Оспадарсыз әлеуметтік сақтандыру: қайтыс болғандарды қабылдауға жазып, ер адамдарды әйелдерге арналған скринингтен өткізген
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) жұмысында көптеген заңбұзушылық анықталды. Олардың қатарында жалған пациенттерді тіркеу, ер адамдардың әйелдерге арналған скринингтерден «өтуі», балаларға бір күнде мыңнан астам дәрі-дәрмек жазу, тіпті қайтыс болған адамдарға медициналық қызмет көрсету фактілері болған, деп хабарлайды Orda.kz.
Жалған тіркеу жасап, қайтыс болғаннан кейін де қабылдауға жазып, заңды белшеден басып, тиімсіз жұмыс істеген әлеуметтік медициналық сақтандыру енді қаржы министрлігінің қарауына беріледі.
Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Олжас Бектенов қаржы министрлігіне ӘМСҚ қызметін талдауды, яғни бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын тексеруді тапсырған еді.
Енді осы тексерудің нәтижелері жарияланды.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, бюджет шығындары артқанына қарамастан, қор жұмысының тиімділігі жақсармаған. 2020 жылдан бері жинақталған инвестициялық кіріс 588 млрд теңге болды, оның ішінде тек 2025 жылдың өзінде — 195,9 млрд теңге. Алайда бұл қаражаттар қор активтерінде ғана жинақталып, медициналық қызмет көрсетуге бағыттамаған.
Аудит барысында көптеген заңбұзушылықтар да анықталды. Мәди Такиев бірнеше мысал келтірді. Мәселен, елордадағы жекеменшік клиникалардың бірінде бір дәрігер бір күнде 1442 пациентті «қабылдаған». Ал қалыпты жағдайда бір дәрігер күніне орта есеппен 24 адамды ғана қабылдай алады (алты сағаттық жұмыс күні кезінде бір пациентке 15 минуттан есептегенде).
Тағы бір астаналық маман бір айда 1713 науқасты «емдеп жіберген», ал кейбір күндері осы «супер маман» тәулігіне 300–400 адамды тексеріп тастаған жағдай тіркелген.
Тексеру нәтижесінде 996 қайтыс болған пациентке 3640 медициналық қызмет көрсетілгені анықталды. Ол аздай 2023 жылы қайтыс болған адамды 2025 жылға қабылдауға жазу дерегі де бар.
Пациенттің жынысына сәйкес келмейтін 769 446 скрининг жүргізілген, оның жалпы сомасы 1,8 млрд теңге. Яғни, ер адамдар жатыр мойны обырына арналған скринингтен өтіп, тіпті маммография да жасатқан болып шыққан. Тек Алматы облысындағы бір аудандық аурухананың өзінде осындай 11 123 жағдай тіркелген.
Балаларға дәрілік заттарды жүйелі түрде жалған есептен шығару бойынша 68 717 жағдай анықталған. Мысалы, Жетісу облысында екі балаға бір ғана препарат бойынша 126 мың жазба жасалған — әр балаға 63 мыңнан астам дәрі есептен шығарылған.
Тағы бір дерек — бір тәуліктің ішінде бір пациентке 2872 рет дәрі-дәрмек бердік деп, дәрілерді есептен шығару фактісі болған. Астанадағы балалар ауруханасында осындай 179 жағдай тіркелген: 88 мың дәрі есептен шығарылған, ал пациенттер стационарда бір тәуліктен артық жатпаған.
Сондай-ақ талдау барысында қосарланған қаржыландырудың екі кең таралған схемасы анықталды. Біріншісі — жекеменшік медициналық ұйымдардың қызметі үшін бір мезгілде жұмыс берушінің ерікті медициналық сақтандыруы арқылы да, ӘМСҚ қаражаты есебінен де төлем алу жағдайлары. Екіншісі — бір пациенттің бір уақытта, бір күндерде екі түрлі медициналық ұйымға тіркеуге тұруы.
Сонымен қатар салық органдары медициналық ұйым басшыларының табыстары мен сатып алуларын талдаған. Нәтижесінде 2024–2025 жылдары 1465 басшы бес мыңнан астам жылжымайтын мүлік нысанын сатып алғаны, ал 912 адамның 1416 автокөлік иеленгені анықталды. Кейбір жекеменшік клиника басшылары екі жылдың ішінде әрқайсысы 52-ден 124-ке дейін жылжымайтын мүлік нысанын және 14-тен 24-ке дейін автокөлік сатып алған.
Басқа да проблемалар қатарында қор мен денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің бытыраңқылығы, үнемделген қаражатты бюджетке қайтару тетіктерінің болмауы, сондай-ақ тариф қалыптастыруға қатысты мәселелер жетерлік болып шықты.
Олжас Бектенов қаржылық ағындарды бақылауды күшейту үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қаржы министрлігінің қарауына беруді тапсырды. Сондай-ақ анықталған барлық заңбұзушылықтар бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жолдауды міндеттеді.
Бұдан бөлек, денсаулық сақтау жүйесінің бизнес-процестері қаржы министрлігінің жүйелері негізінде толықтай цифрлық форматқа көшіріледі және негізсіз қаржыландыруды тоқтату мақсатында ӘМСҚ-ның инвестициялық стратегиясы қайта қаралады.
Айта кетейік, ӘМСҚ-тағы заңбұзушылықтар бұған дейін де айтылған болатын. Мәселен, Жоғары аудиторлық палатаның тексерісінен кейін көптеген заңбұзушылық пен ірі қаржылық шығындар анықталып, сол кезде медициналық сақтандыру қоры бюджетке шамамен төрт миллиард теңгені қайтаруға міндеттелген еді.
Тақырыпқа қатысты ұсынамыз:
Жаңалықтар
- Сәденов Тоқаевқа елдегі қылмыс деңгейі төмендегенін айтты
- Алматыда 14 жасқа дейінгі балалар арасында қызылша өршіп тұр
- Ирандағы соғыс жағдайына басқа мемлекеттердің реакциясы қандай?
- 2026 жылы алты жаңа бағытта ақылы жол іске қосылады
- Қазақстанға гүлдер қай елдерден әкелінеді?
- Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бағыттары нақтыланды
- Мемлекет басшысы Болгария президентін Азат ету күнімен құттықтады
- Трамп АҚШ-тың мәңгі соғысуға жететін оқ-дәрісі бар екенін айтты
- Иранда не болып жатыр: Соңғы жаңалықтарға шолу
- Дубайдан шығамыз дегендерге 1000 долларлық «қақпан»: Алаяқтар туристерді алдап жатыр
- Мексикалық наркобарон соңғы сапарына алтын табытпен аттанды
- Түркістан облысында бойжеткен айналдырған 15 минутта көлігімен екі бірдей оқушыны басып кетті
- Ақтөбеде жанармай құю бекетінде жарылыс болды
- Жаңа заң: Сталкер деген кім және ол қалай жазаланады?
- Тоқаев мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасарын ауыстырды
- Bulgaria Open-2026: Спортшыларымыз елге 11 медаль әкелді
- 3 және 4 наурыз күндері Сауд Арабиясынан Қазақстанға алғашқы эвакуациялық рейстер болады
- Сыртқы істер министрлігі Иран халқына көңіл айтты
- Нетаньяхудың тағдыры әзірге белгісіз: Ислам революциясы сақшылар корпусы таратқан мәлімдемелер шындыққа жанаспай жатыр
- Қазақстан халқының саны кезекті межеден асты