Нұрлан Ермекбаев: оқ-дәрі қоймасындағы тротил Арыстан әкелінген жоқ

cover

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысындағы оқ-дәрі қоймасында сақталған тротил Арыстан әкелінбегенін мәлімдеді.

Қорғаныс министрлігі басшысының айтуынша, қоймада Арыстан жеткізілген оқ-дәрі сақталған. Бірақ оның жалпы саны Жамбыл облысындағы жарылыс болған әскери қоймада сақталған оқ-дәрінің үштен бірін ғана құрайды.

— Арыстан әкелген қарулар жарылыстың шығуына себеп болмаған. Өрт тротил сақталған қоймадан басталған. Тротил Арыстан әкелінген жоқ, - деді Ермекбаев журналистермен кездесуінде.

Сонымен қатар ол басқа өңірлерде осындай төтенше жағдайларды болдырмас үшін барлық шара қолға алынып жатқанын, қаза тапқандардың отбасына әлеуметтік көмек көрсетілетінін мәлімдеді.  

— Президенттің тапсырмасына сәйкес олардың отбасына, бала-шағасына жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Қарулы күштер тарапынан, қорғаныс министрлігі тарапынан көмек көрсетілуде. Әр отбасы бойынша нақты есептеулер бар. Ол шамамен 20 миллион теңге қаржылай көмек. Бұдан бөлек тұрғын үй мәселесі де шешіледі, - деді ол.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы трагедияға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар