Татарстанда қазақ тілі оқытылатын болады
- Қазақстан Энергетика министрлігі басшылығының мессенджерлеріне хакерлік шабуыл жасалды