«Масаң күйде көлік басқарды»: Ақтөбелік шенеунік демалысын қамауға өткізеді

cover Фото: gov.kz

Сот Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық жер шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Исатаевты кінәлі деп таныды. Оған қатысты 15 тәулікке қамауға алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқынан айыру туралы қаулы шығарды. 

Іс Әйтеке би аудандық сотында 14 ақпан күні өтті. Лауазымды қызметкерге ӘҚБтК 608-бабы 1 бөлігімен айып тағылды.  «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруы»  бабы бойынша ашық сот отырысында қаралды. 

Іс материалына сүйенсек, лауазымды қызметкер 14 ақпан күні «HYUNDAI TUCSON» маркалы автокөлігін масаң күйде басқарған. Ол Әйтеке би аудандық ауруханасына қарама-қарсы жерде ұсталды. Сотта Исатаев көлік құралын басқарғанын мойындайды, алайда масаң күйде болғанын жоққа шығарады.

Айтуынша, 1-1,5 литр қымыз ішкен. Сотта медициналық куәландыру, бейнежазба, ұстау хаттамасы секілді құжаттар зерделенген. Судья әкімдік қызметкеріне әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарды. 

Исатаев ӘҚБтК 608-бабы 1 бөлігімен кінәлі деп танылды. Әкімшілік қамаққа алу мерзімі 2025 жылдың 14 ақпаны сағат 18:00 уақытымен есептелінген.

Әйтеке би аудандық әкімдігінің мәлеметіне сүйенсек, Исатаев 3 ақпан мен 4 наурыз аралығында еңбек демалысын алған.

Автор: Ардақ Ерубаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар