Өскеменде жаңадан салынған үйдің қабырғасы жарылған

cover

Желіде Өскемен қаласындағы Бауыржан Момышұлы көшесі №14 үйдің жарылған қабырғасының бейнежазбасы тарап жатыр. Онда төртінші және бесінші қабаттағы қабырға жарыла бастаған, деп хабарлады Orda.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.  

Видео авторы «Сыртқы қабырға жарылды. Түнде 04:30 шамасында қапталдар қысылып қалған. Кірпіштері сынған...» деп пікір білдірген.

Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін де олар үй құрылысына қатысты шағым айтқан, ешкім құлақ аспапты. 

– Біз прокуратураға, қалалық әкімдікке бардық. Былтыр қыста күн суып кеткен кезде отбасымызбен туыстарымыздың үйіне баруымызға тура келді, себебі балалар жаурап, ауырып қалды, - деді апатты үйдің тұрғындарының бірі Айнұр. 

Оның айтуынша, ол үйді ипотекаға алған және ай сайын оған төлем төлейді.

Тұрғынның сөзін Өскемен қаласының құрылыс бөлімі растады. Бұл үйді Қазақстан ипотекалық компаниясы салған. Сондықтан құрылысқа қатысты мәселелерді сол компания шешуі керек.

– Кепілдік міндеттемелер шарты бойынша олар пайдалану барысында анықталған барлық кемшілікті жоюға міндетті. Бүгінде компания өкілін іздеу жұмысы жүргізіліп жатыр, бұрынғы басшы жұмыстан босатылды, - деді Өскемен әкімдігінің өкілдері. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар