Ресей жағында соғысқан қазақстандық сотталды

cover Фото: Elements.envato.com

Қазақстандық Украинаға қарсы соғысқа қатысқаны үшін түрме жазасына кесілді, деп хабарлайды Orda.kz.

Сәтбаев қаласының соты Ұлытау облысының тумасын  Ресей-Украина әскери қақтығысына қатысқаны үшін жазалады. Айыпталушы ЧВК «Вагнер» құрамында болған және Украинаға қарсы Ресей жағында соғысқан.

Ұлытау облыстық сотының мәліметінше, 2022 жылдың күзінде Жезқазған тұрғыны идеологиялық себептермен «Вагнер»-ге қосылуға шешім қабылдаған. Оның марқұм әкесі Харьков қаласының тумасы болған. Қазақстандық Украина билігі орыс ұлты өкілдерін қудалап жатыр деп есептеген.

Сол себепті ол Ресейдің Украинаға қарсы жасалған агрессиясын қолдап, соғысқа қатысуға шешім қабылдаған.

Ер адам өз бастамасымен жеке әскери компания өкілдерімен байланысқа шықты. 2022 жылдың қарашасында ол Петропавлға келіп, одан кейін таксимен Ресей шекарасын кесіп өткен. Ресейге келген соң Краснодарға барып, «Вагнер» жаттығу лагерінде оқудан өтті. Кейін келісімшартқа қол қойды.

Украинаға қарсы соғысқа қатысқан үшін Ұлытау облысының тұрғынына айына 240 мың рубль ( 1,2 миллион теңге) төлеуге уәде етілген. Егер ол қаза тапса 5 миллион рубль (25,7 миллион теңге) өтемақы берілетін еді.

Ер адам артиллериялық бөлімшеге жіберіліп, қару-жарақ қоймасының меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың шілдесіне дейін Украинаға қарсы Ресей жағында соғысқан. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін, Қазақстанға Мәскеуден Астанаға ұшақпен оралды.

Тергеу барысында оның Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172-бабын (Шетелде қарулы қақтығыстарға қатысу) бұзғаны анықталды. Ол басқа мемлекетте әскери қақтығысқа әдейі қатысқан. Оны адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы ауыр қылмыс жасады деп таныды. Айыпталушы өз кінәсін мойындады.

«Сот айыпталушыны төрт жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, жазасын орта қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Үкім заңды күшіне енген жоқ», деп хабарлады облыстық сот.

Бірнеше күн бұрын АҚШ шекарасын заңсыз өтуге әрекеттенген Қазақстан азаматы ұсталғаны туралы хабарланды. Тергеу кезінде ол «Вагнер»-де қызмет еткенін мойындады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар