«Мумия» деп мазақтап, ұрған: Алматыдағы түзету орталығы даудың ортасында қалды

cover Коллаж: Orda.kz

Алматыда ерекше балаларға арналған «Феникс» жекеменшік орталығына қатысты шу күшейіп барады. Бірнеше ата-ана  жаттықтырушылар тәрбиеленушілерге күш көрсетілгенін айтып, құқық қорғау органдарына жүгінген.  Orda.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтады.

Мәселе қоғам назарына блогер Перизат жариялаған жазбадан кейін ілікті. Оның айтуынша, ата-аналар орталықтағы бейнежазбаларды көріп, балаларға дөрекі қарым-қатынас жасалғанын байқаған. Кей кадрларда жаттықтырушының балаларды итеріп, ұрып-соққаны байқалады.

«Сабақ басталған сәттен бастап тиісіп, әдейі құлатқан. Жүгіру жолағында қайта-қайта сүріндіріп, аяғынан ұрған. Басынан да соққы болды», — дейді жәбір көрген баланың анасы Бақыт.

Ата-аналардың сөзінше, бұл орталыққа баратын балалардың көбі сөйлемейді немесе өз ойын толық жеткізе алмайды. Сондықтан олар бастан өткерген жағдайды өздері айтып бере алмайды. Көпшілігі болған жайтты тек мінез-құлқындағы өзгерістер арқылы білдіреді.

Перизаттың айтуынша, көрсетілген бейнежазбаларды көрген кей әкелер көз жасына ерік берген.

«Тіпті полицейлердің өзі орнынан тұрып кеткен, мұндай қатыгездікті көру ауыр болды», — дейді Перизат.

Сөздерінше, видеоларда балаларды жерге жығып, басымен еденге ұрған сәттер бар. Бейнекадрларды олар өз көздерімен көргенін айтады. Алайда түсіруге рұқсат берілмеген. Қатты дискіні полиция тәркілеп әкетті.

Сондықтан ата-аналар шындықты бейнебақылау жазбалары арқылы ғана білгенін айтады. Алайда кейбір видеолар толық көрсетілмеген көрінеді.

Мамандардың біліктілігі де күмән тудырады. Кей ата-аналар орталықтағы жаттықтырушылардың арнайы педагогикалық немесе дефектологиялық білімі жоқ екені белгілі болды. Қысқа курстан ғана өтіп, сертификатпен ерекше балалармен жұмыс істеуге рұқсат берілгені туралы да сөз бар.

Сондай-ақ ата-аналардың айтуынша, жаттықтырушы балалардың қатысуымен TikTok-та тікелей эфир өткізген. Бұның бәрі ата-аналардың келісімінсіз жасалған. Әлеуметтік желідегі жазбаларда оның кейбір тәрбиеленушілерді мазақ етіп, «мумия» деп келемеждегені де белгілі болды.


Қоғамдық резонанстан кейін жаттықтырушы парақшасын жауып тастады.

Редакция «Феникс» түзету орталығымен байланысып, ресми түсініктеме алуға тырысты. Алайда жарияланым дайындалып жатқан сәтте орталық тарапынан жауап болмады. Жанжалдан кейін орталықтың Instagram желісіндегі ресми парақшаларын жауып тастады. Қазір олардың аккаунттары көпшілікке қолжетімсіз.

Ресми органдар не дейді?

Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бұл жағдай бақылауға алынғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мекемеде тексеріс жүріп жатыр, жиналған материалдар құқық қорғау органдарына берілген.


Ал Алматы қалалық полиция департаменті қылмыстық іс тіркелгенін растады. Тергеушілер бейнебақылау жазбаларын қарап, ата-аналар мен қызметкерлерден жауап алып жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Іс департамент басшылығының ерекше бақылауында.

Еске сала кетейік, Қазақстанда аутизммен ауыратын балалардың саны артып келеді. Халықаралық деректерге сүйенсек, әрбір 36-шы бала осындай ерекшелікпен дүниеге келеді. Көптеген ата-аналар баласының көзге тік қарамайтынын, атын атап шақырғанда жауап бермегенін немесе сөйлемегенін байқап, алаңдай бастайды.

Алайда диагнозды кеш қою мен үнемі қолдаудың жоқтығы талайды тығырыққа тіреп келеді.  Orda.kz еліміздегі инклюзия жүйесі жайлы және ерекше баласы бар ата-аналардың күнделікті көретін азабы жайлы саралап көрді.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар