Қазақстандағы қанды қаңтар: екінші күн, Ақтөбе және Атырау

cover

2022 жылдың қаңтарында наразылық толқыны Қазақстанның барлық қалаларына тарады, полиция наразылық білдірушілерді ұстап, журналистерді жауап алуға шақырды.

Orda.kz сайты The Diplomat басылымымен бірлесе отырып, Шерилдің қаңтар айындағы барлық оқиғалар мен наразылық шерулерін басып жатқан көшелерден жазған қазақстандық тәуелсіз журналистер туралы әңгімелейді.

Шерил Л. Рид

АҚТӨБЕ, Қазақстан: Облыстық әкімдік маңында «Азаттық» радиосының журналисі Жаңагүл Жүрсін жүзге жуық жүргізушінің жанармай бағасына наразы екенін көрді.

Жаңагүл 26 жылдық журналистік тәжірибесінде көптеген наразылық акцияларын көрген, сондықтан алғашында 3 қаңтардағы митингілерде расында айтарлықтай ештеңе көрмеді. Көп адамдардың арасында наразылық шеруінің жетекшілері кім екенін дөп басып айту қиын болып, полиция ешкімді ұстамады. Ақтөбе және Ақтөбе облысының әкімдері наразы азаматтардың алдына шығып, оларды сабырға шақырды. Бір-екі сағаттың ішінде жүргізушілер алаңды босатты.

Алайда келесі күні наразылық білдірушілер қарасы алдыңғы күнге қарағанда әлдеқайда көп болды. Негізінен ер адамдардан құралған жұртшылық саны тез көбейіп, алаңда мыңдаған наразы адамдар жиналды. Жүргізушілер қатарына жанармай бағасының қымбаттауынан алғашқылардың бірі болып зардап шеккен металлургтер мен басқа да қала тұрғындары қосылды.

«Олардың саны секунд сайын көбейді», - деп еске алды журналист.

Ақтөбе. Фото: Юрий Гейст

Полицейлер әкімдікке апаратын жолдарды жауып тастағанымен, шерушілер баррикадаларды айналып өтіп, қала алаңына киіз үй тіккен. Ratel.kz интернет басылымының журналисі Дмитрий Матвеевтің айтуынша, наразылық білдірушілердің біразы мас болған. Келгендердің көпшілігі үкіметке қарсы ұрандар айтты. Ал полиция осы кезде кейінірек наразылық білдірушілердің жеке басын анықтап, оларды тұтқындау үшін барлық демонстрацияларды камераға түсіріп тұрған.

Еске салсақ, 2011 жылы жарты миллионға жуық халқы бар Ақтөбеде еліміздегі алғашқы лаңкестік әрекеттердің бірі орын алған. ҰҚК жергілікті департаментінде экстремистер өзін жарып жіберген. Бес жылдан кейін полиция мен радикалды исламшылдықпен күдікті содырлар арасында болған атыста 25 адам қаза тапқан.

Матвеевтің айтуынша, Ақтөбедегі қаңтардағы наразылық акциясына діни топтардың мүшелеріне ұқсас көптеген «сақалдылар» қатысты, бірақ полиция оларға ештеңе демеген. Тілшілер билік журналистерден алаңда болып жатқан оқиғаны жазбауды өтінгенін, бірақ олар бас тартқанын бірауыздан айтты.

Ақтөбе. Анонимді болып қалғысы келген автордың суреті

Атырау

4 қаңтар күні Атыраудағы орталық алаңға 5 мыңнан астам адам жиналып, наразылықтарын білдірді.

«Ақ Жайық» газетінің журналистері Айнұр Сапарова мен Фархат Әбілов биліктен азық-түлік пен жанар-жағармай бағасын төмендетуді талап етіп жатқан жұртты видеоға түсірді. Ашынған азаматтарды облыс әкімі тыныштандыруға тырысқанымен, айғай-шудан оны көбі естімеді де. Сапарованың айтуынша, біреулер тіпті әкімді ұрлап әкетіп, одан ақша бопсалауды ұсынған.

Келесі күні қалың жұрт одан сайын ашуға бой алдырып, оларды басқару қиындап кеткен. Облыс әкімдігі ғимаратындағы әйнек есіктің шағылып, өрт дабылының дауысы Айнұрдың есінде анық қалды. Шерушілермен қақтығысқан полиция көзден жас ағызатын газ қолданған.

Әбілов әкімдікке баса-көктеп кірген бүлікшілерді видеоға түсіріп үлгергенімен, түсірілім кезінде бір топ сақалды жігіт оның телефонын тартып алған. Олар журналист полицияда жұмыс істейді деп ойлап, оны ұрып-соғып, гаджетті сындырамыз деп қорқытқан.

Фархат пен Айнұр ауадағы атыс дыбысын анық естіді. Сәлден соң олар әкімдік ғимаратының артында жерде жатқан 35 жастағы Алмаз Берекеновтің денесін көрді. Айнұр жедел жәрдем бригадасының фельдшерлерінен түсініктеме алды: олар оған алты наразылық білдірушіге оқ тигенін, бірақ тек Берекенов қайтыс болғанын айтқан.

Ақтөбедегі жағдай қалай өзгерді

5 қаңтарда Ақтөбедегі наразылық шиеленісе түсті. Қала тұрғындары әкімдіктің есігін бұзып, ғимаратқа кірмек болған. Полиция тұрғындарға резеңке оқ атып, түтін бомбалары мен көзден жас ағызатын газ қолданған.

Жаңагүл шеруге шыққандардың жөтеліп, тынысы тарылып, көздерінен жас аққанын көрген. Кейбір адамдар аузындағы күйікті басу үшін жерде жатқан қарды жеген.

Сапарованың әріптестерінің бірі жариялаған видеода басы қанға боялған адамды көзден жас ағызатын газдың қою тұманының арасында алып бара жатқанын көруге болады. Екі айдан кейін 46 жастағы Файзулла Нұргелдин басынан алған жарақатының асқынуынан қайтыс болды.

Наразылық туралы әлеуметтік желідегі көптеген видеолар арқылы білген Жаңагүлдің 12 жасар қызы анасына үйде отыруын өтінді. Түнде қыз анасынан көз жазып қалмас үшін, мойнынан мықтап ұстап, ұйықыға кеткен.  

«Өтінемін, кетпеші. Ыдыс-аяқты бір ай бойы өзім жуамын, мысықты өзім қараймын», – деп Жаңагүл қызының үйде отыруын өтінген сөзін еске алды.

Жаңагүл қызына журналистік борышын өтеу керектігін түсіндіруге тырысты. «Тәуелсіз журналистер аз. Мен сонда болуым керек, не болып жатқанын көрсетуім керек», - деді ол.

Жаңагүл еңбек жолын облыстық мемлекеттік телеарнадан бастап, наразылықты толық көрсетуге мүмкіндік ала алмаған. Алайда журналист 2011 жылы «Азаттық» радиосына жұмысқа орналасты. Оған бірнеше рет журналистік қызметін жүзеге асыруға, наразылық акцияларын түсіруге кедергі келтірілген. Оның үстіне, бір күні біреу оның пәтеріне кіріп, камерасын ұрлап, компьютерінің ішін ақтарып кеткен.

Осы оқиғадан кейін Жаңагүлдің салық басқармасында жұмыс істейтін күйеуі одан Азаттықтағы қызметінен кетіп, мемлекеттік БАҚ-қа жұмысқа тұруын өтінген. Оның айтуынша, күйеуі Украинадағы соғысқа қатысты ресейшіл көзқарасты ұстанады, ал ол президент Владимир Путинді агрессор деп санайды.

«Біз ортақ тіл табуға тырысып жүрміз, бірақ бұл қанша уақытқа созылатынын білмеймін. Мен қызымды үгіт-насихаттан қорғауға тырысып жатырмын», - деді ол.

Тағы да атыс

7 қаңтар күні таңғы сағат 4:30-да Жаңагүлді ақтөбелік тұрғындардың бірінің қоңырау соғуы оятты. Әйелдің пәтерінің терезесі алаңға қарайды екен. «Олар атып жатыр», - деді оған желінің арғы жағындағы әйел дауысы. «Адамдарды автозагтарға тиеп жатыр. Тіпті әйелдерді де ұстап әкетіп жатыр».

Сол күні қатты жаңбыр жауды. Қала сыртында тұратын Жаңагүл таңның алғашқы сәулесін күтіп, үйден шығып кеткенімен, алаңда ешкім болмаған.

«Соғыстан кейінгі қырғынға ұқсаттым, өйткені кейбір жерлерде от әлі жанып тұрды. Қарда жатқан оқтар, түтін бомбаларынан жасалған канистрлер және резеңке оқтардан жасалған кішкентай шарлар. Әкімдіктің терезелері сынған. Алаңның бәрінде қарулы адамдар кіре берістерді жауып тастады», - дейді журналист.

Ақтөбе. Фото: Юрий Гейст

Көп ұзамай журналист биліктің «арнайы операция» бастағанын білді: тәртіп сақшылары бір күнде үшінші рет демонстранттарға резеңке оқ пен көзден жас ағызатын газ қолданды. Жиналған жұрт тарқаған кезде Русланбек Жұбаназаровтың қанға боялған денесі қардың үстінде жатты.

Кейінірек Жаңагүл өз баяндамасында полицияның тек резеңке оқпен аттық деген мәлімдемесіне қарамастан, Русланбек Жұбаназаровтың құзырлы органдардың жүрек тұсына тиген оқтан қайтыс болғанын жазды. Оны тәртіпсіздікке толы алаңнан шықпақ болып, абайсызда полицей болып шыққан ер адамды қағып кеткеннен кейін өлтіріп кеткен.

Ақтөбе. Анонимді болып қалғысы келген автордың суреті

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде сол күндері түрлі жарақаттармен 62 адам, оның ішінде он шақты тәртіп сақшысы ауруханаға түскен. Билік бір айдан кейін мәйітті отбасына қайтарып, Жұбаназаровтың өлімін жасырып, «шерулер қантөгіссіз өтті» деп мәлімдеді. Мыңға жуық адам қамауға алынып, олардан полицейлер жауап алған.

Атырауда 60-қа жуық адам медициналық көмекке жүгінген. Ресми түрде 49 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның 28 сарбазы жараланған. Ал полицейлер шерушілерге оқ атқанын жоққа шығарғанымен, бір адамның басына оқ тиген. 748-ге жуық жергілікті тұрғын қамауға алынды.

Атырау. Фото: Фархат Әбілов

Журналистерге қарсы рейд

Наразылық акциясынан екі күн өткен соң полиция мен ҰҚК Ақтөбе мен Атырауда журналистерге рейд жүргізді.

9 қаңтар күні Orda.kz сайтының ақтөбелік журналисі Ардақ Ерубаева 13 жасар ұлымен ұйықтауға жатпақшы болып жатқанда, тәртіп сақшылары есігін қаққан. Сағат 23:00 кезі.

Әйел шошып кетті: сыртқы есікті ашқанда, бес полиция қызметкері ордер көрсетпестен пәтерді тінтіген. Ерубаева журналист екенін айтып, кеудеше мен құжаттарын көрсетті. Оған қарамастан ер адамдар оның заттарын тінтіп, ұялы телефонын тартып алып, полиция бөлімшесіне бірге баруды бұйырған. Оларды кәмелетке толмаған бала пәтерде жалғыз қалатыны тоқтатпады.

Ардақты полиция бөлімінде екі сағат тергеп, түн ортасында босатып жіберді, тағы 20 күн телефонын қайтармады. Жауап алу мұнымен тоқтап қалмады - кейін оны бөлімге тағы екі рет шақырды.

Ақтөбе. Фото: Юрий Гейст

11 қаңтар күні «Ақ Жайық» басылмының атыраулық журналистері Айнұр мен Фархат полицияға жауап алуға шақырылғанымен, екеуі де шақыру қағазынсыз ешқайда бармайтындарын жеткізген. Келесі күні ресми құжаттар келгенде бұйрықты орындауға тура келді.

Фархат келгенде полиция бөлімшесі жастарға толы екенін байқады. Полиция қызметкері алаңда түсірілген фотосуреттерді беруді талап етті, бірақ журналист полицей оларды ресми құжаттарсыз көрмейтінін айтқан. Полиция оны қамтамасыз ете алмағандықтан, журналисті босатуға тура келген. Бірақ олар Фархатты қайта шақыртатындарын ескерткен.

Фархат оларды күтпестен 13 қаңтар күні Грузияға ұшып кетті, онда ол бір ай болып, Америка Құрама Штаттарына бару мүмкіндіктерін іздестіре бастаған. Қазақстанға оралған ол «Ақ Жайық» газетіндегі жұмысынан шығып, фриланспен айналысатын болып шешті.

«Мен демократияның жоқтығынан, сөз бостандығының жоқтығынан, төмен жалақы мен қымбатшылықтан шаршадым. Мұндағы өмір өте қиын», - деді ол.

Атырау. Фото: Фархат Әбілов

Фархаттың елден қашып кеткенін естігенде Айнұр шошып қалды, өйткені Фархат полициямен үнемі жақсы қарым-қатынаста болған.

Айнұрдан үш сағат бойы жауап алынды, ал сұрақтар тапқырлығымен ерекшеленбесе керек.

«Полиция қызметкері не тәжірибесіз, не ақымақ, не өзін солай етіп көрсетті. Ол журналистің кім екенін, не істейтінін түсінбегендей әрекет етті. Өмірімнің үш сағатын босқа өткіздім», - дейді Айнұр.

12 қаңтарда ақтөбелік полицейлер Жаңагүл, Дмитрий және блогер Ақтамақ Көптеуованы полиция бөлімшесіне шақырып, бірнеше сағат бойы жауап алған.

Полиция Дмитрийге журналист кеудешесін кимегендіктен оны наразылық акциясына қатысушы ретінде айыптауға ниетті екенін айтты. Дмитрий оны наразылық білдірушілердің өзіне қарсы агрессивтілігіне байланысты оны кимегенін түсіндірді.

Ол полицияға Ratel.kz сайтында жазған мақалаларын көрсеткен. Алайда тілші «өз материалдарында билікті сынаған журналистер тізімінде аты-жөні болғаны үшін» ұсталды.

«Бәрі қалыпты және тыныш деп жазған үкіметке адал тілшілер полиция бөлімшесіне жеткізілмеген», - деп атап өтті Дмитрий.

Басылым редакциясы әкімге және қалалық ішкі істер басқармасының басшылығына хат жазған. Олар Димитридің журналист ретінде әрекет ететінін баса айтып, егер оны түрмеге жіберетін болса, «үлкен шу шығарамыз» деп қорқытқан.

Журналистің айтуынша, полиция қызметкерлері бұған дейін жазған мақалаларына «жауап беретінін» айтқан.

«Егер мені түрмеге қамасаңыздар, мен аштық жариялаймын, бұл сіздерге қымбатқа түседі», - деп біржақтан ол да қорқытқан.

Дмитрий 15 жыл емес, 15 күн қамауда отыруы керек болғандықтан жоғалтатын ештеңем жоқ деп ойлады.

«Мен қылмыстық, сот және сыбайлас жемқорлық тақырыптарында жазамын. Мен бұл адамдардың психологиясын түсінемін. Мен қорықпайтынымды және мені сындыра алмайтындарын көрсетуім керек еді».

Дмитрийдің айтуынша, полицейлер оның еврей отбасынан шыққанын келемеждеп, аса қауіпті қылмыскерлермен қамаймыз деп қорқытқан.

«Мен түрмеге түскен бойда полицияның адамдарды қалай қинағаны туралы барлық фактілерді жинап, білгенімнің бәрін жазамын», - деп Дмитрий барынша қорғанған. Дмитрий сенімділік танытуға тырысса да, белгісіздік қорқынышынан біраз қорыққан - «Мен олардың келесі қадамы қандай болатынын білмедім», - деп мойындады Дмитрий.

Нәтижесінде полицейлер оны босатқанымен, бірнеше күннен кейін оны қайтадан полиция бөліміне шақырған. Тергеушілер жауап алу хаттамасын жоғалтып алып, Дмитрийдің қайта келіп, кейбір құжаттарға қол қоюын талап еткен.

Бұл жолы журналист адвокатымен келген. Ұсынылған құжатта оның процессуалдық мәртебесі «қорғауға құқығы бар куә» ретінде көрсетілген. Бұл оның кез келген сәтте қылмыстық құқық бұзушылыққа күдікті бола алатынын көрсетті. Полиция оның мәртебесін «куәгер» деп өзгерткенше Дмитрий оған қол қоюдан бас тартқан.

«Қазақстанда тәуелсіз БАҚ-тың жұмысы ешқашан оңай болмайды», - деді ол.

Ақтөбе. Фото: Мария Болатова

Шерил Л. Рид – американдық журналист және Fulbright Program стипендиаты. Ол Орталық Азиядағы БАҚ-тың репрессиясын зерттеп, 80-нен астам журналистерден сұхбат алды. Қосымша ақпарат cherylreed.com сайтында

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар