Тірі кезінде көрі қазылған жазушы: Дулат Исабековтың дара жолы

cover Фото: Facebook/ Қасымхан Бегманов

Кеше, 21 ақпан күні қазақ әдебиеті қара жамылды. Белгілі жазушы, қарымды қаламгер Дулат Исабеков өмірден өтіп, қазақ халқының қабырғасын қайыстырды. Orda.kz тілшісі Қазақстанның Еңбек ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, «Тарлан», «Достық», «Құрмет» орденiнің иегері, даңқты жазушының өмірінен үзік сыр шертеді. 

Дулат Исабеков қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен біртуар қаламгер. Белгілі жазушы 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы «Ленин жолы» ауылында дүниеге келді. Дулат Исабековтың ата-анасы баласының құлағындағы нысанға байланысты оған Нысанбай деп есім қояды. Мәулен есімді атасы «Дулат» деп қойыңдар дегеннен кейін, ата-анасы екінші рет азан шақырып ат қояды. Марқұм Дулат Исабеков өз естелігінде нәресте кезіндегі таңғажайып оқиғаны айтқан. 

«Мен кішкентай кезімде өліп қалып, мені дәлізге шығарып тастапты. Таңертең жерлейміз деп отырғанда, бір кемпір келіп бетімді ашыпты. Мен өлудің орнына, бетіне қарап ыржиып күліппін. Ол кезде мазарда менің көрім қазылып қойған екен», - деген Дулат Исабеков. 

Жазушының Естияр есімді ұлы, Айман және Шолпан деген егіз қызы бар. Үш баладан немере, шөбере сүйген Дулат Исабековтың өмірлік жары 2022 жылы дүние салды. Жазушының жары, марқұм Нұрғайша Исабекова жолдасының шығармашылық үшін жаралған жан екенін өте көп айтқан. 

«Мінезі өте жақсы адам. Түнгі 2-де келсе де, отыра қалып жазу жазады. Көбінде түнде, балалар ұйықтағанда жазады. Егер жазғысы келіп, шабыты ұстап тұрса біз балалармен саябаққа кететінбіз. Тамағын жасап кетемін. Ол өзі жалғыз жазу жазып қалатын», - дейді жазушының жары.



Дулат Исабеков өз шығармашылығына оң баға береді. Әдебиетке ерте араласқанын, 5-курста кітабы шыққанын, пьессаға да ерте келгенін айтады. «Гаухартас» фильмі де ерте шығып, халық көңілінен орын алғанына қуанышты екенін жеткізген. 

ОРНЫ ТОЛМАС ҚАЗА

Дулат Исабеков жұма күні түнде қалың қазақ халқымен қоштасып, мәңгілік сапарға аттанды. Қазақ даласы дара тұлғасынан айырылып күңіренді. Исабековтың шәкірті әрі көмекшісі, кинодраматург Ахмет Ақмоншақ халық жазушысының соңғы күндері туралы айтты.

«Соңғы рет...» Соңғы рет Дулат аға дүйсенбі күні маған өзі хабарласты. Біраз уақыттан бері ағаның телефонынан қоңырау келмегелі біраз болып еді. Сондықтан ағаның қоңырауын көргенде өз көзіме өзім сене алмадым. Телефонның арғы жағынан ағаның қарлыққан, әлсіз дауысы естіліп тұрды. Менің телефон соқпай кеткенімді айтып, келетін болсаң хабарлас деді де қойды. Бар-жоғы40-ақ секунд сөйлестік. Ертесіне, яғни, осы сейсенбіде (18.02.) қасыма ағаның Хадиша есімді ағаның шәкіртін ертіп ап, барып қайттық. Барсақ, ағамыз жатыр екен. Бізді көргесін жүзі күлімдеп, баяғысынша ашылып әңгіме айтқысы келді. Бойын әлсіздік басып тұрғасын емен-жарқын сөйлесе де алмады. Көбіне өзіміз сөйлеп, көңілін көтеруге тырыстық. Бірақ ағамыз әдетінше өмір мен өлім жайлы өлеңдерді кезек-кезек айтумен болды. «Мың бір түн» хикаятындағы 4-ші сыныпта жаттап алған«Өлім – қайық. Өмір – теңіз. Айырылмайтын екеуі егіз. Сол қайыққа міңген болсаң, Қайырылмасқа кеттім деңіз» өлеңінен үзінді оқып жатты. Ағамызды басқа тақырыпқа қарай бұрғымыз келсек те, Кемпірбайдың ауырып жатып Әсетке айтқан өлеңінен үзінді оқып: 

«Әсетжан, осы аурудан өлем білем, 

Алланың аманатын берем білем,

Кеудемнен көк ала үйрек «қош» деп ұшты, 

Сол шіркін, кәрі жолдас өлең білем» деп сөйтіп жатырмыз. Сол кеудемнен ұшты ғой енді. Енді жазу жоқ» деп еді... Ия, енді қазаққа талай классикалық шығармаларын жазған ағамыздың қаламы тоқтады. Одан бөлек Абайдың «Өлсем орным қара жер» өлеңі мен замандасы Мұқағали Мақатаевтан «Пай, пай, Өмір! Өтесің-ау бір күні» сынды өлеңдерін де кезек-кезегімен айтып жатты. Ағамыздың өмір мен өлім жайлы философияға толы осындай өлеңдерді оқып бергені бізбенен қоштасып жатқаны екен ғой. Қайдан білейік...», - деп тебіренді Исабековтың шәкірті. 

Дулат Исабековты «Әдебиеттегі әкемдей болған» деп баға берген жазушы, журналист Сәкен Сыбанбай ағасынан айырылып, аңырап қалғанын айтады. 

«Дулат Исабеков – қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған тұлға еді. Оның әрдайым өз ойын ашық айтатыны, қандай мәселеге байланысты болсын пікір білдіруден қашпайтыны – ақиқатқа ғана сүйенетін шыншыл болмысынан. Қиянатты, әділетсіздікті біле тұрып, қарап отыра алмайтын азаматтық ұстанымынан. Қарапайым халықты, мемлекетті, ұлтты, тілді, қоғамды кері тартар кедергілерді көре тұрып, үнсіз қала алмайтын әділетсүйгіш қайраткерлік қасиетінен...», - деп еске алды Сәкен Сыбанбай. 


Дулат Исабековтың қазасы жаушылар үшін ғана емес, театр майталмандары үшін де ауыр соққы болғаны анық.  Жазушылар одағының мүшесі, театр сыншысы, өнертану кандидаты Аманкелді Мұқан Исабековтың қазасы төбеден жай түскендей әсер қалдырғанын айтты. 

«Дулат аға… Суық хабарды естігенде қазақ әдебиеті мен драматургиясында Аймауытов, Әуезов, Мүсірепов т.б. салып кеткен күре жолында бүгінгі замандас драматургтер көшінің басы, алып бәйтерегі құлағандай қатты соққы алдым. Ғасырлар тоғысындағы қазақ әдебиеті мен театрында өзіндік із тастаған қаламгердің шығармашылық қоржыны толы, қазақ және шетелдік оқырмандарға кеңінен танылған көркем прозасымен, еліміздің түгелге жуық театрларымен бірге алыс-жақын шетел сахнасында қойылған пьесаларымен, халық керемет қабылдаған көркем фильмдер мен сериалдардың сценарийлерінің әр қайсысы бір төбе болатын», - деп еске алды театр сыншысы Аманкелді Мұқан.  


ТІРШІЛІКТЕН ТУҒАН ТАҚЫРЫП 

1963 жылы Дулат Исабековтың «Жолда» атты алғашқы әңгiмесi Қазақстан жазушыларының «Замандастар» деген әңгiмелер жинағына ендi. Кейін жазушы қаламынан дәуірден дәуірге мұра болып қалатын шығармалар легі туды. «Гауһар тас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Өкпек жолаушы», «Бiз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын» кітаптары қалың қазақтың жүрегіне жайғасты. 

«Жалпы, Дулат ағамыздың шығармашылығына тән ортақ қасиет – шынайылық пен нақтылық. Әр туындысы – бәйгеге түсер жарау жүйріктей ширақ, әр ойы – ысқылаған сайын жарқырай түсер асыл тастай қадірлі, әр сөйлемі – кәнігі сәулетші қалаған кірпіштей жинақы да түзу. Сол себепті де, бұл кісінің кез келген кітабын оқуға кібіртіктемей кірісіп кете аласыз: кей қаламгерлердің ұзақ-сонар монологтармен, сала құлаш толғаныстармен беретін тұстарын Дүкең кейіпкердің бір ғана әрекетімен, жай ишарасымен немесе қысқаша диалогпен-ақ дәл жеткізе біледі. Сыншы Әмірхан Меңдекенің «Дулат Исабеков қазақ әдебиетіне қабақ арқылы-ақ тани қоятын сергектік пен көп қатпарлылық сипат алып келді» деуінің сыры осында...», - деп толықтырды Сәкен Сыбанбай. 

Дулат Исабековтың жазылған шығармаларының кейіпкерлері өмірден алынды. «Әпке» драмасын жазған жазушының өзі «Бұл шығарманы жазу - азаматтық парызым» деп жеткізген. Исабеков шығармаларындағы кейіпкерлер жайында жазушы Смағұл Елубайда сөз қозғады. 

«Алғаш әдебиетке келген кезінде жазушы Дулат Исабековтің өзгелерге ұқсамайтын бір ерекшелігі болды. Ол – Тіршілік атты тулаған теңіздің табанында жатқан кейіпкерлерді тауып алатын жазушы екен. Адам елей бермейтін, көптеген қаламгерлер жанынан жай ғана өте беретін кейіпкерлер болады. Ал Дулат Исабеков сол кейіпкерлерді байқап, соның адами қасиетін мөлдіретіп қағаз бетіне түсіре білумен дараланды»,  - дейді Смағұл Елубай.

Сәкен Сыбанбай жазушының кейіпкерді өмірден табатынын өз көзімен көрген.  Ол Дулат Исабеков жайлы естелік сөзінде осыны тілге тиек етті. 

«Дулат Исабеков – өте оқылымды жазушы. Бірде алыс өңірдегі бір досымыздың ауылына барғанымызда, тау бөктерінде қой бағып жүрген шопанның етігінің қонышынан «Тіршілік» шыға келгенде таң қалғанбыз. Меніңше, Дүкең шығармашылығы – телегей теңіз сияқты: суда балықша жүзе алатындар сонау ортасына дейін құлаштай малтып, тереңіне сүңгіп, інжуін іліп шығады, алысқа бара алмайтындар да еншісіз қалмайды, олар сол теңіздің жағалауға жақын жерлерінде шомылып жүріп-ақ оның жақсылығын ұғынып, шарапатын сезіне алады. Ұлы жазушыларды оқырманның әрқилы топтары да бірдей ұғынып, жақсы көруі сондықтан болса керек», - деді Сәкен Сыбанбай. 

                        Жазушылар одағы ұйымдастырған сенбілік

ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ ТАРАҒАН ТУЫНДЫЛАР

Дулат Исабеков шығармалары өзге тілдерге аударылды. Orda.kz тілшісі жазушының шығармаларын аударған түрік аудармашысы, ғалым Ашур Өздемирмен байланысқа шықты. Түрік ғалымы Дулат Исабековты ерекше құрметтейтінін айтып, шығармашылығына тоқталды. 

«Қaзaқ әдебиетi – әлемдiк деңгейде көптеген aқын-жaзушы шығaрғaн iргелi әдебиет. Сол жaзушылaрдың бiреуi – еш күмәнсiз Дулaт Исaбеков. Дулaт aғaйдан түрiк тiлiне aлғaшқы aудaрғaн шығaрмaм «Кемпiрлер» деген әңгiмесi едi. Ол 2014 жылы жaрық көрген «Kazak еdebiyatın нikâye» aтты еңбекке енген едi. Кейiнгi жылдaры aғaйдың жетi xикaятын түрiк тiлiне aудaрдым. Олaрдың төртеуi «Biz Savaşı Görmedik» көрмедiк деген aтпеп 2023 жылы Түркияның белдi бaспaлaрының бірі «KETEBE»-де жарық көрді. Бұл кiтaп түрiк оқырмaны тaрaпынaн жaқсы қaбылдaнғaн болaтын», - дейді Ашур Өздемир. 


ТЕАТР ЖӘНЕ ТҰЛҒА

Дулат Исабековтың танымал драмалары, пьесалары театр сахнасынан күні бүгінге дейін түскен емес. Ол қазақтың театр өнеріне өң берген жазушы. 

«Дулат ағаны кең танылған прозалық шығармалары мен театр репертуарында күні бүгінге дейін тұрақты қойылып келген пьесалары арқылы жақсы білетінбіз. Ол кісі ұстазымыз, театр сыншылары Бағыбек Құндақбаев, Әшірбек Сығайдың замандас достары, көзі тірісінде театр төңірегіндегі талқылаулар, тұсаукесерлер, ұлт репертуарының өзекті мәселелерді көтерген алқалы жиын, театр үдерісінің қайнаған ортасында көрдік. Олар кеткен соң өзіміз де сол тақырыптар төңірегінде ағамызбен пікір алысып, қажет кезінде ақыл-кеңесіне зәрулігімізді білдіріп хабарласып тұрдық», - деп еске алды Аманкелді Мұқан. 

Исабеков Қазақ сахнасы тарихында өзіндік орны бар 28-ге жуық пьесаның авторы. «Әпке»,  «Ертеңдi   күту», «Мұрагерлер», «Кiшкентай   ауыл», «Ескi үйдегi екi кездесу», «Тор», «Актриса», «Аққу-Жiбек», «Әншi құстар фестивалi», «Мұңлық- Зарлық» атты пьесалары республика сахналарынан ұзақ жылдар бойы түспей келе жатыр. Санкт-Петербург, Омск, Лондон қалалары мен Болгария, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Башқұртстан сияқты алыс-жақын мемлекеттердің сахналарында жиі қойылып жүр.

Дулат Исабеков драматургияны өзі үшін өте тиімді жанр болғанын айтқан. Аменкелді Мұқан жазушының драматургияға келу жолын айтып берді. 

«Осыдан 3 жылдай бұрын «Айқын» газетіне берген Дулат ағаның сұхбаты «Мені асырап жатқан – пьесаларым» деген атпен жарияланған еді. Сол сұхбатында ағамыздың театрға, өзі бел шеше кіріскен драматургияға көзқарасын көруге болады. Ол: «Драматургия – үлкен әдебиеттің сахналық формасы. Мен басында пьеса жазбаймын деп жүргенмін. Оралхан Бөкей жазбасыма қоймады. Содан қоярда-қоймай жүріп, «Ректордың қабылдау күндері» деген пьеса жаздым. Алғашқы пьесам сәтті шыққаннан кейін сенім оянып, «Әпкені» жаздым. 1978 жылдан бері 44 жыл бойы «Әпке» қазақ театрларының сахнасында қойылып келеді. Сөйтіп, драматургияға келіп, дәнігіп алдым. Драматургияның басқа роман, прозаларға қарағанда өте маңызды, «жауынгер» жанр екеніне көзім жетті. Өйткені мен қазір «Қарғын» романымды, повестерімді кімнің оқып жатқанын білмеймін. Ал кешке театрда көрерменнің пьесамды көретінін, барғандағы реакциясынан білемін. Осылай менің драматургияға деген ынтызарлығым әр премьера сайын арта берді. Қазір «Бөртені» қосқанда, 28 пьесаның авторымын» - деген екен», - дейді театр сыншысы. 

Исабековтың шәкірті Ақмоншақ Ахмет жазушының соңғы уақыттарда немен айналысып жүргені туралы, қандай тақырыптарға шығарма жазғысы келгені жайында сыр шертті.

«Дулат ағамыз соңғы жылдары екі бағытта жұмысын жалғастырып жүрді.  Бірі – көзіқарақты қазақ оқырманына кеңінен таныс шығармаларының аудармасымен айналысып, өзінің жеке шығармалары арқылы қазақ әдебиетінің халықаралық деңгейге шығуына бар үлесін қосып жүрді. Екіншісі – прозаға қарағанда драматургияға ден қойып, жүгі ауыр салада салмақты пьесаларын өндіре жазып жүрді. Пьесалары көптеген тілдерге аударылып, алыс-жақын шетел театрларында жиі қойылып жүргендіктен халықаралық театр фестивальдерін өткізуді де дәстүрге айналдыра бастап еді. Соңғы жазған көлемді шығармасы – Шыңғыс ханның жұбайы Бөрте ханым жайлы «Бөрте» атты тарихи көлемді драмасын жазып, Түркістан музыкалық драма театрында қойылып, республика бойынша ең үздік спектакль атанғанын қазақ көрермені жақсы біледі. 
Соңғы бір жылдың ішінде ағамыздыңденсаулығы сыр беріп жүргендіктен заманауи тақырыпта жазсам деп жүрген романы қалды жазылмай. Ол болашақ романы жайлы сұхбаттарында да талай мәрте айтты да. Гильгамеш жайлы пьеса жазсам деп сюжетінің де нобайын айтып беретін. Осы екі ауыр әрі салмақты болашақ шығармаларын ағамыз өзімен бірге алып кете барды», - дейді Ақмоншақ Ахмет. 

Дулат Исабеков Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры болды. Осы оқу орнында «Кинотеледраматургия» шеберханасы бойынша дәріс беріп, дарынды шәкірттер тәрбиеледі. Ақмоншақ Ахмет Дулат Исабеков тәрбиелеген шәкірттердің  бірі. 


«Дулат ағамыздың шығармаларымен мектеп жасынан таныс болсам да, өмірде ағаның өзімен жақын танысып, етене араласа бастағаным 2007 жылы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында «Кинотеледраматургия»мамандығына алғашқы буын шәкірттері ретінде шеберханасына қабылданған кезден басталады.Содан бері ағамыз шеберханасында жалпы саны төрт буын шәкірттерін тәрбиелеп шығарыпты.Ұстазымыздың әдебиет пен кино, театр салаларына қатысты теориялық дәрістерінен бөлек ағаның өзінің сөзімен айтқанда «Эсхилден Есенжолға»шейінгі әлем драматургтері мен әлем әдебиеті, қазақ әдебиеті, халық ауыз әдебиеті жауһарларынан сыр шертетін лекцияларын тыңдап өстік. Өзінің шығармашылықта жинаған тәжірибесін, оқып түйгендерін теориямен алмастыра отырып жеріне жеткізе түсіндіргенде оқулықтарда жоқ мәліметтерге қанығушы едік. Жазушы-драматург ағамыз сабақ барысында педагок ретінде қатып қалған қағидаларға сүйенбей, силлабустағы алдын ала бекітілген тақырыптарға бағына бермейтін. Өзі еркін ойдың иесі болғандықтан да белгіленген тақырыпты қысқадан қайыра салмай, кеңінен көсіле талқылап кететін. Шәкірттеріне ылғи да «Осы мамандықты бітіргесін бұл салада қаларсың, бәлкім қалмассың. Қара жұмысшы болсаң да оқыған, көзі ашық жұмысшы боласың. Ең бастысы – Адам болып қалу міндетің” дейтін. “Жазушының лексиконында “білмеймін” деген сөз болмауы керек. Барлық саладан хабардар болуларың керек.”деп айтып отыратын. Дулат ағамыз шығармашылықжолында өте еңбекқор еді, қарап жүрмейтін. Бізге де «қарап жүрмей, бірнәрсемен айналысыпжүрсеңдерші» дейтін. Аға жайлы айтылар естелік те көп, айтылар сөз де көп», - дейді кинодраматург. 

АЛАУЫЗДЫҚ ПЕН ОЙ АЙТЫСЫ

Дәуірдің дара тұлғасын даттағандар да кездесті. Жазушыны саясатты жек көріп, кейін тұңғыш президенттің қолынан марапат алды деп ел ішінде алауыздық тудырғандар да болды. Журналист Сәкен Сыбанбайдан бұл туралы ойын сұрадық. 

«Дулат аға әрдайым өз ойын ашық айтты. Ешкімге жағынған жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл кісіге марапатты мәз болсын деп берген жоқ. Аға қай сыйлық болсын өз қаламының қуатымен алды», - деп жауап берді ол. 

Ал ғасырдың екі тұғырының арасындағы келіспеушілік туралы да талай ауыз көп сөйледі. Дулат Исабеков пен Мұхтар Мағауиннің арасындағы түсініспеушілік талай ойы нашардың оң жамбасына келді. Ал Сәкен Сыбанбай бұл туралы сөз қозғап отырудың керегі жоғын айтты. 

«Мағауин мен Исабеков арасындағы ой айтысы - әдебиет, өнер адамдарында бола беретін жай пікір алшақтығы, көзқарас қайшылығы. Кейбір мәселелерде ойлары үйлеспеді. Ондай бола береді. Оған акцент берудің де, жеке бас араздық деп ойлаудың да қажеті жоқ деп білем», - деді Сәкен Сыбанбай. 

Ақмоншақ Ахмет те Сәкен Сыбанбайдың ойымен келіседі екен.

«Екі ақсақалымыз көзі тірілерінде көзқарас қайшылықтары болып, келісе алмаған шығар. Тұлғалардың арасында ондай түсініспеушіліктердің болуы заңды да. Ешкім де идеал емес. Сондықтан да әруақтарға тыныштық берейік. Дулат ағамыз замандасы Мұхтар Мағауиннің дүниеден өткенін естігенде қара орман халқына, жалпы Алаш жұртына қайғыра көңіл айтқандардың бірі», - деді ол. 

Orda.kz ұжымы біртуар жазушы азаматынан айырылған бүкіл қазақ халқына қайғыра көңіл айтады. 83 жасына қараған шағында өмірмен қоштасқан жазушының жаны пейіште шалқысын!




Жаңалықтар

барлық жаңалықтар