Сайрамда 24 жастағы жігітті өлтіріп, егін алқабына тастап кеткен

cover Фото: Азаттық рухы

Шымкент қаласында көз жұмған 24 жастағы жігіттің жақындары күдіктілер ұсталмай, тіпті іс бұрмаланып жатыр деп дабыл қақты.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Марқұмның жақындары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған.

– Ұлым түнде көлік жөндеу орнына баратынын айтып, шығып кеткен. Көлігін жөндеуге қалдырған, бірақ қайта оралмады. Арада екі тәулік өткенде марқұмның денесі Түлкібас ауданындағы егістіктен табылды. Оның азаппен өлтірілгенін жаназа уақытында ғана білдік. Сосын жерлеу рәсімін шұғыл тоқтатып, мәйітті сараптамаға жібердік, - дейді марқұмның анасы Ғалия Жаңабаева.

Ал 24 жастағы жігіттің туысы Нұрлан Абановтың айтуынша, қанын көлік жуатын пистолетпен, ыстық сумен жуған. Денесінің бәрі күлдіреп кеткен.

Куәгерлер 24 жастағы Айбекті көлік жуатын орындағы екі жігіт өлтірген дейді. Қазір екеуі де қамауда.

Бірақ марқұмның жақындары күдіктілер түгел ұсталмаған дейді.

Мәйітханадағылар «өз қанына өзі тұншығып өлген, еш жері сынбаған» деп ауызша қорытындыға келген.

– Бұл автожуу орны прокурордікі деп естідік. Демек, бұл жерде прокурор да күдікті болып тұр. Бәрі сол кісінің айтуымен болып отыр. Қазір мен солай күдіктеніп тұрмын. Істі бұрмалап, өзі өлді етіп жаппақшы болған, - деді Нұрлан Абанов.

Марқұмның анасы да осы тұжырыммен келісіп отыр.

– Ол Түлкібас ауданында прокурор болып істеген екен. Шымкент қаласына ауысқанына бір жыл болған. Беркінбаев деген - жаңағы Бағдәулет деген қандықол қарақшының нағашы ағасы. Бұл оған жиен болады. Содан өлтіріп, оған ақыл кеңес беріп отырған. Сөйтіп оны Түлкібас ауданына апарып, мақсарының арасына тастаған, - деді Ғалия Жаңабаева.

Марқұм Айбекті соңғы болып көрген көлік жөндеуші «ол сол жердегі көлік жуатын жігітпен қалған» дейді.

– Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша Түлкібас аудандық полиция бөлімімен қайта сараланып, тергеу реттілігі бойынша қылмыстық іс Сайрам ауданына жолданған. 30-шы тамызда Сайрам ауданындық сотымен күтікті екеу қамауға алынып, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр, - деп хабарлады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар