«Мемлекет мүддесін қорғадық»: Қорғас ісі бойынша сотталғандар ақтауды талап етті

cover Фото: Orda.kz

2018 жылы ақпанда Алматы облысындағы «Алтынкөл» кеден бекетінде болған оқиға даулы қылмыстық істің басталуына түрткі болды. Бұл іс бойынша 17 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алматы қаласында 11 тамыз күні дәл осы қылмыстық топтың ішінде болған Мұхтар Дудуев пен Дәурен Кәрім баспасөз мәслихатын жасап өз шындықтарын айтты. 5 жыл абақтыда отырған айыпталушылардың айтуынша оларға жала жабылған. Orda.kz тілшісі баспасөз мәслихатына қатысып қайтты.

Ресми нұсқаға қарасақ, бұл сыбайлас жемқорлықпен күрес. Алайда оқиғаға қатысқандардың көбі шын мәнінде оларды «Қазақстан Республикасы мүддесінен бөлек бөтен мүдделердің жолына тұрғаны үшін жазалады» деп есептейді.

2017 жылы дәл осы адамдар кеден операциялары арқылы бюджет кірісін 300 млрд теңгеден астамға арттыра алды. Бұл – заңсыз схемаларды жабудың нәтижесі еді. Өздерінің айтуынша, олар осы әрекеті үшін жазаға тартылды.

Бүгінде, 2022 жылы қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін, жүк рәсімдеу арқылы бюджетке түсетін пайда екі есе өсіп, жылына 4 трлн теңгеге жетті. Олардың сөзінше бұл – шын мәнінде «Алтынкөл ісінің» қатысушылары  көздеген мақсат.

«Мені заңгер ретіндегі кәсіби қызметім үшін соттады. Мен бұл іске Дудуевке кеңес бергеннен кейін іліндім. Ол Искаков пен Рахимов өзінен 100 мың доллар пара талап еткенін айтып, маған жүгінді. Мен бас тартуға кеңес бердім. Өйткені бұл арандату болуы мүмкін деп ойладым. Кейін дәл осы әңгіме мені қылмыстық іске тартуға негіз болды. Ал менің ақтығымды дәлелдейтін материалдар жоғалған соң, мені «Дудуевті қорғамақ болды» деп айыптады. Мен қаржы полициясынан 2011 жылы-ақ кеткенмін. Себебі «Қорғас» ісіндегі тергеу әдістерімен келіспедім. Дау күшейту үшін бәрімізді «ұйымдасқан қылмыстық топ» деп біріктірді. Ал Дудуев пен басқалар 2017 жылы бюджетке 300 млрд теңге қосып, мемлекеттің мүддесін сыбайлас жемқорлардан жоғары қойды. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бұл сөзді растайды: 2022 жылғы салықтан келген пайда – 3,5 трлн, 2023 жылы – 4,1 трлн, 2024 жылы – 4 трлн, ал 2025 жылдың алғашқы жартысында – 2 трлн теңге болды. Бізді қудалағандар – Қожамжаров, Татубаев, сондай-ақ бұрынғы ҰҚҚ қызметкерлері Искаков пен Рахимов. Олар біреудің жеке мүддесін қорғады», – деді Дәурен Кәрім.


Мұхтар Дудуевтің айтуынша оны отбасымен қорқытып, пара беруге мәжбүрлеген. 

«2018 жылы мені «Алтынкөл» кеден бекетінде ҰҚТ құрды деп айыптап ұстады. 17 адамның 15-і – жай кеден қызметкерлері, тек екеуі – азаматтық тұлғалар еді. Арандатулар тұтқындаудан алты ай бұрын басталды. ҰҚҚ қызметкері Аслан Рахимов ай сайын «тыныш жұмыс үшін» 100 мың доллар сұрады. Мен бас тарттым, себебі адал жұмыс істеп жүрмін деп сендім. Біз бюджет пайдасын 300 млрд теңгеге өсірдік. Мақсатымыз осы еді. Қазір бюджетке 4 трлн теңгеге жуық түседі, ал 2016 жылы 1,3 трлн болған. Демек, біреу бұрын жыл сайын 2 трлн-нан астам қаржыны өзіне алып отырған. Дәлелдер таппаған соң, мені «діни экстремизм» бабы бойынша ұлым мен әйелімді қудалаймыз деп қорқытып, 100 мың доллар төлеуге мәжбүрледі. Бейнетаспада бұл ақшаны олардың талабымен бергенімді айттым. Бірақ сол сөзімді қиып тастады. Мен ешқашан өзім пара ұсынған емеспін. Бірақ оны мен бергендей көрсетті. Қылмысқа арандату – бұл да қылмыс, бірақ ол кезде мен мұны білмедім», – деді Мұхтар Дудуев. 

Бүгінде «Алтынкөл ісіне» қатысқан көптеген тұлғалардың өздері сотталды. Руслан Искаков пен оның әріптесі Рахимов 2022 жылғы қаңтар оқиғаларын ұйымдастырғаны үшін сотталды. Сол оқиғалар үшін ҰҚК басшылары да жауапқа тартылды. Барлық үкімдерді сот бекітті.

Сотталғандардың айтуынша, олар жемқорлық схемаларды жапса, қарсыластары жеке мүдделерді қорғаған.

Дегенмен «бұл оқиғаларда аты жиі аталған Қайрат Қожамжаровтың іс-әрекетіне әлі күнге дейін құқықтық баға берілмеді?» деген орынды сұрақ туады.

«Мемлекеттік мүдде үшін күрес үкімге айналғанда — бұл жай ғана жемқорлық емес. Бұл – сатқындық», — деді белсенді Жарқын Күреңтаев.

Белсенді Жарқын Күрентаев «Қорғас-2» немесе «Алтынкөл» (2018 ж.) ісі бойынша биліктің нені жасыратынын тізіп айтып берді.

Олар әлдекімдердің қалтасын қампайтпай, адал қызмет істеп мемлекеттің мүддесін қорғағандарын айтты. Ақыры 17 адам қылмыстық топқа қатысы бар деген айыппен сотталды. Шын мәнінде олар жемқорлық ағындарына тосқауыл қойып, заңсыз схемаларға кедергі келтіріп, мемлекеттік бюджетке түсетін пайданы қамтамасыз етті. Олардың сол туралығын «қылмысқа» айналдырды деп отыр. 

Orda.kz редакциясы осы оқиғаны бақылап, алдағы уақытта ақпарат таратып отырады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар