Наурызда қазақстандықтар 2900-ге жуық алтын құйма сатып алды

cover

Қазақстандықтар 2021 жылғы наурызда екінші деңгейдегі банктерден және жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 48,2 кг 2 898 алтын құйма сатып алды.

Ұлттық Банк 2017 жылы тазартылған алтынның өлшемді құймаларын халыққа сату және сатып алу бағдарламасын іске қосты. Содан бері жалпы салмағы 1,79 тонна болатын 50,2 мың алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм.

— Сатып алушылар арасында ең көп қолданыста 10 грамм құймалар. Олардың жалпы сатылым үлесі 30% - 15 184 дана. Одан кейінгісі 20 граммдық құйма – 10 976 дана (22%) , 100 граммдық - 10 964 дана (22%), 5 граммдық – 7 305 дана (15%), 50 граммдық - 5 771 дана (11%) сатылған. Негізінен өлшемді құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырауда сұранысқа ие, - деп хабарлады Ұлттық Банк.

Бағдарлама басталғаннан бері жалпы салмағы 3,75 кг 141 өлшемді құйма кері сатып алынды.

Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен (құймалардың айналы беті, микротекст және бедерлі қыр) және механикалық зақымданудан қорғайтын ораманың ашылғанын немесе ашылмағанын тексеруді жеңілдететін арнайы орамда шығарылады. Қорғаныс қаптамасы да сапа сертификатына жатады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар