Мұрат Адамның қорғаушылары судьяға сенімсіздік білдіріп, оны істі қараудан шеттетуді талап етті

cover Фото: Facebook/ Murat Adam

Алматыдағы Бостандық аудандық сотында адвокат Мұрат Адамды лицензиясынан айыру ісі бойынша өткен отырыста қорғау тарабы судья Дәурен Тілеубаевқа қарсылық білдіріп, оны істі қараудан шеттетуді сұрады, деп хабарлайды Orda.kz.

Сот залына Мұрат Адаммен бірге оны қолдауға 28 адвокат келді. Бүгінгі отырыста қорғау тарабы БАҚ өкілдерінің қатысуына және фото‑бейнежазба жасауға рұқсат беру мәселесін қайта көтерді. Адвокат Анар Құсайынова іс жүзінде процестің жабық режимде өтіп жатқанын тағы бір мәрте атап өтті.

«Орын жеткілікті болғанына қарамастан, сот залынан алдымен бір журналисті, кейін екінші тыңдаушыны шығарып жіберді. Шынымды айтсам, бұл нағыз ұят жағдай. Сот залында отыру маған өте ыңғайсыз болды», – деді Анар Құсайынова.

Судья Дәурен Тілеубаев осыған қатысты бұл мәселе осы жерде аяқталуы тиіс екенін, ешкімнің, әсіресе БАҚ өкілдерінің құқығы бұзылып отырмағанын мәлімдеді.

Кешегі сот отырысында да ұсынылған өтінішхаттардың ашық қалдырылғаны айтылды. Бүгін қорғау тарабы оларды қайта көтерді. Құсайынованың пікірінше, Мұрат Адамды лицензиясынан айыру талпынысы Гүлнәр Бажкенованың ісіне тікелей қатысты.

«Мұрат Адамды лицензиясынан айыру әрекеті басқа іс аясында емес, дәл осы қылмыстық істе Гүлнәр Бажкенованы қорғауына қатысты. Сондықтан Бажкенованы іске тартып, одан жауап алу маңызды», – деді Анар Құсайынова.

Сот бұл өтінішті ашық қалдырып, нақты шешім қабылдаған жоқ. Сонымен қатар қорғау тарабынан тағы бірнеше талап арыз ұсынылды:

  • «Қадыр Қасиет» қоғамдық бірлестігінің қорытындысын іс материалдарына тіркеу және олардың маман ретінде қатысуы. Судья бұл ұйым туралы алғаш естіп тұрғанын айтып, өтінішті қанағаттандырмады.
  • Гүлнәр Бажкенованы қорғау аясындағы қылмыстық іске байланысты тінту хаттамалары мен бейнежазбаларды қарау.
Мұрат Адам полициядан Бажкенованың үйі мен Orda редакциясында жүргізілген тінту хаттамаларын, бейнежазбаларды және Бажкенованың 1 желтоқсандағы оқиғаларға қатысты түсініктемесін талап етуді сұрады.

Бажкенова өз түсініктемесінде сол күні таңғы сағат тоғыздан бастап тінтуге адвокаттың қатысуын талап еткенін, бұл сәттер бейнежазбаға түскенін және қорғаушыны редакцияға да, үйіне де кіргізбегенін көрсеткен. Судья Тілеубаев іс сотқа дейінгі тергеу сатысында болғандықтан, бұл материалдарды іске қосудан бас тартты.

Тәртіптік актіде адвокат Мұрат Адамның сағат 12:00-де Гүлнәр Бажкенованың үйінде, ал 12:50-де Orda редакциясында болғаны, бірақ қорғаушы ретінде қатысатыны туралы хабарламаны алдын ала ұсынбағаны жазылған.

Алайда қорғау тарабы бұл уәжбен келіспейді:

  • 1 желтоқсанда таңғы сағат 10:00 шамасында Мұрат Адам жаңа адвокаттық куәлігін алу үшін Алматы адвокаттар алқасына барған. Дәл сол жерде Orda кеңсесінде тінту жүріп жатқанын естіп, дереу хабарламаны басып шығарған.
  • Сағат 10:18-де редакцияға жеткен, бірақ құжаты бола тұра оны ішке кіргізбеген.
  • Сағат 10:50-де Бажкенованың үйіне келгенде тінту аяқталған, бірақ 11:00-ден 14:30-ға дейін қорғауындағы адаммен кездесуге рұқсат берілмеген.
Қорғаушы тарап Мұрат Адамның хабарламаны дер кезінде рәсімдегенін дәлелдейтін бейнежазбаларды іс материалдарына тіркеуді сұрады. Судья Тілеубаев бұл дәлелдерді қабылдауға рұқсат берді.

Ішкі істер министрлігі өкілінің әрекеті де ерекше назар аудартты. Ол адвокат Мұрат Адамның жабық қылмыстық іс аясында берген шағымы бойынша шығарылған тергеу сотының қаулысын прокурордың рұқсатынсыз іске тіркемек болды.

«Ішкі істер министрлігінің өкілі белгіленген тәртіпті өзі бұзған болып шықты. Сондықтан әріптестеріміз сотқа: «Онда бұл қаулыны бізге де көрсетіңіздер» деген талап қойды. Өйткені тараптар алдымен құжатпен танысып, содан кейін ғана өз пікірін білдіруі тиіс. Алайда судья бұл өтінішхатты кері қайтарып, қаулыны іс материалдарына тіркемеді. Осылайша ол Ішкі істер министрлігінің қызметкерін жауапкершіліктен сақтап қалды. Себебі Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабына сәйкес, қылмыстық іс материалдары тергеу құпиясына жатады және оларды тек прокурордың рұқсатымен ғана пайдалануға болады», – деді адвокат Анар Құсайынова Orda журналисіне берген сұхбатында.

Сот отырысының соңында Мұрат Адамның қорғаушылары судья Тілеубаевқа сенімсіздік білдіріп, қарсылық танытты, алайда ол қанағаттандырылған жоқ.

Судья дайындық кезеңін аяқтап, негізгі сот талқылауын 14 қаңтар сағат 10:00-ге тағайындады.

Соттан шыққан соң Мұрат Адам процестің тым асығыс жүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, шешім алдын ала қабылданып қойған сияқты. Адвокат бұл әрекеттердің бәрі Orda.kz негізін қалаушы Гүлнәр Бажкенованы білікті қорғаныс көмегінен айыру үшін жасалып жатқанын алға тартты.





Жаңалықтар

барлық жаңалықтар