Рамазан-2026: 19 ақпанда қасиетті Рамазан айы басталды

cover Фото: gov.kz

2026 жылы қасиетті Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызға дейін жалғасады. Отыз күн бойы мұсылмандар ораза ұстап, рухани тазаруға ұмтылады, деп хабарлайды Orda.kz.       

Қазақстан мұсылмандары 19 ақпанда Рамазанды қарсы алады. Бір ай бойы иманды жандар таң сәріден күн батқанға дейін ішіп-жеуден тыйылады. Алайда дін өкілдері атап өткендей, оразаның мәні тек ас-судан бас тартумен шектелмейді. 

Ораза — өзгеге көрсету үшін жасалатын амал емес. Ол әлеуметтік мақұлдау немесе жұрттың көзіне түсуге тырысатын үшін жасамайды, ең алдымен Алланың разылығы үшін ұсталады.

Рамазан айы адамды сабыр мен тәртіпке үйретеді, нәпсісін тыюға, өзін-өзі бақылауға баулиды және иманын күшейтеді. Бұл — берілген нығметтерге шүкіршілік етіп, мұқтаж жандарға жанашырлық танытып,  игі істерді көбейтетін ай. Ораза балиғат жасына жеткен мұсылмандарға парыз. Дегенмен, белгілі бір жағдайларда жеңілдіктер қарастырылған. 

Оразадан босатылатындар:

  • балиғат жасына толмаған балалар;
  • сырқат немесе денсаулығына байланысты ораза ұстауға шамасы келмейтін жандар;
  • денсаулығында күрделі мәселелері бар қарттар;
  • жүкті және бала емізетін әйелдер;
  • үзірлі әйелдер;
  • сапарда жүрген адамдар.

Егер ораза дәлелді себеппен — ауру, сапар немесе өзге де жағдайлармен бұзылса не ұстай алмаса, кейін қаза ретінде өтелуі тиіс.

Оразаны бұзатын әрекеттер:

  • күндіз әдейі тамақ немесе су ішу;
  • дәрі ішу;
  • темекі шегу және ішімдік ішу;
  • ерлі-зайыптылардың жақындасуы;
  • өтірік айту, өсек тарату, балағат сөз қолдану;
  • рия, яғни көрсетіп тақуалық жасау.

Ал мына жағдайлар оразаны бұзбайды:

  •  сілекейді абайсызда жұтып қою;
  • ұмытып ішіп-жеу;
  • медициналық ем-шаралар, соның ішінде ине салдыру немесе тіс емдету;
  • көзге және құлаққа тамшы тамызу;
  •  су тамаққа кетпейтін жағдайда гигиеналық рәсімдер жасау;
  • крем мен майларды жағу.

Дұрыс тамақтану тәртібі

Күн батқаннан кейін ауыз ашуды құрма мен сумен бастаған жөн. Таң сәріде ағзаның сұйықтық қорын толықтырып, ақуызға, күрделі көмірсулар мен жасымыққа бай тағамдарды тұтыну маңызды. Майлы, тәтті және ұн тағамдарын шектеген дұрыс.

Пітір садақа мөлшері

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылға арналған пітір садақа мөлшерін бір адамға 735 теңге деп белгіледі. Бұл екі келі ұнның орташа бағасына негізделіп есептелген. Пітір садақаны Ораза айт намазына дейін мұқтаж жандарға берген дұрыс.

Рамазан — ішкі тазару мен жауапкершілік айы. Оның басты мәні тек ас-судан тыйылуда емес, адамның рухани тұрғыдан жаңарып, жақсы жаққа өзгеруінде. Рамазан – ислам күнтізбесіндегі тоғызыншы ай. Бұл айдың ең үлкен ерекшелігі қасиетті Құран Кәрім осы айда түсе бастағандығында.Ол қасиетті кітап Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) арқылы адамзатқа жеткізілді.

Рамазан айында мұсылмандар таң сәріден күн батқанға дейін ораза ұстап, тек ішіп-жеуден тыйылып қана қоймай, жаман сөзден, өсек-аяңнан, ашу мен реніштен сақтанып, нәпсіні тәрбиелейді. Бұл – сабыр мен тақуалық мектебі.

Қадір түні – қасиетті айдың ең қадірлі түні. Бұл түнде жасалған құлшылық мың айдан да қайырлы деп есептеледі. ҚМДБ ұсынған ресми құжатқа сәйкес, Қадір түні (Ләйләтул-қадр) 16 наурыздан 17 наурызға қараған түні аталып өтеді. Мұсылмандар үшін ұлық мейрам саналатын Ораза айт 20 наурызға белгіленген. Ал Құрбан айт мерекесі 27-29 мамыр күндері өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Рамазан – сауап еселеніп жазылатын ай. Сондықтан әрбір мұсылман мынадай амалдарға ерекше көңіл бөледі. Бір ай бойы қасиетті Рамазан айында мұсылмандар орындайтын парыз бен міндеттер:

Ораза ұстау. Таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және жаман істерден тыйылу – парыз.

Бес уақыт намаз және тарауих. Рамазан айында мешіттерде тарауих намазы оқылады.

Құран оқу. Қасиетті Құранды көбірек оқып, мағынасына үңілу – үлкен сауап.

Садақа беру. Мұқтаж жандарға көмектесу, қайырымдылық жасау. Ай соңында пітір садақа беріледі.

Кешірім мен ізгілік. Ренжіскен жандармен татуласу, ата-анаға құрмет көрсету, туыстық байланысты нығайту.

Қазақстанда Рамазан айының басталуы мен аяқталуын ресми түрде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялайды. Жыл сайын Астана қаласындағы Әзірет Сұлтан мешіті мен Алматыдағы Алматы орталық мешіті секілді ірі мешіттерде мыңдаған жамағат жиналып, уағыз тыңдап, тарауихқа қатысып, сенімін шыңдай түседі. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Рамазан айының басталуына байланысты халықты ауызбіршілікке, сабыр мен ізгілікке шақырды. Басқарма өкілдері Рамазан – қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлықты арттыратын ай екенін атап өтті. 

Рамазан – тек діни міндет емес, ол – жүректі тазарту, рухани жаңғыру айы. Бұл айда жасалған әрбір игі іс, айтылған әрбір жақсы сөз үшін үлкен сауап жазылады.

Қасиетті ай барша қазақстандықтарға береке, бірлік пен тыныштық әкелсін. Ұстаған оразалар қабыл болсын! 

Тақырыпқа сай ұсынамыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар