«Өмірім аяқталған сияқты болды». Аймағамбетов түлектерге жазба арнады

cover

Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп бітіруші түлектермен өз тәжірибесімен бөлісті. Түлектерге ақыл-кеңесін ол өз facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды Orda.kz.

– Бұл оқу жылы бүкіл әлемдегі оқушылар мен студенттер үшін оңай болған жоқ. Әлемдік білім беру жүйесі пандемия сынды үлкен сынақтан өтті. Біз мұғалімдермен бірлесе отырып білім беру жүйесіне жаңа дем беріп, оларға барынша қажетті жағдай жасауға тырыстық. Сіздер оқуларыңызды аяқтап жатырсыздар. Кейбір түлектер жоғары оқу орындарына немесе колледждерге түссе, енді біреулері жұмыс істейді. Қалай болса да, алдағы уақытта сіздерді жаңа мүмкіндіктер мен жаңа өмір белестері күтіп тұр. Мектеп бітіріп жатқан кезім әлі есімде. Үлкен өмірге қадам басар алдындағы қорқыныш, уайым, күдік, жоспарлар мен болашаққа деген үміт, - делінген жазбаның соңы тәжірибе бөлісумен аяқталған.

БҒМ министрі Аймағамбетов өз тәжірибесін үш сатыға бөліп талдаған.

Бірінші

- Ешқашан қиындықтарға мойымаңыздар. Көздеген мақсатыңа жету жолында әлдебіреудің айтқанына ермей, тура жолдан таймау керек. Басымнан өткен бір оқиғаны айтып берейін. Диплом алғаннан кейін екі апта өткен соң мәслихат депутаттығына сайлау өтетіндігі туралы хабарландыруды көзім шалып қалды. Достарыммен ақылдасып, сайлауға қатысуға бел будым.

Қолында өтініші бар 21 жастағы жігітті көрген сайлау комиссиясындағы мамандар маған күле қарады. Қарсыластарымның да маған деген көзқарасы сондай болды. Сайлаушылармен алғашқы кездесулерім де есімде. Жас баланың депутаттыққа үміткер екенін көргенде сайлаушыларымның жартысынан көбі теріс айналған болатын.

Штабымнан басқа ешкім менің жеңіске жететініме сенбей, бәрі бұл мүмкін емес деумен болды. Кәсіпкерлер, жетекшілер және танымал қайраткерлерден тұратын 11 қарсыласым болса да, еңбек және жеңіске деген сенім арқылы кешегі студент, қарапайым жігіт осы сайлауда жеңіске жетті. Ал 4 жылдан кейін қайта сайландым.

Шын мәнінде бұл сайлаудан ұтқаным көп болды. Сайлаушылардың сеніміне ие болып, өз күшіме деген сенімім де нығая түсті. Сондықтан адам баласы өз күші мен арманына сенуі керек. Құласаң да қайта тұрып, алға ұмтылуға тырысу керек. Естеріңізде болсын, тағдыр мақсаты айқын және алған бетінен қайтпайтын адамдарды жақсы көреді.

Екінші

- Қателесуден қорықпау керек. Қателік жасалса, өмір сонымен аяқталмайды. Барлық адам қателеседі. Ең бастысы - өз қателігімізді уақтылы түсініп, түзетуге тырысуымыз әлдеқайда маңызды. Барынша күш-жігерімізді салып, алған беттен қайтпағанымыз абзал. Міне, бұл болашақта табысқа қол жеткізетін адамға тән қасиет. Мектепті бітіргеннен кейін мен бірден грантқа түсе алмадым.

Жалпы жақсы балл жинағаныма қарамастан, бейіндік пән бойынша аз балл алғандықтан, грант жеңіп ала алмадым. Сол кезде бұл жағдайды өмірімдегі үлкен қателік деп санадым, өмірім аяқталған сияқты болды. Бірақ кейін бұл жағдайға деген көзқарасым өзгеріп, оны өмірімдегі кезекті сынақ деп қабылдадым.

Тағы бір жыл дайындалып, ҰБТ-ны қайта тапсырдым. Жақсы балл жинап, грантты жеңіп алдым. Бұл оқиға маған көп нәрсені үйреткен өмірлік сабақ болғанын жете түсіндім. Өз күшіңізге деген сенім мен қателіктерге мойымай, аяққа қайта тұру - адам баласы үшін өте маңызды деп білемін.

Үшінші

- Басқаларға қарағанда ерекше болудан ұялмаңыздар. Ең бастысы өзіңізге адал болыңыз. Басқа адамдармен араласып, дос болыңыздар. Ата-аналарыңа қамқор болып, бауырларыңызбен байланысты ешқашан жоғалтпаңыздар. Кейін, мүмкін 30 жасқа келгенде, ата-ананың берген ақыл-кеңестері орынды екенін түсіне бастайсыздар. Бойларыңызда жаңа әдеттер қалыптастырыңдар! Денсаулықтарыңды нығайтыңдар! Бүкіл әлем қарсы болса да, қайсарлық танытып, алған бағыттан қайтпаған жөн.

Министр түлектермен қай университетті таңдау керектігі туралы да ақпаратпен бөлісті.

- Қазір «қай университетті таңдасам екен» деп ойланып жүрген боларсыздар. Әрине, бұл өте маңызды мәселе. Енді әрбір жоғары оқу орны түлектеріне мемлекеттік емес, өзіндік үлгідегі диплом береді. Келесі жылдан бастап дипломның ғана болуы жеткіліксіз, сонымен бірге нақты білім мен дағдылардың болуын дәлелдеу қажет болмақ. Тіпті оны сертификатпен растау керек болады. Сондықтан мықты оқу орнын таңдап, болашаққа зор сеніммен қадам басуға шақырамын. Оқу құнының арзандығы, сабақты босату, емтихан тапсырмай-ақ оқуды аяқтау сынды «мүмкіндіктерге» қызықпаңыздар.

Бұл жақсылыққа алып келмейтін әрекет деп есептеймін. Сол себепті ЖОО таңдаған кезде университеттің беделіне, оқу орнына қатысты жұмыс берушілердің пікіріне, халықаралық аккредиттеудің болуына, тарихына мән бергендеріңіз абзал. «Өмір атты белесте тек бір рет қана білім алу жеткілікті» деген ескі қағида өз күшін жоғалтты. Табысқа жету үшін біз өмір бойы оқуымыз қажет. Күн сайын жаңа технологиялар пайда болып жатыр. Өміріміздегі жаңа трендтер - бұл үздіксіз оқу ұғымымен пара-пар.

Сондай-ақ білім министрі ретінде мықты түлектерді педагог мамандығын таңдауға шақырамын. Өйткені, білім сапасы, елдің болашағы жоғары оқу орындарын аяқтап шығатын мұғалімдерге тікелей байланысты. Бұл үлкен дәрежеге ие және өте құрметті мамандық. Мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру үшін Президенттің тапсырмасы бойынша біз педагогтердің жалақысын белсенді түрде көтеріп жатырмыз. Шамадан тыс есептілікті алып тастадық. Бүгіегі күні болашақ педагогтердің стипендиясы ең жоғары стипендия, бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасады

Құрметті жас түлек! Алға қойған мақсаттарыңызға жетіңіздер. Батыл болыңыздар. Бәрі өз қолдарыңызда екенін естеріңізде сақтап жүріңіздер. Сөз соңында айтарым: өздеріңді шектемей, кең әрі ауқымды ойлауға тырысыңдар. Сонда ғана толағай табыстарға жетесіздер! Өмірлеріңіздегі жаңа кезең құтты болсын, достар! Болашақта жаңа жетістіктерге жете беріңдер!, - делінген Аймағамбетов жазбасында.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар