Теңге бағамына қысым бар – Ұлттық банк төрағасы түсініктеме берді
Фото: Еуразиялық экономикалық комиссия сайтынан
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов әлеуметтік желіде жаңа жазба жариялап, теңге бағамына қазіргі уақытта неге қысым түсіп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Orda.kz.
«Экономикаға фискалдық құйылым көлемі артып жатыр, ал ақша массасы бір жылда 18 пайызға көбейді. Ішкі өндіріс пен ЖІӨ ақша массасының өсіміне ілесе алмай отыр. Егер экономиканы қаржыландыру көлемі ішкі өндірістен жылдамырақ өссе – бұл импорттың көбеюіне алып келеді» деп жазды Сүлейменов.
Оның айтуынша, 2025 жылы инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға едәуір шығындар қарастырылған. Осыған байланысты ірі келісімшарттар жасалып, импорттық жабдықтар мен техникалар сатып алынуда, бұл шетел валютасына сұранысты арттырып, теңгеге қысым түсіреді.
«Уақыт өте келе ішкі өндіріс ақша массасын қуып жетеді, бірақ оған, әрине, уақыт керек. Сондықтан қазіргі жағдайда экономика импортқа жүгінуге мәжбүр» деп жазды Ұлттық банк басшысы.
Сүлейменов теңге бағамына әсер ететін негізгі факторларды атады:
🟩 Фундаменталды факторлар:
- Мұнай мен өзге де экспорттық тауарлардың әлемдік бағасы;
- Негізгі сауда серіктестерінің валюталарының динамикасы;
- Жаһандық экономикалық жағдай мен макроэкономикалық көрсеткіштер.
🟨 Нарықтық факторлар:
- Халық, бизнес және мемлекет тарапынан шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс;
- Импорттық сатып алулар;
- Маусымдық өзгерістер (мысалы, туристік белсенділік, дивиденд төлемдері).
🟥 Спекулятивті факторлар:
- Валютаға нақты қажеттілікке емес, қысқа мерзімді пайда табу мақсатында жүргізілетін операциялар. Мұндай әрекеттер негізсіз құбылмалықты күшейтуі мүмкін.
«Қазіргі таңда фундаменталды факторлар теңге бағамының шынайы құнынан төмен екенін көрсетіп отыр. Біз спекулятивті белсенділікті байқап отырған жоқпыз – жағдай тұрақты және бақылауда» деп түсіндірді Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта теңгеге негізгі қысым нарықтық факторлардан туындап отыр:
- бюджет қаражатын белсенді игеру;
- импорттық сатып алулардың өсуі;
- маусымдық дивиденд төлемдері;
- туристік сұраныс.
«Кейбіреулер интервенция жасап, бағамды тұрақтандыру керек дейді. Бұл белгілі бір жағдайда – яғни спекулятивті қысым кезінде орынды. Бірақ бағам нарықтық немесе фундаменталды себептермен өзгеріп жатса, интервенция көмектеспейді, керісінше, экономикаға зиян келтіруі мүмкін. Ойсыз жасалған интервенциялар спекулянттарға ғана тиімді, ал ұлттық экономикаға емес. Сондықтан ұлттық резервтерді ұқыпты пайдалануға тиіспіз» деп жазды Сүлейменов.
Сондай-ақ ол Ұлттық банк биржа мен банкаралық нарықтағы жағдайды мұқият бақылап отырғанын, қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге дайын екенін айтты.
«Бүгінгі күні Қазақстан 52,2 миллиард АҚШ долларына жуық халықаралық резерв жинақтаған. Бұл бізге спекулятивті ауытқуларды жұмсартуға мүмкіндік береді» деп жазды Ұлттық банк төрағасы.
Айта кетейік, соңғы күндері доллар бағамы үздіксіз өсіп келеді. Кейбір айырбастау орындарында 1 доллар 542 теңгеге дейін жетті. Ал Ұлттық банктің демалыс күндеріне белгілеген ресми бағамы – 544,87 теңге.
Біз бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкінің жанынан криптоактивтердің мемлекеттік резерві құрылатынын хабарлаған едік.
Қазақстан Ұлттық банкі 2025 жылдың мамыр айында Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін Ұлттық қордан 950 млн-нан 1,05 млрд долларға дейін сатуды жоспарлады.
Жаңалықтар
- «Ақиқат пен есептің арасы жер мен көктей»: Арал теңізінде не болып жатыр?
- Рудныйда аулада ойнап жүрген баланы көлік қағып мерт қылды
- Көкпардан әлем чемпионаты 15–21 наурыз аралығында Түркістанда өтеді
- Қазақстан өз азаматтарын эвакуациялай бастады: Шиеленіс аймағынан 467 адам шықты
- Семейдегі ойын-сауық орталығында алапат өрт шықты
- «Бәрі жақсы, қала сол баяғыша»: Дубайдағы қазақстандықпен сұхбат
- Тоқаев энергетика министрін қабылдады
- Тоқаев Оман сұлтанына эвакуациядағы жәрдемі үшін алғыс айтты
- «Ақша қателесіп түсті» дегенге сеніп қалмаңыз: Банк қосымшасы арқылы жасалатын алаяқтық схема
- Алматыда 2006 жылы қылмыс жасаған адам 19 жылдан кейін сотталды
- Денесінің 85%-ы күйген: Щучинскідегі жарылыстан 9-шы адам көз жұмды
- Израиль Тегерандағы президент резиденциясына соққы жасады
- Иран мектебіндегі қанды қасаптан қаза болған 165 адамның жаназасы шығарылды
- Щучинскіде жарылыс болған дәмхананың иесі ұсталды
- Шучинсктегі жарылыс: Тағы бір адам көз жұмды
- Зеленский: Иранның әскери нысандарына жасалған шабуыл – дұрыс шешім
- Бөлінген қаражатты қалтаға басқан Өскемен әуежайы басшылары сотталды
- Талғардағы қантөгіс: Прокурор басты айыпталушыны өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрады
- Сәденов Тоқаевқа елдегі қылмыс деңгейі төмендегенін айтты
- Алматыда 14 жасқа дейінгі балалар арасында қызылша өршіп тұр