Назарбаевтың жаңа кітапханасы ма? Алматының қақ ортасындағы құрылысты неге жасырады?

cover Коллаж: Orda.kz

Бірнеше ай бұрын Сәтпаев пен Назарбаев (2019 жылға дейін Фурманов) көшелерінің қиылысындағы бұрынғы емхана тұрған жерді 10 жылдан аса уақыт жауып келген қоршау күрт өзгерді. Алдымен қоршау биіктеді. Содан соң қазақ, орыс, ағылшын және өзге де ұлы қаламгерлердің қанатты сөздері жазылды. Солардың арасында ағылшынша Presidential Library – «Президент кітапханасы» деген сөз тіркесі де көзге түсті. Бірақ басқа ешқандай дерек жоқ.

Оңтүстік астанада жұрт көзінен тасада, не салып жатқаны жайлы сауалға Orda.kz жауап іздеп көрді.

Қазақстанда президент кітапханасы бұрын да болған. Мысалы, Астанадағы Тұңғыш Президент кітапханасы. 2023 жылы ол ресми түрде таратылып, оның орнына Президент орталығы құрылған болатын. Сондықтан Алматы орталығында Presidential Library деген жазуы бар қоршау пайда болғанда, жұрттың көкейінде «әлгі кітапхана Астанадан көшіп келді ме?» деген ой туған. Әрине, ол әуелде ешкім расымен солай болады деп ойламаған. Жай бір қалжың ретінде сөз қылған. Бірақ Orda.kz тілшісі болашақ кітапханаға қатысты ақпарат алуға тырысқанда түрлі тосын жайттарға тап болып, «жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» деген ойға қалды.

Қазір құрылыс жүріп жатқан аумақта 2013 жылдың соңына дейін Қорғаныс министрлігінің әскери емханасы тұрған. 2014 жылы ол бұзылып, тоғыз жыл бойы ол жер Алматыдағы табиғи ағаштары бар бос алаңға айналды. Осы кезеңде аумақты қоршаған дуалға түрлі баннерлер ілініп тұрды. Ал 2024 жылы бес метрлік биік қоршау орнатылып, оның сыртына ұлы ойшылдардың сөздері жазылды.

Бұл жерде шын мәнінде кітапхана салынатынын билік тек 2024 жылдың соңында ресми түрде растады. Желтоқсандағы есеп беру кездесуінде сол кездегі Алматы әкімі Ерболат Досаев былай деген еді:

«Әуелі жаңа кітапхана саамыз деген идея болды. Кейін туристерді тартатын кешен тұрғызу жөнінде шешім қабылданды. Ол жерде қонақтарға арналған қонақүй бой көтереді. Ал кітапхананың қоры миллион дана кітаптан тұрады», – деді Досаев

Алайда кітапхананы кімнің тапсырысымен және қай құрылыс компаниясы салып жатқаны сол кезде де айтылмады. Бұл туралы әлгі қоршауда да еш дерек жоқ. Өйткені онда нысан құжаты көрсетілмеген. Тек бес метрлік қоршау, кіріп-шығу үшін арнайы рұқсат талап етілетіні жөніндегі жазу, темір қаңқа мен ішінде үлкен шұңқыр ғана бар.

Ал нысан құжаты мүлде жоқ. Orda.kz тілшісі құрылыс аумағын түгел шолып шыққанымен, соншалықты маңызды құжатты таба алмады. Дәлел ретінде біз таймлапс түсірдік.

Болашақ кітапхана жайлы алғашқы деректер тек бір дереккөзден табылды

Алдағы кітапхана туралы алғашқы деректер тек жобаны әзірлеумен айналысқан INK-Architects компаниясының сайтынан ғана кездесті. Онда жер телімінің аумағы – 3,65 гектар екені және нысанның қысқаша сипаттамасы берілген:

«Кітапхана – бұл тек білім қазынасы сақталатын орын ғана емес, толыққанды мәдени әрі қоғамдық орталық. Оның құрылымында демалыс аймақтары, ашық террассалар мен аспан астында кітап оқуға арналған алаңдар қарастырылған. Бұл кеңістіктер әртүрлі жастағы келушілерге қолайлы әрі ашық орта қалыптастырып, бос уақытты өткізу, өзін-өзі дамыту және пікір алмасу қызметтерін ұштастырады». 

Агенттік сайтында болашақ кітапхананың рендерлері де жарияланған.

Онда ғимараттың неге дәл солай жобаланғаны да түсіндірілген:

«Ғимараттың сәулеті Алматының өткенін және бүгінін символдап сабақтастырады. Фасадта ауа өткізетін саңылауы бар қаптама жүйесі жасалған. Бұл ауа алмасуды, жылулықты, жайлылықты қамтамасыз етеді. Қосылған жерлерге әйнек қойылған. Сондықтан ғимарат сырттай жеңіл әрі ашық көрінеді». 

Болашақ Presidential Library-дің нақты кімнің тапсырысымен салынып жатқанын білу үшін біз Алматы әкімдігіне, Мемлекеттік мүлік комитетіне және заң бойынша кітапханаларға жауапты ҚР Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауалдар жолдадық. Бірақ не әкімдік, не комитет, не министрлік бұл сұрақтарға толық жауап бере алмады. Қызығы сол – барлығы сауалдарды әкімдіктің урбанистика басқармасына жолдап, тек солардан ғана жауап алдық:

«Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 бұйрығына («Құрылыс саласында құрылыс жүргізу мен рұқсат алу рәсімдерін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы») сәйкес Алматы қаласы, Медеу ауданы, Назарбаев даңғылының шығысында, Сәтпаев көшесінің оңтүстігінде орналасқан жер телімінің иесіне кітапхана мен келушілерге арналған апарт-қонақүй салу үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілді. Сондай-ақ эскиздік жоба келісілді». 

Алматы әкімдігі жауап беру міндетін Құрылыс басқармасына жүктеді.

Бірақ шын мәнінде біз жауапты министрлікті дұрыс іздемеген екенбіз. Тамыз айының басында Total.kz порталында осы кітапхана құрылысына қатысты материал жарық көрді. Онда айтылғандай, жобаны Сыртқы істер министрлігі, дәлірек айтқанда, оның инвестициялар комитеті қадағалайды. Себебі кітапхана мен апарт-қонақүй кешені – инвестициялық жоба.

Инвестор ретінде «Qazaq Stroy» ЖШС көрсетілген, әрі бұл компания осы істі 2016 жылдан бері қолға алған. Жер телімінің меншік иесі де ресми  кадастрлық картада сол компания болып тұр. Тағы бір қызық дерек – картада Алматы орталығындағы жер телімінің кадастрлық құны «нөл теңге» деп көрсетілген.

Total.kz жарияланымына сүйенсек, СІМ кітапханаға қатысты қосымша мәлімет бермеген. Олар тек ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 13 қаулысына сілтеме жасаған. Бірақ бұл құжат Үкіметтің ресми сайтында жоқ. Біз де министрлікке жеке сауал жолдап, нақты жауап күтіп отырмыз.

Дегенмен «Qazaq Stroy» атауы мен «Алматыдағы президент кітапханасы» тіркесі қатар аталатын ақпараттар ашық дереккөздерде баршылық. Мысалы, ecoportal.kz сайтында осы мәселеге байланысты қоғамдық тыңдаулар туралы мәліметтер бар. Есепке сүйенсек, тыңдаулар 2024 жылғы маусымда өткен. Алайда оларға қанша адамның қатысқаны жөнінде нақты дерек көрсетілмеген.

(Файлды жүктеу сілтейтін сілтеме: жүктеу.)

Құрылыс құжаттарындағы сәйкеспейтін деректер және Qazaq Stroy компаниясының ізі

Сол сайтта түсіндірме жазба мен қоршаған ортаға әсері туралы құжат та бар. Екі құжат та былай аталады:

«Алматы қаласы, Медеу ауданы, Назарбаев даңғылы мен Қ. Сәтпаев көшесінің қиылысында келушілерге арналған апарт-қонақүйі бар кітапхана құрылысы». 

Алайда мәтіннің кем дегенде бір бөлігі басқа құжаттан көшіріліп алынғандай әсер қалдырады. Бұған мынадай сөйлемдер дәлел (өзгертілмей берілді):

«В целом проектируемые здания бизнес центра гармонично вписываются в окружающую среду. Заезд на территорию предусмотрен с трех сторон, с проспекта Сейфулина». 
Қазақша: «Жоспарланып отырған бизнес орталығының ғимараттары айналадағы ортаға үйлесімді етіп салынбақ. Нысан аумағына үш жағынан кіруге болады, оның ішінде Сейфуллин даңғылынан жол қарастырылған».

Бұл құжат қоғамдық тыңдауларға жеткенін ескерсек, оны қараған Экология министрлігі жанындағы Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы мұндай қателікке мән бермеген сыңайлы. Шынында да, айырмасы не? Кітапхана ма, бизнес-орталық па, Сәтпаев па, әлде Сейфуллин бе?

Қалай болғанда да, Qazaq Stroy құрылысты бастап кеткен. Бұл компания бұрыннан түрлі дау-дамайға іліккен, соңғы жылдары да бірнеше рет даулы жағдайға тап болған. Ең шулы оқиғалардың бірі — 2023 жылы Алматыда бірнеше мың ағашты кесіп тастағаны еді. Сол жерде құрылыс компаниясы саябақ саламыз деп уәде берген еді.

Алайда Qazaq Stroy тек дауларымен ғана емес, иелерімен де жұртқа қызық. БАҚ-та компания иесі ретінде миллиардер Нұрлан Артықбаев аталады. Ол – 2025 жылғы Forbes Kazakhstan тізімінде №44 орында. Бірақ Kompra.kz деректеріне сүйенсек, ол ешқашан Qazaq Stroy-дың ресми құрылтайшысы болмаған. Есесіне, 2018 жылдан бастап компанияның құрылтайшысы ретінде оның жұбайы Надежда Артықбаева көрсетілген. Ол сондай-ақ күйеуіне тиесілі деп саналатын Exclusive Qurylys компаниясының да құрылтайшысы. Ал Нұрлан Артықбаевтың өзі 2025 жылға қарай бұрын өзіне тиесілі болған Qazaq Kalium Ltd компаниясының құрылтайшылары қатарында да жоқ. Бірақ бұл – кішігірім ғана «шегініс».

Енді қайтадан Qazaq Stroy-ға оралсақ. Бұл ЖШС-тің екінші құрылтайшысы әрі алғашқы басшысы ретінде 2017 жылдан бері Дмитрий Ли тіркелген.

Qazaq Stroy-дан бөлек, ол тағы үш компанияның басшысы ретінде көрсетілген: «Lead Company» ЖШС, «Acd Consulting Group» ЖШС және «Еуразия строй LLP» ЖШС. Әсіресе соңғысы қызық. Өйткені оның құрылтайшысы ретінде Noord Holland Trading Company B.V. көрсетілген.

Бұл компания туралы біз жақында ғана жаздық. Қонаевтағы жер телімдеріне қатысты, депутат Бақытжан Базарбекке жолданған ресми жауапта аталатын компания дәл осы еді. Noord Holland Trading Company B.V. – Нидерландыда тіркелген, оны олигарх Владимир Киммен және Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады. Осындай қырынан қарағанда, «Presidential Library» атауы мүлде басқа мағынаға ие бола бастайды. Әсіресе ол Назарбаев даңғылы бойындағы мекенжайда орналасқанын ескерсек.

P. S. 2023 жылы Бас әскери прокуратура бұрынғы әскери емхана аумағындағы жердің мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлаған. Кейбір БАҚ ол жерді Назарбаев пен Сәтпаев көшелерінің қиылысындағы телім деп көрсеткен. Бірақ прокуратура атаған жер учаскесі шын мәнінде Іле Алатауының баурайында орналасқан. Бұл туралы Orda.kz бірнеше жыл бұрын егжей-тегжейіне дейін жазған болатын.

Автор: Игорь Улитин

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар