Мұхамеджан Тазабек: Атамның қамшысы бар еді, кемпірін сабайтын деген заман өтіп кетті

cover Фото: Orda.kz

Orda.kz редакциясы YouTube арнасының кезекті қонағы – айтыскер ақын, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабек. Сұхбат барысында ол қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас екенін атап өтті. 

Психология, шекара және қазақы сана: Бізге келген білім неге «жат» көрінеді?

Ақынның айтуынша қазіргі қоғамда психология тақырыбы бұрын-соңды болмаған деңгейде талқыланып жатыр. Әсіресе «жеке шекара» мәселесі – ең көп айтылатын ұғымдардың бірі. Бірақ бұл түсініктердің басым бөлігі қайдан келді? Жауап анық: біз қолданатын психологиялық білімдердің көбі Батыста пайда болған, сол жерде дамыған және сол қоғамға бейімделген.

«Мәселе – сол білімнің бізге қалай жетіп жатқанында. Қазақстанға келгенде бұл ілімдер көбіне қатайып, кейде тіпті жансыз күйде қабылданады. Яғни, форма бар, бірақ мазмұн бізге толық сәйкес келе бермейді. Ал біз сияқты өмірлік тәжірибесі бар, ауылдың тәрбиесін көрген, үлкендердің жанында өскен адамдар бұл білімді сол күйінде қабылдай алмайды. Біз оны міндетті түрде өзіміздің таным-түсінікке бейімдейміз. Қазақы санаға салып, қайта сүзгіден өткіземіз», - деді Мұхамеджан Тазабек.

Айтыскерді миллиондаған адам тыңдайды. Себебі психологияны құр теория ретінде емес, қазақтың өмірлік тәжірибесімен байланыстырып жеткізеді. Яғни, батыстық тілден қазақы түсінікке «аударып» береді.

«Мысалы, жиі айтылатын «жеке шекара» ұғымын алайық. Бұл түсінікті қазақ қоғамына сол күйінде көшіру қиын. Өйткені біздің тарихи тәжірибеміз мүлде басқа. Қазақ халқы ғасырлар бойы жаугершілік жағдайда өмір сүрді. «Аттан!» деген ұранмен көшіп-қонып, үнемі қауіп жағдайында болған. Осындай өмір салты адамдардың психологиясына тікелей әсер етті. Соғыс жағдайында ер мен әйелдің қарым-қатынасы да өзгеше қалыптасады. Ер адам жорықта, әйел үйде қалады. Екеуі де бір-біріне талап қоймайды, тек амандығын тілейді. «Тірі болса болды» деген түсінік бірінші орынға шығады», - дейді ақын.

Ақынның айтуынша бұл – соғыс режиміндегі психология. Және ол біздің қоғамда өте ұзақ уақыт сақталды.

«Ал бейбіт заман келгенде жағдай өзгереді. Қалаға шығатын, саябақта серуендейтін, бірге уақыт өткізетін кезең басталады. Осы кезде адамдардың бір-біріне деген талабы да күшейеді. Қарым-қатынасқа жаңа талаптар қойыла бастайды. Бірақ мәселе мынада: біздің санамыз бұл өзгеріске бірден дайын болмады. Өйткені біздің табиғатымызда бір-бірімізден көп нәрсе талап ету емес, керісінше түсіністікпен қарау басым болды», - деді Тазабек.

Мұхамеджанның айтуынша қоғамда «көп күтпе, көп талап етпе» деген ұстаным қалыптасты. Бұл – тарихи тәжірибеден туған мінез. Тарихи деректерге қарасақ, әйелдердің күйеуінен таяқ жеуі де кей кезеңдерде қалыпты жағдай ретінде қабылданған. Тіпті кейде аналардың өзі күйеуін ақтап отырған.

«Бұл жерде бір нәрсені нақты айту керек, бұл – дұрыс деген сөз емес. Керісінше, зорлық-зомбылық – қабылданбайтын құбылыс. Бірақ біз айтып отырған – тарихи факт. Бұрын ер адамдар айлап, тіпті жылдап жорықта жүрген. Үйіне анда-санда ғана хабар беретін. Осындай жағдайда отбасы ішіндегі қарым-қатынас та бүгінгіден мүлде бөлек болды. Сол кезеңдегі түсініктер, сол қалыптасқан модельдер бүгінгі күнге дейін белгілі бір деңгейде сақталып қалған. Сондықтан қазіргі кейбір жігіттердің абьюзерлік мінез көрсетуі – өздерін солай санамаса да, тарихи сананың әсері», - деді айтыскер. 

Бұл – жеке адамның ғана мәселесі емес. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа өткен психологиялық модель.

«Сол себепті батыстық психологияны сол күйінде қабылдау жеткіліксіз. Оны қазақ қоғамының тарихи тәжірибесімен, мәдениетімен, тұрмысымен байланыстыра отырып түсіндіру қажет. Әйтпесе, ол білім бізге «жат», «қатқыл» және «жансыз» болып қала береді», - деді Мұхамеджан.

«Жауапкершілік енді еркекте»: Қоғам, нәпсі және өзін ұстау туралы әңгіме

Технология дамыған заманда адамдардың қарым-қатынасы да түбегейлі өзгерді. Бұрынғыдай арада уақыт, қашықтық деген жоқ – қазір WhatsApp арқылы адамдар секунд сайын, минут сайын байланыста отырады. Бұл да қоғамның психологиясына әсер етпей қоймайды.

«Сондықтан бүгінгі күні «баяғыда бәрі басқаша еді» деген әңгімені қайта-қайта айта берудің мәні аз. «Атам қамшымен тәрбиеледі», «қатаң заман еді» деген кезең өтті. Қазіргі шындық басқа, талап та басқа. Мысалы, кейбір жігіттер «қыздар ашық киінеді, бізге қиын» деген уәж айтады. Бірақ бұл – жауапкершілікті сыртқа ысыра салу. Егер сен бала кезіңнен өзіңді тәрбиелемесең, көзіңді, нәпсіңді бақылауды үйренбесең – бұл басқа адамның емес, сенің мәселең», - деді ақын.

Сонда не, біреу ашық киінді екен деп, бүкіл қоғам соған бейімделуі керек пе?

«Жоқ. Әр адам өз өмірін сүреді. Ал ер адамға қойылатын талап – өзін ұстай білу. Қазір еркектер үшін жауапкершілік кезеңі келді. Біреудің әрекеті сенің әлсіздігіңе сылтау болмауы керек. Біреу ажырасқан, біреу қиын жағдайда қалған, біреу жалғыз – бұл сенің шекарадан өтуіңе себеп емес. Адам өзін ұстауы керек. Бұл – базалық талап», - дейді айтыскер Мұхамеджан Тазабек. 

Ақын тарихтағы мысалдарды келтірді. Мәселен, Жүсіп пайғамбар туралы оқиға белгілі. Оның сұлулығына әйелдер қызығып, тіпті өздерін ұстай алмай қалған жағдайлар айтылады. Бірақ сол үшін ешкім пайғамбарды кінәлаған жоқ. «Сен кінәлісің, сен себеп болдың» деген жоқ.

«Керісінше, оның тақуалығы, өзін ұстай білуі үлгі ретінде көрсетілді. Құранда да Алла Тағала оны жамандықтан қорғап қалғаны айтылады. Яғни, басты мәселе – сыртқы факторда емес, адамның ішкі ұстанымында. Сондықтан бүгінгі қоғамда біз дұрыс бағытқа өзгеруіміз керек. Адамдық сапаны күшейтуіміз керек. Бұл – ең алдымен жастарға айтылатын сөз. Өкінішке қарай, қазіргі заманда ауыр қылмыс көбейіп барады. Педофилия, зорлық-зомбылық фактілері жиілеп кетті. Ең қорқыныштысы – мұндай қылмыстар тек ересек адамдарға емес, кішкентай балаларға қарсы да жасалып жатыр. Тіпті өз туған қыздарына қол көтерген жағдайлар да кездеседі», - деді Мұхамеджан Тазабек.

Белгілі ақын бұл жағдайға ешқандай ақтау жоқ екенін ешқандай себеп жоқ екенін айтты. Ешқашан күнәні ақтауға болмайтынын, ешқашан арсыздықты «жағдайға байланысты» деп түсіндіруге болмайды. Қандай заман болса да, адам өз нәпсісіне ие болуы керек екенін мәлімдеді.

Толығырақ сілтеме арқылы өтіп, ютуб арнамыздан көре аласыздар.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар