Тағы да Талғар: 11-сынып оқушысы 14 жастағы жасөспірімге әлімжеттік көрсетемін деп өлтіріп алды

cover Коллаж: Orda.kz

Алматы облысы Талғар ауданында тағы да жасөспірім қаза тапты. Алайда бұл жолы жасөспірімді өзімен шамалас мектеп оқушысы өлтірген. Оқиға қалай және неден басталды?

Orda.kz тілшісі Қызылту ауылына барып, мән жайды біліп қайтты.

Оқиға 13 қыркүйек күні кешкі сағат 22:00 шамасында Талғар ауданының Қызылту ауылында болған. Әкесі Данияр Нұрғалиевтің айтуынша, оның Әлихан есімді ұлы 9-сынып оқушысы. Кешкілік уақытта анасы үйге қайтуын сұраған соң ол досымен бірге қайтып келе жатқан. Кенет «Ана мен сәби» дүкенінің маңында алдынан 11-сынып оқитын 4 жігіт шығып, оны ешқандай камера жоқ, қараңғы жерге алып кеткен. 

«Қараңғы жерге алып барып Әлиханды ұрып-соққан. Сол жерде балам есінен танып құлаған. Ұрған Ерасыл (аты өзгертілді) есімді бала, естуімше ол бокстан чемпион дейді. Түн боп кеткеннен кейін, оны іздеп хабарластық. Телефонына хабарлассам бір әйел алып, жауап берді. Баламның құлап қалғанын, айтып хабарлады. Барсам жердің бәрі су. Не болғанын сұрасам, балаңыз өзінен-өзі келе жатып құлап қалды дейді. Жедел жәрдем шақырдық, алайда олар 45-50 минуттан кейін бірақ келді», – деді Әлиханның әкесі Данияр Нұрғалиев.

Жедел жәрдем келгеннен кейін облыстық балалар ауруханасына барып, әрі қарай бірден жансақтау бөліміне алып кетті. Дәрігер қайта беруге болатынын айтқан. Әлиханның ата-анасы ауруханадан шығып үйіне кеткен кезде, сәл уақыттан соң 2 бала Әлиханның жағдайын білу үшін ауруханаға келген.

«Таңғы сағат 6:00 шамасында қайтадан ауруханаға барсақ, дәрігер: «сіздер түнде қайтып кеткеннен кейін 2 бала келіп, баланың жағдайын білді. Олар сіздердің туыстарыңыз ба?», - деп сұрады. Ертесі күні баламды ұрғанын білдік, өйткені жағының асты көгеріп кетті». 

«Белгісіз әйел жанымыздан айналшықтап жүрді»

Әлиханның ауруханаға түсу себебін нақты білгеннен кейін, оның әкесі Данияр белгісіз әйелдің ауруханада олардың жанынан шықпай жүргенін байқаған. Бастапқыда жай ғана ауруханаға жақынына келіп тұрған адам шығар деп ойлап, мән бермеген.

«102-ге хабар бердік, ауруханаға учаскелік полицей келгенін айтты, алдарынан шығайын деп жатқанда, жаңағы әйел келіп, телефонды қоя тұруды өтініп, өзін Ерасылдың анасымын деп таныстырды. Яғни, маған: «менің балам, сіздің балаңызды ұрып қойыпты» деді».

Даниярдың әкесінің айтуынша, Әлиханды ұрып құлатқан жерде сумен оның бетін жуған, алайда қанның ізі бәрібір мұрынның ішінде қалып қойған. Жансақтау бөлімінде Әлихан 3-дәрежелі жансақтау жағдайында жатып, 17 күннен соң тіл тартпастан қайтыс болды. 

«Болып жатқан тергеу жұмыстарына көңіліміз толмайды. Талғар аудандық сотының медициналық сараптаманың ішінде күмән тудыратын жайттар бар. Баланың өзі құлауы мүмкін немесе баланың бойы ұзын болғандықтан құлағанда ауыр жарақат алуы мүмкін деп жазылған».

Әзірге экспертизаның жауабы тек тергеушіде ғана, өйткені Данияр адвокатты енді ғана жалдаған, ал ол іспен әлі етене жақын танысқан жоқ. Медициналық сараптамаға көңілі толмағаннан кейін, ата-ана аппелияциялық шағым түсірген.

«Баханы танисың ба?»

Даниярдың сөзінше, Ерасылдың әкесі дүниеден озған, ал анасы мектепте бастауыш пәнінің мұғалімі. 

«Әлихан мен Ерасыл бір мектепте оқыған. Менің ұлым 1-сыныптан 8-сыныпқа дейін осы жердегі мектепте оқып, кейін біз Шонжыға көшкеннен кейін ол сол жақтағы мектепте оқыды. Сенбі, жексенбі күндері демалысқа осы жаққа келген кезде, осындай жағдай болып тұр ғой енді».

Әлиханның әкесі осы күнге дейін 2 мәрте үйге келгенімен, ешқандай кешірім сұрамаған. Бірінші келгенінде екі жақтан да кінә барын алға тартатқанын, екінші мәрте келгенінде қылмыс әлемінің серкелерін айтып, қорқытуға тырысқан. 

«Бірінші келгенде екі жақтан да кінә бар екенін алға тартты. Ал екінші рет келгенде бейтаныс бандиттерді айтып, оларды танитынымды немесе танымайтынымды сұрады. Баха деген біреудің атын айтты, бірақ мен олардың ешқайсысын танымаймын. Біз баламызды Шонжыдағы зиратқа жерледік. Жерлеу рәсімі аяқталғаннан кейін 1-2 күннен соң алдымен анасы,  сосын ағасы келіп осындай әңгіме айтты». 

Журналист болғым келеді

Даниярдың қарындасының айтуынша, Әлихан бала кезінен ешқандай бұзықтыққа жоламаған. Бала кезден ән айту мен өлең оқуға әуес болған. Тіпті Мұқағали Мақатаевтың 70-80 шақты өлеңін жатқа білетін.

«Спортқа ешқандай жақындығы жоқ, тек гуманитарлық бағытта ғана жүретін бала еді. 6 қыркүйек күні үйге қонақ шақырғанда, ас басында қандай мамандыққа баратынын сұрағанбыз. Сол кезде ол: «Менің журналист болғым келеді» деп іштей өзінің арманын айтқан еді. Бұл сол оқиға болардан 1 апта бұрын ғана болды», – деді Анар есімді Әлиханның туыс әпкесі.

Аталмыш жағдайдан кейін редакция Алматы облысының Полиция департаментінен осы іс бойынша пікір сұраған еді. Олардың мәліметінше, жасөспірім қазір уақытша ұстау изоляторында отыр. 

«Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті зерттеуге бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында ұстап отыр», - деп жауап берді олар.

Бір жас өмірдің үзілгені – бәріміз үшін ауыр қаза. Бұл тек бір отбасының қайғысы емес, бүкіл қоғамға жасалған ескерту. Әр бала өзін мектепте де, көшеде де, үйде де қауіпсіз сезінуі тиіс. Әлімжеттікке немқұрайлық танытқан әр ересек – оның жалғасуына үлес қосады. Балалардың өмірін қорғау – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз.

Orda.kz редакциясы оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін өз бақылауында ұстайды








Жаңалықтар

барлық жаңалықтар