Саяси партиялар бюджеттен күніне қанша ақша алады?

cover

2012 жылы Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы «Саяси партиялар туралы» заңға өзгеріс енгізді. Ол өзгерістерге сәйкес, сайлауда жеңген партиялар республикалық бюджеттен ақша алатын дәрежеге жетті.

Дәлірек айтсақ, сол өзгеріске сәйкес, саяси партияға дауыс берген әрбір адамның таңдауы ең төменгі жалақының 3 пайызына бағаланатын болды. Қазір Қазақстандағы ең төменгі жалақы 42500 теңге, оның 3 пайызы 1275 теңгеге тең. 

2021 жылдың 10 қаңтарында өткен Парламент Мәжілісінің сайлауында «Nur Otan» партиясы 5 млн 148 мың 74 адамның, «Ақ жол» партиясы 792 мың 828 адамның, «Қазақстанның халық партиясы» 659 мың 19 адамның  дауысын жинаған.

Енді, заң бойынша олардың әрбір дауысын 1275 теңгеге көбейтсек, «Nur Otan» келесі сайлауға дейін бес жыл бойы жыл сайын республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге, «Ақ жол» партиясы 1,1 млрд теңге, «Қазақстанның халық партиясы» 840,2 млн теңге ақша алып отырады.  Үш партияны қоса есептесек, үшеуіне бір жылда республикалық бюджеттен 8,4 млрд теңге, бес жыл ішінде 42 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінеді деген сөз.

Бұл мәліметтерді қоғам алдына шығарған кәсіпкер, қоғам белсендісі Санжар Боқаев. Ол «Саяси партиялар туралы» заңның 2012 жылғы өзгерістерін қарап шығып, әр партия сайлаудан кейін қанша қаражат алғанын есептеген. Командасына parasites.kz (https://parasites.kz/?fbclid=IwAR34qBZGtoxAFh_PGMou28sH_p-qDeZfwJsFj-LT_lpjwK2hWGFsnZ4SFjw)  атты сайт жасатып, әрбір партия күн сайын, сағат сайын қанша қаражат алып отыратынын есептеткен Санжар Боқаев Orda.kz. тілшісіне өз пікірін айтып берді.

— Биыл республикалық бюджеттен мәжілістегі үш саяси партияға 9 млрд теңге бөлінген. Сонда «Nur Otan» партиясы күніне 18 млн теңге, «Ақ жол» мен «Қазақстан халық партиясы» 3 млн теңгеге жуық ақша алады екен. Ол қайда жұмсалып жатыр, ол жұмыстың нәтижесі бар ма деген сұрақ қойғымыз келді. Сондықтан, біз сайт ашып, күніне, сағатына қанша ақша бөлініп жатқанын көрсеттік.

Ең бастысы, саяси партиялар мемлекеттен ақша алмауы тиіс. Неге десеңіздер, олар билікке тәуелді болып қалады. Кез келген саяси партияның негізгі мақсаты - билікке жету. Ал біздегі партияларда ондай мақсат жоқ. Олар лоялды (үкіметке адал - авт) болып, мемлекеттен ақша алып жүре береміз деп ойлайды, - дейді Санжар Боқаев.

Оның айтуынша, Қазақстан парламент депутаттарын сайлауды мүлде басқа жүйеге ауыстыру керек. Себебі, Санжар Боқаевтың айтуынша, қазір қазақстандықтар адамға емес, жалпы партияға ғана дауыс беруге құқылы болып отыр.

— Бұл жердегі ең үлкен проблема – ол мәжілісті партия тізімімен қалыптастыру. Қазақстанда бұл тәжірибе 2007 жылдан бері келе жатыр. Биыл да дәл солай өтті, соның салдарынан халық депутаттарды танымайды, олар бізге тәуелді емес, өйткені, біз оларға дауыс берген жоқпыз, олардың қарап отырғаны тек қана партия. Сондықтан, біз адам болғандықтан, саяси партияға емес, адамға дауыс беруіміз керек, - дейді Санжар Боқаев.

Күнімжан Айдарқызы, Нұр-Сұлтан

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар