Павлодар облысы «қызыл аймаққа» кіріп, карантин қатаңдатылды

cover

Бүгін Павлодар облысының бас санитарлық дәрігері кафеге, мейрамхана мен жолаушылар тасымалы жұмысына өзгеріс енгізіп, қаулыға түзетулерге қол қойды. Бұл туралы өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.

Облыстағы коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының артуына байланысты карантин режимі қатаңдатылды.  Соңғы екі тәулікте аймақта  450 адам вирус жұқтырған.

Қаулыға енгізілген түзетулер бойынша енді қалааралық, облысаралық және өңір ішіндегі автобус тасымалына тыйым салынған. Тек Ақсу-Павлодар бағытындағы қозғалысқа рұқсат. Сонымен бірге кафелер мен мейрамханалар жұмысына да шектеу қойылды. Енді демалыс күндері аталған мекемелер клиент қабылдамайды. Тамақты жеткізу қызметіне ғана рұқсат. Бұл шектеу шарасы сауда орталықтарындағы тамақтану орындарына да қатысты.

Жаңа қаулы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыс кестесі бір сағатқа ұзартылды. Ендігі жерде мекеме жұмыс күндері кешкі сағат 6-ға дейін ашық болады, демалыс күндері жұмыс істемейді. Өткен тәулікте 1548 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Соның 226-сы Павлодар облысында тіркелген.

Қаулы 25 қаңтарда сағат 00:00-де күшіне енеді. Шектеу шаралары 8 ақпан сағат 00:00-ге дейін жалғасады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар