Түркістан астана бола ма?

cover investinturkistan.kz

Қазақстанның астанасы Түркістан қаласына ауысады деген пікір айтылуда. Бұл тұрғыда халықтың ойы қандай факторларға негізделген.

Ең алдымен қаланың тарихына тоқтала кетейік. Тарих тұрғысынан алғанда, Түркістанның ежелгі заманда бас қала болғаны мәлім. Түркі дүниесінің мәдени, тарихи көне бесігі. Біздің дәуріміздің V ғасырында негізі қаланған бұл қала қазақ ұлтының рухани мәйегіне айналды. Сол кездегі Яссы әдебиет пен ғылым орталығы болды.

Енді қазіргі астананың Түркістанға көшуі туралы пікірге мән бермеу қате болады. Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше жыл бұрын ел ордасын Түркістанға ауыстырғысы келгенін, алайда белгісіз жағдайларға байланысты бұл идеядан бас тартқанын айтқан болатын. Дегенмен, сол сөзден кейін қала бюджеті 718 миллиард теңгеге көтерілді. Оның 42 милларды жолдарды жөндеуге бөлінді. Қала жаңа кейіпке ене бастады, яғни мектептер, балабақшалар, тұрғын үйлер салынды. Еліміздің астанасы Түркістанға көшіріледі деген әңгіменің шығуына осы жағдай да түрткі болса керек.

Қандай пікірлер бар?

Белгілі тарихшы Талас Омарбеков астананы Түркістанға көшіру мәселесі жайында мынандай пікір білдірді:

«Біздің тәжірибеміз көрсетіп отырғандай, Астананы солтүстікке көшіргеннен солтүстік облыстарға байланысты дау-дамайдан құтылған жоқпыз. Оған анау ресейлік депутаттардың айтып жатқаны дәлел. Ал енді Түркістанның жайы бөлек. Бұл – Қожа Ахмет Яссауидің күмбезі тұрған рухани орталық. Және мұнда Есім ханның денесі жатыр. Түркістанды саяси астанаға айналдырған Есім хан ғой. Жалпы, бұл қала астана жасасақ та, жасамасақ та, түркі дүниесінің рухани орталығы болып қалады. Ал түрктілдес халықтардың «эпицентрі» боламыз десек, Түркістанды астана жасауымыз керек».

«ДАТ» басылымының жетекшісі, журналист, қоғам қайраткері Ермұрат Бапи:

«Менің ойымша Түркістан астана бола алмайды. Себебі, жылдар бойы құрылған Нұр-Сұлтан қаласын Назарбаев өз баласындай көреді. Ал Түркістанның кейпін қайта өзгертіп жатқандарының себебі - Назарбаевтың хандардың жанына барып жан тыныштығын табуды меңзеуі. Бұл менмендік. Ол кісі киелі Түркістанда ұзақ жатады ма, бұл жағы беймәлім. Менің ойымша, бұл бос әурешілік. Себебі, Назарбаев басқа дүниеге аттанғаннан кейінгі бір жыл шамасында оның атына берілген қала, көше аттары, салған мектептері бәрі бұзылады. Бәлкім, хандардың жанына көмілуді мақтаныш тұтатын болар. Бірақ осы әрекеті арқылы тарихта қаламын деп ойлау - қате».

Түркістанның астанаға айналуы әбден мүмкін. Дегенмен, 30 жылда екі астана ауыстыру еліміздің экономикасына оңай тимесі анық. Зәулім ғимараттар мен сәнді қаланың жобасын жасаудың қаржылық ауыртпашылығы көп. Географиялық жағынан алатын болсақ, қаланың орналасуы, климаты қолайлы емес. Десек те, сонау қиырдағы Ақмоланы астанаға айналдырғанда, бұны да орындалмас қиял деуге болмайды. Нұр-Сұлтан қаласы да бірден қалыптасқан жоқ.
Әрине, экономикалық тұрғыдан елорданы Түркістанға көшіру дұрыс шешім деп айту қиын. Дегенмен, қазақ рухын көтеру, ұлтты ұлықтау мақсатында осы шаһарды ел орталығына айналдыру игі іс болмақ. Киелі Арыстан Баб жақын тұрған, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орналасқан қалада күллі түркі халықтарының рухы сезіледі.

Автор: Мұхит Тұрсынәлі

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар