Сәбилерді саудалау: Қазақстандағы заңсыз суррогат қызметі және Қытайдың бұған не қатысы бар?

cover Коллаж: Orda.kz

Deutsche Welle зерттеуі Қазақстандағы суррогат ана бизнесінің заңсыз жолдарын көрсетті. Қытайлық тапсырыс берушілерге жұмыс істейтін бұл істегі адамдар әйелдерді қорқытып, түрлі заң бұзушылықтарға барып отыр, деп хабарлайды Orda.kz.

Қазақстандық әйелдер суррогат ана болу туралы хабарландыруларды әлеуметтік желілерден тапқан. Онда оларға 6-8 миллион теңгеге дейінгі төлем, тегін баспана және ай сайын 500 доллар жәрдемақы уәде етілген. Ұйымдастырушыларға хабарласқаннан кейін әйелдермен мессенджер арқылы байланысқа шығып, жеке репродуктивті клиникаларға бағыт беріп отырған. Онда оларға тексеруден өту, кейін шетелге барып эмбрионды көшіру процедурасы ұсынылыпты. Олардың көпшілігі толыққанды заңды келісімшартқа қол қоймаған. Көп жағдайда делдалдар тек ауызша уәдемен шектеліп, заңды күші жоқ келісімдерге қол қойдырып алған.

Әйелдерді Қытайға, Камбоджаға немесе Лаосқа тасымалдаған, көбіне көші-қон ережелері сақталмағаны анықталды. Жәбірленушілердің бірінің айтуынша, оларды терезелері жабылған көлікпен апарып, телефонын алып қойған, ал ота жасауға арналған орын барынша құпия жерде орналасқан.

Ұрық жатырға салынған соң әйелдерді Қазақстанға қайта әкеліп, негізінен Алматыда жалға алынған пәтерлерге қадағалаушылардың бақылауында ұстапты. Оларға үйден шығуға тыйым салынған, ал медициналық тексерулер кейде құжатсыз келген дәрігерлер арқылы жүргізілген екен.

Оларды депортациялаймыз деп, шетелде жасырын аборт жасатамыз деп немесе қаржы жағынан қысым көрсетіп қорқытқан. Ерте босанған немесе ұрықта ақау анықталған суррогат аналарды делдалдар шартты бұзды деп айыптап, төлем жасаудан бас тартқан.

Бір жәбірленушінің айтуынша, босанған соң қалалық жүктілерге қарайтын орталықта баласын Қытайдан келген тапсырыс берушілердің «бала күтушілері» деп өздерін таныстырған адамдар алып кеткен. Оған, баласы өз атына тіркелгеніне қарамастан, «бас тарту» қағазына қол қоюға мәжбүрлеген. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі, ал кейбір тапсырыс берушілер бірнеше суррогат анаға бір уақытта тапсырыс береді.

Зардап шеккен әйелдердің адвокаттары Альбина мен Азамат Бекқұловтар тапсырыс берушілер ұсынған суррогат анаға қатысты құжаттардың Қазақстан заңдарына қайшы екенін айтты.

Онда нотариалды келісімшарттар, жүкті әйелдердің тіркелуі және биологиялық ата-аналары туралы ақпарат жоқ. Бір ұйым репродуктивті клиника ретінде емес, дәрі-дәрмек жеткізуші ретінде тіркелген.

Қорғаушылардың айтуынша, бұл халықаралық қылмыстық топ болуы мүмкін. Олар балаларды заңсыз саудалап, трансплантологияда пайдаланады. Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Грузия және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде қызмет көрсетеді. Әйелдер делдалдардың бақылауымен шетелге жіберіледі. Шекарадан олардың емін-еркін өтіп, тексеріссіз шыққаны және делдалдардың жоғары лауазымды адамдарды атап сес көрсеткені т.б. әрекеттеріне қарасақ, бұл қылмыста да жемқорлық болуы бек мүмкін. 

Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин бұл істі халықаралық қылмыстық схема деп атады.

Ол Қазақстанда заңды түрде нотариалды рәсімделген, 10 миллион теңгеге дейін төлем жасап, толық медициналық бақылау арқылы суррогат ана болу мүмкіндігі бар екенін айтты. Алайда қытайлық тапсырыс берушілерге қызмет көрсететін делдалдар 20 миллион теңгеге дейін ақша алып, көп бөлігін өздерінде қалдырады, әйелдерге тек аз ғана үлес береді.

Локшин бұл тәжірибе суррогат аналардың беделіне нұқсан келтіреді деп есептейді. Егер мемлекет тиісті шара қолданбаса, заңнамалық шектеулер қазақстандық әйелдердің осындай заңсыз жолға тап болып, шетелде сергелдеңге түскені секілді жағдайлар көбейеді. Ол құқық қорғау органдарын тез арада жан-жақты тергеу жүргізуге шақырды.

Адвокат Альбина Бекқұлова іс қозғалған соң мемлекеттік органдар тарапынан суррогат ана болуды жеңіл жүріске теңеген жағымсыз көзқарас танытқандар да болғанын айтты. Сонымен қатар, оның айтуынша, осындай заңсыз жол тек Алматыда ғана емес, Астана, Шымкент және Талдықорған қалаларында анықталған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар